«Жайлы мектептің» жайымен танысты

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда 401 жаңа мектеп салынбақ. Бұл туралы Президентіміз өз Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз.

Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп атап өткен болатын.

«Са­мұрық-Қазына» қоры мұрындық болған жоба құры­лысының үйлес­тірушісі болып қор­дың еншілес ұйымы – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясы таң­далды. Осы ретте, компания құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақтылы қолданысқа берілуін қадағалайды. Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады. Аталмыш жоба бойынша ауданымызда екі жерден мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жақында ауданымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұханбетов Самаркин ауылында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы барысымен танысты. Мұндағы жалпы ауданы 7842,55 шаршы метр болатын 600 балаға арналған білім ордасының құрылыс мердігері - «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС. Пайдалануға берілу мерзімі 2024 жылдың төртінші тоқсаны. Халық қалаулысына жұмыстың жай-жапсарын баяндаған жоба жетекшісі Жангелді Ермекқали құрылысқа таңдалған жердің сорлы әрі жұмсақ болуы салдарынан іргетасының берік болуына едәуір күш жұмсалғанын, қазіргі уақытта сапалы жасалынып қабырғасын көтеруге дайын тұрғанын, бірер күнде оның құрылыс материалдары нысан басына жеткізілетінін, 30 адамнан тұратын тас қалаушы бригада дайын отырғанын, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау жоспаланғанын жеткізді. Депутат Б.Ізмұханбетов құрылыстың Мемлекет және Үкімет басшыларының қатаң қадағалауында тұрғанын айтып, қарқынға қарқын қосып көрсетілген уақытқа пайдалануға беруге жұмыстануды тапсырды.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521