Жаңаталапта қобыз өнерінің шеберіне құрмет көрсетілді

(0 Votes)

Ұлағатты ұстаз, қобыз өнерінің шебері — Нұрсұлу Айжарыққызының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті

Өткен аптада Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде Құрманғазы ауданының мәдениет және білім саласының үздігі, халықаралық байқаулардың лауреаты, ұлағатты ұстаз, қобыз өнерінің шебері Каримова Нұрсұлу Айжарыққызының 70 жасына арналған «Сырлы саз, сырбаз өнер» атты мерейлі кеші өтті.

Мерекелік шара қазақы дәстүрге сай қызыл кілеммен қарсы алудан басталды. Фойеде мерейгердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, «Нұрсұлу Айжарыққызы – 70 жаста», «Сырлы саз, сырбаз өнер!» атты баннерлер мен безендірулер орнатылды.

Кешті мәдениет үйінің жүргізушілері ашып, көрерменді қобыз үнімен тербеткен, өнерімен шәкірт тәрбиелеген ардақты ұстаздың өмір жолымен таныстырды.

Шара барысында Нұрсұлу Айжарыққызының шығармашылық және еңбек жолын бейнелейтін бейнеролик көрсетіліп, Аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды. Мерейтой иесін Аудан әкімінің орынбасары А.Хайдарұлы, аудандық мәслихат төрайымы Гүлжанат Ғаділханқызы Қалиева, мәдениет бөлімі мен ауыл әкімдігі атынан Мұрадым Қайсаев пен Сұңғат Мұхамбетжанұлы арнайы құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Кеш қонақтары қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Жексенбай Нысанов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиев және аудан мәдениетінің белді өкілдері болды.
Мерейтой иесіне Саттар Имашевтің 100 жылдығына арналған естелік төсбелгі табысталды.

Кештің концерттік бағдарламасында аудан және облыс көлеміне танымал өнерпаздар мен шәкірттері өнер көрсетті.
Сахна төрінде Жадыра Оңашева, Райгүл Нұрымжанқызы, Светлана Ғазизқызы, «Атадан мұра» ардагерлер ансамблі, Ерболат Сұлтанов, Динара Серікбаева, Төлепова Сания, «Ақ Жайық» фольклорлық ансамблі, және Нұрсұлу Айжарыққызының шәкірттері тамаша туындыларды орындады.

Әсіресе, мерейтой иесінің өзі орындаған Абайдың «Көзімнің қарасы»  қобызбен шығармасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңында сахнаға мерейгердің отбасы мен туыстары, шәкірттері мен замандастары шығып, жүрекжарды тілектерін арнады.

Нұрсұлу Айжарыққызы жиналған қауымға алғысын айтып, кешті қорытындылап, ұстаздық пен өнер жолындағы серіктестеріне ризашылығын білдірді.

Шара «Туған күніңмен» әнімен түйінделіп, әсерлі кеш жылылық пен ризашылыққа толы көңіл-күймен аяқталды.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT