Елімізге есiмi кеңiнен танымал, қазақ тілін дамытуға зор үлес қосқан, филология саласында өзiндiк орны бар жерлесіміз, белгілі ғалым-академик, "Қазақ филологиясы" кафедрасының профессоры, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті "Мәдениет және өнер" факультетінiң деканы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру iciнiң құрметтi қызметкерi Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы ауданымызда болып, аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Едiл Баяров, аудандық "Серпер" қоғамдық-саяси газетiнiң бас редакторы Айнагүл Шакуповамен кездесті.
Алдымен Абат Сатыбайұлы жайлы оқырмандарымызға қысқаша ақпарат бере кеткенiмiз артықтық етпес. 1963 жылы 15 қарашада дүниеге келген. Теңiз ауданы, Киров селолық кеңесіне қарасты Тайланбай ауылының төл тумасы. Көп балалы отбасында тәрбиеленіп, 1981 жылы Котяев ауылындағы Н.Крупская атындағы орта мектептi бiтiрген. Сол жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1985 жылы үздік аяқтайды. 1985-1990 жылдары ауданымыздағы К.Маркс атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасап жүргенде, өзi оқыған институтқа жұмысқа шақыртылады. 300-ден аса ғылыми-әдiстемелiк мақалалардың, 30 оқу-әдістемелік көмекші құралының, 7 монографиялық, 4 электронды оқулықтың авторы. Сонау 1987 жылдан бастап 1990 жылға дейін аудандық "Серпер" газетiнде бiрнеше мақалалары жарық көрдi.
Енді негізгі әңгімемізге көшсек аудан әкімдiгi, аудандық бiлiм бөлiмi, аудандық газет редакциясы жерлесіміздi жылы қарсылады. Кездесуде елдің бүгінi мен ертеңі, бiлiм мен ғылым, туған жер тынысы әңгіме арқауына айналды. Профессор Абат Сатыбайұлы аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы, аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Едiл Ғарипұлына, аудандық "Серпер" қоғамдық-саяси газетiнiң бас редакторы Айнагүл Күнұзаққызына ризашылығын білдіріп, кiтаптарын сыйға тартты. Халық даналығындағы «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманмен өткізген мың күнге татымас» дегендей, белгілі ғалыммен болған бір мезеттің береі көп болды.
Өз тілшіміз