Жүрегімен жырдың жолын жалғаған

(1 Vote)

Бақытгүл Бабаштың есімі республикамыздағы поэзияны жанына жақын тұтатын қалың оқырманға жақсы таныс., Жыр падишасы атанған Фариза Атыраудан тапқан екі ақын қыздың бірі. Өмірін өлеңге арнаған қаламгердің өскен ортасы  жөнінде аз-кем әңгіме өрбітейік.

Тегін тарқатқанда, Бақытгүл Қызылғұрт руынан. Атасы Мағзом мен көргенде қарапайым сиыр бақташысы болды. Әжесі Нағимат сөзге шешен, эпостық жырларды жатқа білетін, әуезді әнді де әжептәуір айтатын. Ортаның сәні болып өмірден өтті. Бақытгүлдегі өлең өнерінің бір ұшқыны әжесінен тұтанбаса қайтсін. Әкесі Әміржан кеңшарда көлік жүргізді. Бақытгүлдің кейпін әкесіне ұқсатамын. Әміржан кітап, газет-журналдарды оқып ғана қоймай, пікір таластыратын. Анасы Нұрғаным қарапайым бала тәрбиесіне қарап қалған еңбеккер жан. Ата-әжесінің бауырында болған  тұңғыш бала Бақытгүл де туған анасын жеңгесіндей көргенін кейбір жазбаларынан аңғарамыз.

Ақынның лирикалық өлеңдері сезімге толы. Поэзияның қуатын қашыратын арнау өлеңдер жоққа тән. Ол бар қазаққа қадірі артқан Фариза апасымен кездесуін былайша еске алып: – 2006 жылы күзде Астанаға «Шабыт» фестиваліне қатысуға бардым. «Мен сені Атыраудан келіп тұрған соң қолдады екен деп ойлама», - деп байқау қорытындысын жария ететін күні апай звондады – Өлеңдерің үшін ғана Гран-При жүлдесіне ұсындым. Сен өзі бір адаммен сөйлеспейтін тәкаппар секілдісің ғой, «мен келіп едім», деп кіріп шықсаң болмайтын ба еді?», деді де трубканы қоя салды. Апай Атырауға келген бір сапарында менің екінші балаға жүкті екенімді көріп, ренжігені бар. «Қалады ғой енді өлеңнің бәрі жаялықтың астында!», деп жақтырмай қалды, - дейді.

 Дегенмен, өлең-өнер жаялықтың астында қалған жоқ. Сәбиін бесікте құндақтаған Бақытгүл жүрегімен жырды да тербеді. «Сағыныш қалды көзімде» (2011 жыл) атты тұңғыш жыр жинағына алғы сөз жазған Маралтай Райымбекұлы «Өзін іздеген қыз» депті. Б.Бабаш ауық-ауық прозаға да «сәлем беріп» кетеді. Оның «Кие», «Жалғыз қыз», «Айымгүл» әңгімелері қара түннің қаймағын ой бұзып, орманды сөздің аймағын омбылаған шақтарда туған дүниелер. «Айымгүлдегі» он тоғызында опат болған қыздың тағдыры оқырманды опындырады. Әңгімелерін сағыздай созбайды, оқиға желісі, кейіпкер бейнесі жіптей есіліп жүре береді. Бақытгүл жаңашыл әңгімелерімен жарқ етіп танылғаннан кейін Ж.Нәжімеденовтың романындағы кейіпкер, пошташы Оразғалиды негізге алып «Хат» деген сахналық көрініс жазды. Қара қағаз бен сәлем хатты шатастыратын, адамға қиянаты жоқ шүйкедей шалдың аруағы риза шығар.

Бақытгүл журналистикалық қызметінде республикалық «Алтын Орда», облыстық «Атырау» басылымдарында жұмыс жасап, «Егемен Қазақстан» газетінде, Атырау облыстық радиосында арнаулы тілші болды. Қазір Атыраудағы бір жоғары оқу орнының баспасөз хатшысы болып жұмыс істейді. Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-дың филология факультетін, аспирантурасын тәмамдаған. Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің «Ақбөбек» атындағы арнайы, бірнеше жыр мүшәйраларының, республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері. Есім-тегі облыстық «Алтын кітапқа» енген Бақытгүл әлеуметтік желіде де белсенді. Мерейлі мерекеде ақынның Аллаға жүрегін ашқан тақуадай, жан сырын ақ параққа ақтара беруіне тілектестігімізді  білдіреміз.

Есмұхан Жанизин,

штаттан тыс тілші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521