Жүйелі істер бастауы - Шортанбайда

(0 Votes)

Көптің санасында «әкім» деген сөзді естісе, «креслоға жантайған, алайда мүлдем жұмыс жасамайтын, костюм киген тұлға» елестейді. Сырттан тон пішуге әуестердің қиялдан тудырған бейнесі осындай. Алайда, газетімізде ашылған осы рубрикада бүгінге дейін жарияланған сұхбат арқылы әр ауылдағы жасалып жатқан жұмыстармен танысудамыз.

Қазір, жоғарыдағыдай ойлайтындардың саны азайғанына сенім мол. Өйткені, халық пен биліктің арасындағы байланыс құралынан әрбір округтің тұрғындары өзіндегі атқарылған істермен танысып жатқаны да жасырын емес. Осы орайда, 1600-ге жуық халқы бар Шортанбай ауылдық округіндегі жағдайды білмекке, кезінде берілген уәделердің орындалу барысымен танысу үшін округ әкімі Мейіржан Ғұмаровқа хабарластық.

  • Мейіржан Жұмақайұлы, сіздің алғаш әкім болып сайланған кезіңіздегі Шортанбай ауылдық округі мен қазіргі ауылдың айырмасы қандай?
  • Шортанбай ауылдық округі екі елді-мекеннен тұрады. Жалпы айтқанда Тәуелсіздік жылдарында ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқаты өркендеді. Жаңа жобадағы екі мектеп, ангарлы денешынықтыру кешені салынды. Бүгінде ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ, Шортанбай-Жыланды жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталып, келесі жылы пайдалануға беріледі. Екі ауылды да көгалдандыру жұмыстары қолға алынуда. Шортанбайда саябақ орны жасалып, оны кеңейту қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар, Жасталап ауылына жазғы спорт алаңын салуды жоспарға енгіздік. Бұл жерге мен сайланбас бұрын да игілікті істер атқарылған. Сондықтан, осы бастамаларды нәтижелі жалғастыруды, халықтың мақсат-мүддесін ойдағыдай орындау бағытында бар күш-жігерімді жұмсап, сенім биігінен көріну – мендегі негізгі міндет.

 

  • Шортанбайлықтармен қаншалықты жиі кездесу өткізіледі? Арыз-шағымдар, ұсыныс-пікірлер қалай қанағаттандырылып отыр?
  • Тұрғындармен үнемі пікірлесіп, ауылды аралып тұрамыз. Көп жиын өткізуге әуес емеспін. Бірақ, олардың тыныс – тіршілігін, қоятын мәселелерін округ мамандарымен бірге зерделеп, мүмкіндігінше уақытылы шарасын алып, орындалуын қадағалаймыз. Жалпы, ұсыныс-тілектер дер кезінде есепке алынып, шешудің жолдары іздестіріліп, жауабы беріледі. Өйткені, арыз артында адамның тағдыры жатыр. Сондықтан да қойылған әрбір мәселеге құнттылық, жауапкершілікпен қарауды – басты мақсат санаймыз. 2021 жылы тұрғындар тарапынан шиеленіскен жағдайлар кездескен жоқ. Бәрі де түсіністік, келісіммен шешіліп келеді.

 

  • Әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қандай көмек көрсетілуде? Халықты жұмыспен қамту жағынан қалайсыздар?
  • Округ бойынша үш аз қамтылған көп балалы отбасы бар. Олардың әлеуметтік жағдайы үнемі назарда, бақылауға алынған. Ал, жұмыссыздар заң талабына сай кезекпен жұмысқа алынады. Кейбіріне қолдан келгенше демеушілер арқылы көмек ұйымдастырып келеміз. Міндетті оқу қоры арқылы киім-кешек, оқу құралдары  беріледі. Сондай-ақ, аз қамтылған бір отбасы мүшелерінің кәсіби білім алуына жағдай жасадық.

 

  • Ауылдағы медициналық пункттің жағдайы көңіл көншітеді ме? Медициналық құралдар жеткілікті ме?
  • Округтегі дәрігерлік мекеменің жағдайы біркелкі. Әрине, мамандар жетіспейді. Медициналық құралдар бар, алайда, әлі де жаңартуды қажет етеді. Қазіргі таңда, дәрігерлік қамту мәселесін жетілдіруді ойластырудамыз. Мысалы, 400-ге жуық тұрғыны бар Жасталап ауылында дәрігерлік пункт жоқ. Алға қарай осы мәселе шешіледі  деп ойлаймын.

 

  • Кіре-беріс, ауылішілік жолдардың жағдайы қалай? Жаңа жол құрылысы жоспарда бар ма?
  • Өздеріңіз жақсы білесіздер, Котяев – Шортанбай тас жолының салынуы – халықты қуанышқа бөледі. Ауылдың орталық көшелеріне тас жол төселді. Қалған көшелерге асфальт жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Жасталап ауылына да тас жол салынды. Ал, оның ішкі жолдарын салу – болашақтың ісі. Оның да оңаларына сенемін.

 

  • Ауылда түнгі жарықтандырудың жайы қалай? Жасталапта ше?
  • Шортанбайдағы көшелердің көбісі жарықтандырылған. Қосымша түнгі жарық шамдарын орнататын жер де бар. Ал, Жасталап ауылын жарықтандыру мәселесін қаржы жағдайына байланысты  қарастыру үстіндеміз.

 

  • Ауыз су уақытылы жүреді ме? Судың сапасына тоқталып өтсеңіз?
  • Ауыз су екі елді-мекенде де шешілген. Таза судың сапасында ақаулық болып тұрады. Бірақ, дереу шарасын аламыз. Тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Су тазарту имараттарына жаңа қондырғылар алу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

 

  • Интернет пен мобильді байланыстың сапасы ойдағыдай ма?
  • Интернет, мобильді байланыс желісі екі ауылда да жақсы. Қазіргі таңда Жасталап ауылына бөлек байланыс мұнарасын қою жөнінде жұмыс жасалуда.

 

  • Шабындық жерлер, қысқы мал азығы жеткілікті ме?
  • Округ көлемінде бос жер жоқ. Бірақ, 18 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Шабындық жерл болғанымен, жайылым жетіспейді. Ал, ауыл тұрғындары сол кәсіпкерлерден де, басқа өкілдерден де мал азығын сатып алады. Негізінен округтегі мал жайылым өте тар, шабындық жерлердің түсімі аз. Соған қарамастан тұрғындардың мал асырауына бар мүмкіндіктер жасап келеміз.

 

  • Ауыл жастары белсенді ме? Олармен етене жұмыс жасау бар ма?
  • Шортанбай ауылдық округіндегі жастардың саны 400-ге жуық. Бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Мәдениет үйі мен денешынықтыру кешені өз дәрежесінде жұмыс жасап тұр. Түрлі өнер, спорт үйірмелеріне жастарды қатыстыру іске асырылған. Соңғы жылдары бокс үйірмесінің шәкірттері республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Ауыл жастарының белсенділігі ойдағыдай. Олардың тәртіп бұзу фактілері орын алған жоқ. Әрбір жылдың қорытындысымен жастардың түрлі шараға қатысуы бағаланып, мадақталып отырылады.

 

  • Жергілікті дүкендердегі тамақ бағасының аудан орталығынан айырмашылығы қандай?
  • Шортанбай округі бойынша 6 азық-түлік дүкені жұмыс жасайды. Ауыл кәсіпкерлерімен тығыз байланыстамыз. Тамақтың бағасы аудан орталығындағы бағадан аспайды. Оның өсуін үнемі бақылауда ұстаймыз.

Сұхбаттасқан Жайдарлым ҚАЙРЕДЕН

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521