Жабық мекемедегі «Ашық есік күн»

(0 Votes)

Адамзаттың амандығы қоршаған ортаның, әсіресе жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді. Өйткені, адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринарияның атқаратын міндеті зор. Осыған қарап сала мамандарының көпшіліктің көзінен таса қала беретін қызметінің қаншалықты маңыздылығын бағамдай беріңіз. «Медицина адамды емдесе, ветаринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөздің де жаны бар.

Адамның өміріне қауіп төндіретін көптеген індеттік аурулар адам мен жануарларға ортақ болып келеді. Көпшілік жағдайларда адамға жануарлардан тікелей, немесе олардан алынатын түрлі өнімдер арқылы жұғатыны белгілі. Оның алдын алуда ветернарлық зертхананың алар орыны ерекше.  Елімізде шілденің 10 жұлдызында атап өтілетін ветеринария күніне орай Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринариялық зертхана» кәсіпорыны Атырау облыстық филиалының аудандық ветеринариялық зертханасында алғаш рет «Ашық есік» күні өткізілді.

Аталған зертхана ауданымызда 2013 жылы бір типті модульды ғимарат болып салынып, 2016 жылы пайдалануға берілді. Аккредиттеу сынағының   КZ.Т.06.0739 нөмірлі аттестаты бар облыс бойынша мұндай құжат алған жалғыз зертхана. Оған тәжірибелі маман Жұмағалиева Гүлбадан Мұқтарқызы жетекшілік жасайды.  Бүгінде зетрханада ветеринариялық дәрігерлер Г.Хамзина, Р.Сәлімғали,  лаборанттар Б.Ерназаров, Д.Нұрболат, Г.Хасанова, Г.Жұбанғалиева, Е.Серікұлы, санитарлар Б.Әбдекешова, У.Өтеғалиева және   жануар күтуші М.Утова сияқты 11 адам қызмет етеді.

Ветеринариялық зертхананың мақсаты мал аурулары таралуының  алдын алады. Малда кездесетін түрлі ауруларға серологиялық, ал балық және балық өнімдеріне микробиологиялық, токсикологиялық, радиологиялық, паразитологиялық тексеріс жүргізіледі. Жылына 67110 мүйізді ірі қара, 83000 мың қой-ешкі, 3600 түйе малы тексерістен өтеді. Биылғы жылдың алты айының көрсеткіші бойынша 21 бас мүйізді ірі қара бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды.

«Ашық есік күні» шарасына  ауданға белгілі шаруа қожалығы иесі, аудандық мәслихат депутаты Есболат Құбашев, балық өңдеумен айналысатын жеке кәсіпкер Әділбек Абдолов, аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Асылбек Ешекеев, ветеринариялық станса маманы Жандос Рахметов қатысты. Аудандық ветеринариялық зертхана  меңгерушісі  Г.Жұмағалиева жай күндері жабық режимде жұмыс жасайтын мекеменің тыныс-тіршілігімен, материалдық базасымен, жұмыс барысымен таныстырып, мал ауруларының алдын алу бағытындағы шаралар жайлы түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521