VII шақырылған аудандық мәслихаттың I сессиясы өтті

(0 Votes)

Аудан әкімдігі ғимаратының кіші мәжіліс залында VII шақырылған аудандық мәслихаттың I сессиясы өтті.

Сессияны аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Бралиев ашып жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелерді бекітті. Сайлаудың қорытындысына сәйкес жасаған хабарламасында: - Аудан  бойынша сайлаушылар тізімдеріне 36163 сайлаушы енгізілді, оның ішінде 26701 сайлаушы сайлау бюллетеньдерін алып, 73,84%-ды құрады. Осыған орай, Құрманғазы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының «Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау қорытындыларын белгілеу, сайлау қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарын бөлу туралы»  2021 жылғы 10 қаңтардағы шешіміне сәйкес «Nur Otan» партиясының партиялық тізімі бойынша: Жеңісбек Бисенов, Гаухар Болатбаева, Өмірболат Есенғазиев, Болат Жүгінісов, Талғат Жұмалиев, Ақәділ Зейнеденов, Гүлжанат Қалиева, Бержан Кенжебаев, Есболат Құбашов, Гүлсара Мүтиева, Нұрлан  Хұсайнов, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының партиялық тізімі бойынша: Игорь Абугалиев, «Ауыл» Халықтық–демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімі бойынша: Ерлан Хисметуллин аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Сайлаушылардың сеніміне ие болған 13 депутаттың барлығы да жоғары білімді. Оның ішінде 3–і әйел. Мамандықтарын атасақ, 1 - дәрігер, 2 – мұғалім, 3 – эконамист–қаржыгер, 3 - әртүрлі саланың инженері, 1 – зоотехник, 1 – заңгер, 1 – эколог, 1 – кеден ісі қызметкері бар. 35 жасқа дейінгісі – 2, 40 пен 45 жас аралығындағысы – 3, 45 пен 50 жастың аралығындағысы – 4, 50 жастан жоғарғысы - 4. Депутаттардың 4-і мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда, 9-ы жеке меншік құрылымдар мен кәсіпкерлік салаларда еңбек етеді,-дей келе, депутаттарға куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.

kezekti-sessiya

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Парламент Сенатының Алғыс хатымен Нұрлан Хұсайновты, Атырау облысы әкімінің, сондай-ақ, аудан әкімі және аудандық мәслихат хатшысының Алғыс хатымен Болат Жүгінісов, Рифхат Сұлтанияев, Бержан Кенжебаев, Жұмажан Шакупов, Хамит Кабылов, Нұрлан Хұсайнов, Гүлсара Мүтиева, Теңел Исмагулов, Өмірболат Есенғазиев, Анар Хашуова, Өмірбек Бурханов, Линда Мустахимқызын марапаттады. 

kezekti-sessiya-1

VI шақырылған аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов хабарламасында осыған дейін өкілді органның жұмысын жүзеге асырған аудандық мәслихаттың VI шақырылымы өз жұмысын тиянақты әрі асқан жауапкершілікпен орындағанын жеткізді. Есепті кезеңде мәслихаттың 23 жоспарлы, 46 кезектен тыс сессиялары өткізіліп, қаралған мәселелер бойынша 656 шешім қабылданып, оның ішінде 86 мәслихат шешімі Атырау облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткізілгенін қаперге берді.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Бралиев сессияны жалғастыру туралы ұсынысына сәйкес дауысқа салу нәтижесінде Н.Хұсайнов сессия төрағасы болып сайланды. Н.Хұсайнов кезекті ұйымдастыру мәселелерін талқылауға көшті. Аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымына Болат Жүгінісов бірауыздан сайланып, тиісті шешім қабылданды. Экономика, салық және бюджет саясаты жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына Бержан Кенжебаев, Нұрлан Хұсайнов, Гаухар Болатбаева, Ақәділ Зайнеденов, Есболат Құбашев, Игорь Абуғалиев енгізіліп, төрағалығына Бержан Кенжебаев сайланды. Ал, әлеуметтік сала, жастар саясаты, заңдылық және құқық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына Өмірболат Есенғазиев, Гүлжанат Қалиева, Гүлсара Мүтиева, Ерлан Хисметуллин, Жеңісбек Бисенов, Талғат Жұмалиев енгізіліп, төрайымдылығына Гүлжанат Қалиева сайланды. Болат Жүгінісов аудан әкімдігінен сессияға қарауға келген ұсыныстарды тізбектеп, өзіне жүктелген сенімге зор ризашылығын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектемиров ауданның даму бағдарламасына кеңінен тоқталып, әлі де толықтырулар болуы мүмкін екенін айтты. Аудан әкімі жанындағы комиссияларға және ауданның әкімшілік аумақтық бірлікті басқару схемасына өзгерістер енгізу туралы аудан әкімі аппаратының басшысы міндетін атқарушы Қайсар Махсотов хабарлама жасады.

VII шақырылған аудандық мәслихаттың II сессиясының төрағасы Нұрлан Хұсайынов болып бірауыздан сайланды. Қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Нұртаев депутаттардың алдағы жауапты жұмыстарына сәттілік тіледі.
 

Еркеназ Қалижан

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521