Біраздан бері құрманғазылық тұрғындар тарапынан өтініш етілген облыс орталығымен аралықтағы жолаушылар пойызы қатынасы іске қосылды. Сейсенбі, 17 тамыз күнгі алғашқы рейстің жолаушысы болу бақыты маған да бұйырды.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың өзі жаңа пойыздың жабдықталуымен, қызмет көрсету сапасымен танысып, оң сапар тілеп шығарып салды.
Алғашқысы болғаннан ба вагонның іші-сырты мұнтаздай таза, үстелшелерге бөтелкедегі таза су, жеміс пен тәттілер қойылған. Жолсеріктер де жылышырай амандасып, билетіңді тексеріп, тиесілі орныңды көрсетіп береді. Жолақысы да қалтаға соқпайтын өте тиімді екен, жалпы вагон мен түсетін Қиғашқа дейін бар болғаны 959 теңге. Балам «апа, ұзақ жол шаршатар, жайлы барыңыз» деп плацкартқа билет алып берді. Онысы 2500 теңге дейді, таксимен барғанда да 3-4 есе ақшаң кетеді, анағұрлым тиімді демегенде не дер едіңіз?! Екі жалпы вагонда, бір плацкартта менімен бірге 200-деген сапарластарым келді. Пойызға Атыраудан да, разъездерден де билетсіз жолаушы мінгізбейтіні ұнады. Баяу ырғалған сары вагонның терезесінен сары жонды, сағым даланы тамашалап, бірауық қасымдағылармен әңгіме-дүкен құрып жақсы жеттім.
«Біткен іске сыншы көп» дегендей, осы пойыз жайлы да біраз сөз болды. Барлығының айтары «пойыз жақсы, тек жүру кестесін қайта қарастырса тіптен жақсы болар еді» дегенге саяды. Шындығында да облыс орталығына ертемен барып, оны-мұны шаруасын бітіріп кешке таман кері шықса, әрине, қолайлы. Көпшіліктің талап-тілегімен қолға алынған іс болғандықтан бұл мәселеде оңды шешіледі деген ойдамын. Қазақта «Көш жүре бара түзеледі» деген мақал бар қайдан бірден біз ойлағандай бола кетсін. Жақсыны жақсы деп айту керек, лайым қайыр-берекесін бергей. Осы орайда екі ортаға пойыз шығаруға атсалысқан облыс, аудан әкімдеріне, мәслихат депутаттарына, теміржол қызметі басшылығына үлкен рахметімді айтамын.
Дәмелі САҚТАҒАНҚЫЗЫ,
Дыңғызыл ауылдық округі