Жаңаталапта екі отбасы баспаналы болды

(2 Votes)

«Құрманғазы» еріктілер тобының осы күнге дейін сан көңілді қуантып жүргені көпке мәлім. Қайырымды жандардың топ болып құрылғанына биыл үш жыл. Ұйымдасқанына аз ғана уақыт болса да, осы күнге дейін баспанаға мұқтаж төрт отбасыны қуантып үлгерді.

Әр ананың жан-айқайын бей-жай қалдырмайтын «Құрманғазы» еріктілер тобы, оған қоса,  «Темірәлі» мешітінің жанынан құрылған «Иман жастары» және «Сине Медиа Строй» камаз жүргізушілері бұл жолы да ерледі. Жергілікті әкімдіктен пәтерге мұқтаж екі ананың мәліметін алып, Хиуаз ауылының орталығынан алынған үйдің кілтін табыстады.  Жалғызбасты аналардың қуанынышына біз де куә болдық.  

iman-zhastarynan-sy

iman-zhastarynan-syj3

Көмекке зәру болған аналардың бірі – Алмагүл Жұмағазиева, екі баланың анасы. Тағдыр тауқіметін ерте тартқан ол, осы күнге дейін ауылдан шалғай жердегі Шағырлы елді-мекенінінде тұрған. Алайда, ол үйдің де жағдайы мәз емес. Ауыз суы мен жылуы жоқ. Тап-тар пәтердің қабырғасы жарылған. Қар жауып, жаңбыр сіркіреген шақта бөлмеде ылғалдан аяқ алып жүрер жер болмайтын. Күні бүгінге дейін отын тасып, күл шығарудан шаршаған нәзік жан, іші кең, жылуы мен суы келіп тұрған, керекті жиһазбен қамтылған баспананың табалдырығын аттаған сәттен-ақ көз жасына ерік берді. Қазіргі уақытта бұл мекенде Алмагүлмен қоса алты адам өмір сүріп жатыр.  Қоғамның әлсіз топтарының бас-басында үйі болуын тілек еткен белсенділер сол ауладан баспана бұйырған екінші кейіпкерімізге де пәтер кілтін табыстады. Бұл күнге дейін пәтер жалдап келген Сариевтер отбасы бір күннің ішінде бес бөлмелі үй-жайдың иесі болды. Отбасындағы сегіз адаммен қоса еш жерде тіркеуде болмаған. Соның салдарынан биылғы сайлауға да қатыса алмапты. Аз ғана жалақысы пәтерақыдан артылмаған отбасыға жергілікті  әкімдік тамақ пен етін алып беріп, қолғабыс етіп келген.  Жағдайының төмендігі аз болғандай, екінші топтағы екі мүгедек адамды да тәрбиелеп отыр. Жақсылықтан үміт үзбеген жандардың бүгін қуаныштан төбесі көкке жетті. Баспананы сыйға тартқан еріктілер, аз күннің ішінде газ-суын тартып беруді уәде етті.

iman-zhastarynan-syj2

Берілген екі тұрғын-жайдың да лентасын қиып, табыстаған «Темірәлі» орталық мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев, бір ауладан көрші болған екі отбасыға тату-тәтті, шат-шадыман өмір кешуді тілек етті. Шаңыраққа құран оқып, тіл-көзден, бәле-жаладан аман болуларына дұға бағыштады.  Ерікті болу - риясыз қызмет. Қайырымды жандардың ізгілік жолындағы игі істері, құрманғазылық белсенділердің жасап жүрген сауапты жұмыстары мұнымен тоқтамақ емес.

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521