«Қуғынға ұшыраған молда!»

(0 Votes)

Қазақстан Республикасында 31 мамыр – Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген 1929 – 1932 ж.ж. аласапыран, 1937–1938 жылдардағы зобалаң қазақ азаматтарының басына қара аспанды төндірді.

Еліміздің ең таңдаулы, бетке ұстар азаматтары, зиялылары – «контрреволюциялық ұйымның мүшесі», «Кеңес үкіметінің жауы», «шетелдік арнайы қызметпен байланысып, зиянды әрекеттер жасады» – деген жаламен ұзақ мерзімге сотталып, бас еркінен айырылып, қудалана бастады.

Дерек бойынша Атырау өңірінен 22 мың жарымға жуық адам қуғын – сүргінге ұшырап, тұтқындалып, «Үштіктің шешімімен оның 2 мың жарымы сотталып, 620-сы ату жазасына кесілген. Құрманғазы өңірінен шыққан зиялы азаматтарымыз да зұлматтың құрбаны болды.

Құрманғазы аудандық музейде саяси қуғын сүргін құрбандарына арналған экспозиция осы күндері де жұмыс атқаруда. Экспозицияның басым бөлігі өңірімізден шыққан зиялылар жайлы деректерге арналған. Сақталған құжаттар арасында Манаев Нұғыман, Ақботин Халит, Баймұханов Ғұмар, Меңдешев Сейітқали, Танашев Уәлитхан, Ниязова Мүбина Ибрагимқызы мен күйеуі Ниязов Мірахмет, Өтегенов Мағауия, Құдайбергенов Алпан, Сүлейменов Шәміш, Әубекеров Мұқсин, Юсупов Жұмабай, Бекбаев Мұхамбетшәріп, Әспембетов Мүсіреп сынды біртуар азаматтардың тағдыры жайында деректермен танысуға болады.

Музей қорында аталған зиялы азаматтарымызға берілген ату жазасы туралы актілері, ақталу жөніндегі анықтамалары, жеке құжаттары мен суреттері жинақталған. Кеңестік жүйе орнай салысымен, саяси қудалау басталды. Большевиктер өз саясатында адамдарды бағындыруды басты орынға қойды. 1917 жылғы 19 желтоқсандағы «Революциялық трибунал туралы» нұсқауда алғаш рет «халық жауы» деген термин қолданылды. Бұл – большевиктер революциясына қарсы адамдарды, яғни еркін ойлы, қоғамға адамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарайтын тұлғаларды өзіндік айыптаудың пайда болуының бастамасы еді. Кім сауатты, кім имандылық жолында жүр бәрін қудалады. Осы кезде көп зардап шеккендер-молдалар еді. Міне, солардың ішінде Мұхамбетшәріп Бекбаевта (1875 – 1937ж.ж.) бар. 1875 жылы ІІ Теңіз алқабы қисымында Бөкей (Ішкі) ордасына қарасты Өлеңді елді мекенінде дүниеге келген. Мақаш Бекмұхамбетовтың ұйымдастыруымен ашылған мектеп медреседе сауатын ашқан.

Оқуға зерек Мұхамбетшәріп ұстаздарының ұсынысымен сол кездегі Бөкей ордасы Уақытша кеңесінің жолдамасы арқылы Хиуа қаласындағы жоғары білім беру деңгейіндегі діни мектепке үш баланың біреуі болып оқуға жіберілген. ХІХ ғ. аяғында Осман-түрік империясының ішінде «Жас түрікшілер» қоғамдық прогрессивтік қозғалыс пайда болады. Бұл қозғалыс империядағы саяси билікті ұстап отырған феодалдық күштерге қарсы күреседі. Бұл қозғалыс «Жадид» қозғалысы деп аталып, жадидтерге 1882ж. Қазан қаласындағы «Мұхамедия» оқу орны және Уфадағы «Ғалия» медресесінің жоғарғы оқу орындары басшылық жасайды. Оқушы шәкірттердің діни ұғымдарда гуманитарлық көзқарасын тәрбиелеуге мән беріледі. Бұл жұмыстар Ғұмар Қараш, Пангерей Артықов, Иманғали Қашқынбаев сияқты жас білімді молда ұстаздар арқылы жүзеге асады. Солардың ішінде жас ұстаз Мұхамбетшәріп Бекбаевтың да есімі аталады. Мұхамбетшәріп Бекбаев өмірінің соңына дейін ел арасында құран оқып, есінен айырылған, «шайтан салқынын салған» ауруларды жазып емдейтін емші молда ретінде танылған.

1905 жылы Ресей мұсылмандарының құрылтай съезі өтіп, мұсылмандардың қозғалысына басшылық жасайтын «Шура–и–ислам» кеңесі құрылып, сол жылы Ордада құрамы 15 адамнан тұратын «Шура–и–ислам» кеңесі және 15 адамнан тұратын төрелік алқасы сайланады. Сол одақ құрамында Мұхамбетшәріп Бекбаевтың есімі де енгізілген. 1905 жылы «Шура–и–ислам» буржуазиялық-демократиялық бағыттағы ағымды таратушы, «Шура–и–ислам» журналы шығарылып, «Шура–и–исламның» шешімімен М.Бекбаев І – ІІ Теңіз алқабы қисымының мухтасибі – оқу-ағарту жұмысының бақылаушы жетекшісі болып тағайындалады. 1911 – 1914ж.ж. «Шура–и–ислам» жұмысы тоқтатылып, 1917 – 1919ж.ж. Мұхамбетшәріп Бекбаев Батыс Қазақстандағы Алаш қозғалысының көрнекті өкілі Уәлитхан Танашевпен бірге халықты ұлттық демократиялық азаттық қозғалысына үгіттеу жұмысын жүргізген. 1926ж. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің қатарында ОГПУ органдары жауапқа тартып, дәлел таба алмағасын босатылады.

1931 жылы Кеңес белсенділерінің көрсетуімен ірі байлар қатарына жатқызылып жауапқа тартылған. Алайда малын кәмпескелеуге келгенде ондай байлық табылмай қамаудан босатылған. 1936ж. 5 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің ІІ съезінде КСРО-ң Жаңа Конституциясы қабылданып, онда діни рәсімдерге ождан бостандығы жарияланды. Осы бостандықты пайдаланып, халықты діни руханиялыққа тәрбиелеу мақсатында 14 желтоқсан 1936 жылы Ақботин Ыстамғалидың үйінде молдалар М.Бекбаев, Қапар Боранқұлов, Қайырқұл Жүсіпов және Бәйтенов деген жай шаруа бас қосып кеңес өткізеді.

1937ж. қаңтар айында ораза айтын және сәуірдегі Құрбан айтын Нұржаудағы Ұзынарал аралындағы бұрынғы Ноғай мешітінің орнына өткізіп, соған жиылған халық болып мешітті қайтадан тұрғызуға үгіттеуге келіседі. Сол құрбан айтты 1937ж. 16 сәуірде өткізіп, оған Дәшін, Шабай, Нұржау, Төңкеріс ауылдарынан 200-дің үстінде адамдар қатысқан. Осы шараны өткізуге қатысқан 17 қарттар, оның ішінде ұйымдастырушылар М.Бекбаев, Қ.Боранқұлов, Н.Бәйтенов,, Қ.Жүсіпов, С.Сәлиев, М.Құсаев, М.Әспембетов т.б. 1937ж. 3 қазанда НКВД, ОГПУ органдары тұтқындаған.

Сөйтіп, олар РСФСР-дың Қылмыстық кодексінің 58 – 10, 58 – 11 баптарымен қылмысқа тартылып, Үштіктің қарауына жіберіліп 1937жылы 5 желтоқсанда Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқарма (ОГПУ) ату жазасына кесіп, 1937 жылы 16 желтоқсанда Гурьев қаласында үкім орындалған. Ұлт қаймағын қалқыған 1937 жылғы сұмдық оқиғалар Теңіз өресіндегі талай азаматтарды да баудай түсірді. Зұлым саясат қаншама жазықсыз жанның жүрегіне қанжарын сұққыламады. Бірақ «ақтың отын ақымақ өшірмейді»-дегендей «Халық жауы» атанған зұлмат заманның құрбандары бүгінде тарих бетінен ойып орын алады.

Халқымыздың қасіреті мен қуанышы қатар өрілген сан ғасыр тарихи жолы - біздің баға жетпес асылымыз. Оған дақ түсірмей, болашақ ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз. Өйткені өткенді, кешегіні білмей болашақты болжау мүмкін емес.

Ж.Хайрошова,

музей меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521