Жаңа жобаларға қолдау бар

(0 Votes)

Аудандық мансап орталығында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Теңгемен 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке (1 млн 572 мың 800) тең бұл қаражатқа атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалғандар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар қол жеткізе алады. Сол сияқты кәсіпкерлікті бастағандарына үш жыл толмаған адамдар да шаруасын кеңейту мақсатында грантқа қатысады. Бірақ, жоғарыда айтылғандай негізінен жаңа бизнес идеяларға басымдық беріледі. 

Комиссия отырысы жыл басынан бері екінші рет өтіп отыр. Маусым айында комиссияға 31 бизнес жоба ұсынылса, бұл жолы 25 адам келіпті. Мұның өзі грант кез-келгенге емес, нақты жүзеге асатын, болашағы бар жобаларға берілетінін, сұрауы мен жұмсалуы тексерілетінін  түсіне бастағанымыздан шығар. Десек те педагогикалық мамандығы болмаса да, бұрын білім саласында жұмыс жасап көрмесе де роботтехника үйірмесін ашу, жеке тұлға ретінде  мемлекеттік қызметті көрсету, аудан көлемінде таңсық емес  бизнес-жобамен келгендер, интернеттен қарап алып, ол жағынан білімі мен тәжірибесі жоқтығына қарамай бұрын жасап көрмеген нәрсемен айналысуды қалағандар, жобасында көрсетілген сандар алынатын өнімімен мүлдем сәйкеспейтіндер кездесті. Барлығына да сұрақтар қойылып, түсініктер берілді. Бизнес-жобасын жақсы түсіндіргендер де болды. Таңертең басталып, түстен кейін де жалғасқан комиссия отырысы қорытындысымен 10 адамның бизнес-жобасы грантқа лайық деп танылды. Олар негізінен мұздатылған жартылай фабрикаттар дайындау, қой шаруашылығы, автокөліктерді жөндеу мен автоэлектрик қызметін бір жерден көрсету, мини кондитер цехын ашу, еуроремонт жүргізу, көлік жөндеу орталығын кеңейту және басқа да ауданымызға қажетті, нарықтық сұранысқа ие жобалар.


Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT