Тоты – үлгілі шопан

(0 Votes)

Алаштың айтулы азаматы Дінмұхаммед Қонаев бір сөзінде: - Қой шаруашылығында барлық жерде бірдей жоғары көрсеткіштерге жетуге тиістіміз. Бұл үшін шаруашылықта малды көбейту, жыл сайын әрбір малдан төл алып отыру, қырсыздық пен шалағайлықтың кез келген көріністерімен батыл күресу, аса бай озық тәжірбиені кеңінен тарату қажет,-деген екен. Осыдан-ақ, атакәсіп – малшылықтың мән-маңызы тереңнен тарқатылып тұрғандай.

Саналы ғұмырында жанқиярлық еңбектің қазанында қайнап, ел байлығын еселеп, халық ырысын арттырып жүрген әйел-аналар да арамызда жүр. Оның бірі – 35 жыл шопан таяғына иелік етіп келе жатқан Тоты Мансұрова. Бұл тынымсыз тірлікке ол 1986 жылы жолдасы Дәулетбаймен отау құрғаннан соң білек сыбана кірісті. Бастапқыда «Коммунизм» кеңшарында көмекші шопан қызметінде болып, күні бүгінде «Мақаш» өндірістік кооперативінде аға шопандыққа ауысқан.

Қызу шаруа майданындағы кейіпкерімізді сөзге тартқанымызда: - Балалық шағымыз белгілі ғой, жастайымыздан тезек теріп, жусанның тамырын отынға жинап, анамызға қолғабыс жасайтын едік. Ойын ойнайтын уақыт жоқ, қайда жұмсаса, сонда жүгіріп, жан сақтаудың қамымен өстік. Еңбекке құштарлық кішкене кезімізден қалыптасты,-деп ағынан жарылды. Ең алғаш алдына салған отары да есінде. Көктем және жаз айында көкке жүгірген тоқтыларға ие болу -   әрине, оңай шаруа емес. Тарыдай шашылған отардың басын қайыра алмай, әлекке түскен күндерінде көзіне жас тығылатын. Тіпті, аттан түсіп, жорғаның тізгінін жалына түйіп жіберіп, тоқтыларды жаяулатып жайған кезі де болды. Әсіресе, қылышын сүйретіп келген қыс мезгілінде қатты қиналатын. Жылдар өте келе сан алуан қиындықтарды артқа тастаған шопанның тәжірбиесі толысып, қой өсірудің құпиясына қанықты. Бәрі де төгілген ащы тер мен жаншылмас жігердің арқасы.

shopan1

Кооператив төрағасы Жеңіс Абулхайров аға шопанның жауапкершілігі зор, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, адамгершілігі мол екенін растайды. Өйткені, болмысы нәзік болса да нардай жүкті иығына иілмей арқалап жүрген жанның жерге қаратқан күні жоқ. Былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша, 100 аналықтан 112 бас қозы алды. Мал басының аман сақталуын 98,7 %-ға қамтамасыз етті. Үстеме салмақ өндіруде де биік көрсеткішке жетті. Әр қойдан жүн өндіруде жоспарлы өнімін алды. Бұл қарекеті басшылық тарапынан ерекше бағаланып, шаруашылықтың үздік шопаны атанды. Одан бөлек 2019 жылы облыстық дәрежеде өткен Сатхан Дәулетқалиев атындағы қой шаруашылығы байқауында бас жүлдені еншіледі. Жылдағы міндетінше, аналық қой малын қолдан ұрықтандырып, қыс айларында малдың қоңдылығын түсірмей, үлкен іс жүргізуде.

Түздегі жұмысын ақсатпаған Тоты Өтеуқызы шаңырақтағы жарық-жылуын да маздатып отырған жайы бар. Тәрбие-тәлімге қанықтырып өсірген ұлы ұяға, қыздары қияға қонды. Ұлы Жасұлан ата-анасының ізін басып, шаруашылықта мал дәрігері қызметін атқаруда. Батыл қадамнан тайсалмай, бабалар көшін ертеңге жалғап, ақ-адал ұрпақ өрбіткен осындай батыр аналарымыз Мәңгілік елдің құт-берекесі, құрметтісі болып қала бермек.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521