Құрманғазы ауылдық округінде «087 маркет» сауда орны ашылды. Жаңа дүкеннің иелері жеке кәсіпкер Ерлан Амиров пен жұбайы Қымбат Меңдешова.
Шараны аудан өнерпазы Қайрат Сайфуллин жүргізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің алдағы жоспарында стратегиялық даму бағытын айқындағанда шағын және орта бизнеске ерекше назар аударғанына тоқталды. Биылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында көрсетілген бағытты жүзеге асыру мақсатында осындай сауда орны ашылып отырғанын жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Атырау облысының және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Өмірзақ Қажымғалиев құттықтап: – Тәуелсіздік алғалы бизнес саласы жылдан-жылға дамып, өркен жаю үстінде. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да кәсіпкерлікке қолдау жалғасын таба беретіні айтылды. Соның бір көрінісі бүгінгі ашылып жатқан «087 маркеті». «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге», дейді. Бұл Ерланның негізі Әйтекен атасының әкесі Әмір кезінде Астраханнан кіре айдаған кісі. Оны кезінде көре қалдық. Ерлан сол жолмен жүріп, баба кәсібін жалғастырып отыр. Басың өссін, байтағың кеңісін, елдің игілігі үшін істеген жұмысың өзіңе де пайда беріп, шаруаң оң болып, еңбегіңнің жемісін көре бер,– деді.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Шафхат Мұфтахов: – Ауданымыздың орталығында, күре жолдың бойында осындай дүкен ашылып жатыр. Майра мен Жұпар балаларыңның ісі жарасымын тапсын. Ерлан мен Қымбатты жақсы танимын. Екеуімен де жұмыстас болдым. Өздеріңнің еңбектеріңмен ашып жатқан маркеттерің іші құтты болып, дендеріңе саулық берсін. Айтекен ағамыз бен апай осы қуанышты көре алмай кетті, жатқан жерлері жарық болсын,– деп ақ батасын беріп, маркет алдына керілген лентаны Өмірзақ Қажымғалиұлымен, дүкен иелерінің аналары Жұпар және Майрамен бірге қиды.

Шашу шашылып, алғашқы тұтынушыларға шұбат пен бауырсақ ұсынылды. Келушілер сөрелері азық-түлікке сықия толған маркет ішінде саудаларын жасап жатты.






Жаңа сауда орны 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қанат ҒҰМАРОВ


