Өзеннің іргесінде отырып суға зәруміз

(0 Votes)

Кудряшов ауылдық округінде де әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында шешімін күткен өзекті мәселелер бар екен.

Онымен тұрғындар алдында есебін берген округі әкімі Сақтапберген Ертілеуов хабардар етті.

– Округ Кудряшов, Жаңа ауыл, Арна сияқты үш елді мекенді біріктіреді. Осы үш ауылға ортақ мәдениет үйін салу жайлы аз айтылған жоқ. Ауылдарда электр желілері ауыстырылмай қалған көшелер бар, су құбырлары да қайтадан жаңғыртуды қажет етеді. Сондай-ақ, қаралған қаражаттың жеткіліксіздігінен асфальт пен жаяу жүргіншілер жолдары кейбір көшелерді толық қамтымай қалды. Түнгі жарық шамдары да жеткіліксіздік тудыруда. Осы олқылықтардың орнын толтыру ауыл басшысы қызметіндегі басты міндетім болып қала береді.

img_9307

Жеке қожалық иесі Әлімжан Жармұханбетов мал ұрлығын жасағандарды іздестіру туралы сұрағына орай аудандық полиция бөлімінің басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Найзабек Құбашев учаскелік инспекторлармен алдын алу бағытында арнайы рейдтер ұйымдастырылып тұратынын, қазіргі күшіне енген заң бойынша мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына кіргендіктен мұндай келеңсіздіктер азаяды деген ойда екенін қаперге берді.

Округ әкімінің жұмысында біраз кемшіліктер барын сөз еткен тұрғын Қайырбек Қожабеков ауыл ішілік жолдардың сапасы көңіл көншітпейтінін, балаларды мектепке автобуспен тасымалдағанның өзінде біраз қиындықтарға кезігетінін атады.

img_9314

Оған жауап берген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев жауабын берді.

img_9318

– Ауылішілік және кірме жолдарды асфальттандыру мақсатында округке қарасты елді мекендердің көптеген көшелері жобалау-сметалық құжаттарға енгізілді. Бірақ қаралған қаражат тек қана 7 шақырымға ғана жетті, ал сіз айтып отырған мектептен жолға дейінгі 300 метрдей аралық ескерілмей қалды. Дегенмен мердігер мекемемен бұл жерге де қатқыл табан жол салу туралы уағдаласқан болатынбыз, өкінішке орай олар сөзден тайқып кетіп істелінбей қалды. Алдағы уақытта басқа округтердегі осы бағыттағы жұмыстар жасалынып болған соң ғана оған бөлек жобалау-сметалық құжат жасауды қарастыратын боламыз.

img_9309

Гоголь атындағы орта мектептің директоры Асылбек Далиев те бұл мәселеге алаңдаушылығын білдірді, сонымен қатар, кезінде мектептің қоршауына жіңішке сымды торлар пайдаланылуы себепті қазіргі уақытта мал жарып үлкен-үлкен тесіктер пайда болғанын айтып жаңалауды сұрады.

- Қазір судың берілуі жақсы болғанымен көктем шыға ауылдың біраз бөлігінде судың тапшылығы туындайды. Үй-жай маңына азын-шоғын егін еккіміз келеді, ауыз суды бұл мақсатқа пайдалануға болмайтынын да білеміз. Сондықтан жазғы су құбыры тартылса немесе округке су тасымалдайтын автокөлік берілсе деген үлкен өтінішіміз бар. Байдадан жалдайтын болсақ қызметіне көп мөлшерде ақы сұрайды. Судың іргесінде отырсақ та суға зәруміз, бұл бір ең өзекті мәселе, - деген мектеп мұғалімі Арыстанова Гүлшара ауылға спорттық алаңдар салынуы өте қажет екенін, мектептің спорт залын пайдаланғанмен оның да біраз қиындықтар әкелетінін айтты.

Ауыл тұрғыны Бауыржан Нұрғалиев бастапқы қиын кезеңдерде мектеп жанынан балабақшаға орын берілуін, спорт залда ауылдық клуб орналасуын түсіністікпен қарауға болғанымен, қазіргідей жағдай түзелген тұста мұндай ғимараттар дербес салынып, өз мақсатында жұмыс жасауы қажеттігін байыппен түсіндірді.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521