Жағажай жасыл желекке зәру (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Біздің қазақта «су құрыса, ну құриды» деген де сөз бар. Қиғаштың тарам- тарам арналары, әсіресе Шора өзені тартылғалы бері жаға бойы қуаңданып барады.

Бұрынғы көк кілемдей көкорайлы алқаптарды ошаған басып кетті. Өткенде «Атырау» газетінің биылғы 16 қазандағы 83-і нөмерінде «Жасыл желек – жанға сая» деген тақырыппен мақала беріліп, өз ауданымызға қатысты кейбір ойларды көпшілікпен бөлісуіме түрткі болды. Онда Ақ Жайық бойындағы ен тоғайдың жылдан–жылға жойылып бара жатқаны, оған қарсы қолға алынып отырған шаралар қақындағы кейбір бастамашыл істерге көңіл көншіді. Мұндай жұмыстарды біздің Құрманғазы ауданында да науқаншылдық – терек егіп тастаумен жұмыс бітті демей, шұғыл қолға алу қажет. Ондағы Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің құрғақшылыққа байланысты сексеуіл еге бастағаны, тұқымбақта бүгін 65 мың көшет өсіп тұрғаны, оның егем деген жанға дайын екені көңілге жылылық ұялатты. Осындай шаруалар біздің Құрманғазы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне де тән болса ғой деп ойлайсың. Қиғаш бойында бұрыннан бар орман алқабын қорып, күзетумен шектеліп қалмау керек, менің ойымша. Ел көңілі елең етердей жұмыс керек.

Айтайын дегенім: Жылан беліндей жіңішкерген Шора өзені қазылу сәтінде. Алып эксковаторлардың әбжіл қимылы, тау–тау топырақтарды жаға бойға шығарғаны жұмыстың жүріп жатқанының кепілі. «Алып кетпесе, ертең өр суы толқындап тасығанда арна бойға сол топырақтарды қайта әкеледі-ау» деген қауіпке мен де қосыламын. Тиеп алып кетсе, әрине жұртшылық көңілі күткендей шаруаның біткені дегім келеді.

Ауылдастар болып топырағы қазылып, тереңдетілген арналардың жағалығына терек тұқымдарын отырғызсақ, нұр үстіне нұр. Теректің тамырлары жайылып кеткенде, топырақ ұстайды, арналардың қайта таяздамасына септігін тигізеді әрі судың таза болуына да қосар үлесі мол. Оның үстіне жаға бойымыз жайқалып тұрса, ауа тазарып, көргенде көңіл сүйсінеді емес пе? Туған мекеннің көз тоймастай көрікті болуын ойлайтын күн әбден пісіп, жетілді. Қара бас қамы, қарын тоқтығымен қай ұрпағымызға өнеге көрсетеміз?

Мен су бойында жұмыс жасайтын кәсіпкермін, Орлы ауылының батысында Шорамен жағалас үй–жай тұрағымыз бар. Ағам Сатыбалдиев Айжарық, тағы басқа көршілер болып су жиегіне шіліктер егіп, оны қолда бар нәрселермен мал ауызы жетпестей бекітіп едік, бас аяғы екі–үш жылда жайқалып шыға келді. Қарап, көреміз деушілер болса, хош келдің демекпіз.

Бізді округ әкімдері бас болып қолдап, ұйымдастырып, әр мекендегі үй басына 3-4 метрден жер бөліп беріп, сол жерге тал-теректер ектіріп, қоршауына көмек жасаса, өзіміз барымызды ортаға салсақ, бұл айтылған мәселелер оң шешімін табады деген пікірдемін. Орлы да жаға бойына орналасқан кейбір үйлердің аспанмен таласқан бәйтеректерін ешкім әкеліп берген жоқ, өздері егіп, баласындай мәпелеп өсірді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бабалар өсиетін өнеге тұтып,жаға бойларына терек ексек, туған мекеннің сауабы тиері, өзіміздің де әлгі айтылғандай зиянға қалмасымыз анық.

Арналарды тереңдетіп қаздыруға шырын–шыжық болып жүрген аудан әкімі Қайрат Талапұлына, бұрынғы Сенат депутаты, елжанды Сәрсенбай Еңсегеновке, олармен тынбай байланыста болып, жұмыстың өз деңгейінде жүруін тұрақты назарда ұстап келген, аудандық Мәслихат депутаты Жұмажан Өмірзақұлына айтар алғысым шексіз.

Ауылдастар құлағыма жиі салып келген, өзімді де ойландырар бір мәселе ол – Нұржау округіндегі ескі батаға тұсынан айналып, арқа бетпен (жылқышы Өтеміс Ғимырановтың үйінің артымен, алма терек еккен Мерпаха Қажымұратов үйінің тұсымен) өтетін өзеннің жай-күйі. Кезінде балығы семіздіктен жегізбеген, үш метрлік таяу бойламайтын терең арна кейбір тұстарда кесілгелі халде. Жағалай сол өзекке сүйеніп шаруа қожалықтары өмір сүруде. Яғни ел–жұрттың малына ежелден суат. Осы өзектің Шорамен қосылатын, әбден таяздаған 2 шақырымдай жерін әлгі алып эксковаторлар тереңдете кетсе, мал мен жанның сауабы мен алғысын бірдей аларыңыз хақ.

Асқар Сатыбалдиев, кәсіпкер,

Орлы ауылы. «Өркенді өлкетанушылар» клубының мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521