Қасиетті Рамазанға да санаулы күндер қалды! Осы айдың мұсылман қауымы үшін маңыздылығын және қалай өткізу керектігін аудан тұрғындарымен бөлісуді жөн көрдім.
Рамазан айы – береке айы. Ораза ұстауған адамның Аллаға бір табан жақындап, жамандықтан тыйылып, жақсылыққа ұмтылатын ай. Киелі айда ораза ұстау – исламдағы бес парыздың бірі. Оған Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті дәлел. Құранда Аллаһ Тағала: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді»-деді (Бақара сүресі 185)
Ораза арабтың «ас-саум» – «жаманнан алыстау, өз нәпсісін тыю» болса, парсы тілінде «ураза» – «күндік» деген мағына береді. Бұдан тәуліктің күндізгі уақытында ауыз бекіту екенін керектігін ұғамыз. Ораза ішіп жеуден тыйылып, азық-түлікті үнемдеу, я болмаса артық салмақтан арылуға қолайлы ай ғана емес. Уақытын дұрыс өткізе білген жанға бұл –таптырмас мүмкіндік. Адам баласын жақсылыққа шақырып, айналаға мейіріммен қарайды. Осы уақытқа дейін араздасып қалған жандармен татуласатын, ынтымақтастық пен бауырмалдыққа баулитын ай. Бұл айда әр пенде өз нәпсісімен күресіп, сабырлы болуды, жақсылық жасауды, көркем мінезді болуды үйренеді. Асқа деген құрметі мен шүкірі артып, ысырапшылдыққа жол бермейді. Себебі, жәй күндері адам баласы күнделікті өмірде нығмет пен ырыс-берекенің қадірін біле бермейді. Келіп жатқан нығметті оңды-солды шашып, тәтті тағамды да бей-берекетсіз жей беруі мүмкін. Ал күндізгі уақытында ораза ұстап, аш қалған адам, алдына қойылған бір жұтым судың қадірін түсінеді. Қасиетті Рамазан айы сауапты іс жинаудың үлкен мүмкіндігі. Ауыз ашар жасап, садақа беру арқылы жағдайы төмен жандарға көмек қылады. Біраз уақыт ашығып жүргеніне қарамай, көркем мінезде болып, айналадағы жандарға күлімдеп қарау арқылы, көмек қолын созу арқылы жүздеріне күлкі сыйлап, ақ баталарын алып, Хақ Тағаланың мейіріміне бөленеді. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) бір хадисінде: «Рамазан айы кіргенде жәннат есіктері ашылады. Тозақ есіктері жабылады. Шайтандарда шынжырмен байланып қамалады»-делінген.
Алла разылығы үшін ауыз бекіткен соң, бұл айды толықтай кұлшылықпен өткізе алмасақ та көзіміз бен құлағымызды, тілімізді ғайбат пен өсектен аулақ ұстап, қолдан келгенше білім алып, көбірек кітап оқыған абзалырақ. Осы күнге дейін ренжітіп, я болмаса араздасып қалған жақындардан кешірім сұрап, барынша қарым-қатынасты дұрыстап алған жөн. Жаратқан Жаббар иеміз баршамыздың шаңырағымызға береке, мол ризық берсін! Осы қасиетті айда жасаған құлшылығымыз бен тілеген дұға, ізгі тілектерімізді қабыл қылғандардан қылсын! Еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын! Әмин!
Жасұлан Бағытжанов
Атырау облыстық «деструктивті діни ағымдардан жапа
шеккендерге көмек көрсету орталығы «Шапағат» қоғамдық қорының теолог маманы