Аудан әкімдігінде шаруа қожалықтары мен мал дәрігерлерінің қатысуымен түйе өлімінің себебін талқылау мақсатында жиналыс өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Ермекқали, осы басқарманың ветеринария бөлімінің басшысы Элеонора Есентаева, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Қадыржан Арыстан, аудан прокурорының орынбасары Аянбек Сүйінәлиев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин, аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов қатысты.
Аудандық ветстанса директоры Жеткіншек Ажығалиев: – Құрманғазы ауданында мамыр-маусым айларында 10 ауылдық округтерде 258 бас түйе малы ауырып, оның 91-і өлген. 132 басы емделді. Құрманғазы аудандық ветстанса жоспарына сәйкес түйе жануарларын сібір жарасы ауруларына қарсы профилактикалық-диагностикалық зерттеу жұмыстары атқарылды. Ағымдағы жылдың шілде айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің Атырау облысы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы ветеринарлық бойынша референттық ұлттық орталық директорының орынбасары және биологиялық қауіпсіздік орталығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтының бактериологиялық зертханасының аға ғылыми қызметкерлерінің қатысуымен барлық үш ауылдық округтің жеке шаруашылықтарының түйе жануарларынан 10 және кене жәндіктеріне 5 сынама зерттеуге алынды. 29 тамызда Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтының қорытындысы бойынша түйе ауруына цифалопиноз диагнозы қойылды. Өлген түйелер ветеринариялық заңдылық талаптарына сай өртеліп, жойылды. Аса қауіпті аурулар белгілері байқалған жоқ. Қазіргі таңда ауданымызда түйе малынан өлім-жітім тоқталды. Жағдай ветеринариялық дәрігерлердің бақылауында тұр, – деді күн тәртібінде қаралып отырған мәселеге қатысты қысқаша ақпаратында.
«Құбашев Е» шаруа қожалығының мүшесі Нұрболат Құбашев: – Түйелер 1 маусымнан бастап ауырды. 9-10 маусымда 1 түйе өлді, 13-і күні ветстансаға айттық. 16-сы күні теледидардан көрсетті. Сол кезде ұлттық референттық орталыққа жіберген. 20-24 күндері де өлім-жітім көбейді. 5 түйе 1 күнде өлген жағдайлар да болды. Өлген түйелерді өртеп, мал моласына салмай жанына көмді. Зерттеу мәліметі 5 қыркүйек күні келген зерттеу мәліметінің мұрынқұрттан өлді деген нәтижесіне келіспейміз. Дұрыс анықтаңдар немесе өтемақы төлеңдер. Бұл ауру 1 ай 15 күн жүреді, сосын тоқтайды. Былтыр да түйелер осы аурумен ауырды, – деген жанайқайын жеткізді.
Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Элеонора Есентаева түсінік беріп: – Мал аурулары жұқпалы және жұқпалы емес болып бөлінеді. Ұлттық референттық орталық зертханасынан бүкіл жұқпалы аурулардың қоздырғыштары жоқ деген ақпарат келді. Жұқпалы аурудан өлмеген малға өтемақы төленбейді, – деп малды уақытымен тексертіп, тиісті екпелерін алып отырулары, арнайы препараттардың қолдану мөлшерін білмейтіндіктен мал дәрігерінің қатысуынсыз өз бетімен пайдаланбаулары қажеттігін ескертті.
Аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев: – Түйе өлімі басталғанда сіздерге бірнеше рет шықты. Неге сол бойда шарасы алынбады? Телевидениені шақыртып, өлген түйелерді түсіргеннен кейін ғана ұлттық референттық орталық қозғалды. Оған дейін түйелер өліп болды. «Олар неден өлгені анықталды ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Биыл бұл ауру анықталмаған жағдайда келесі жылы қайталанбауына кім кепілдік береді? Шаруа қожалықтары не істеуі керек? Егер ауру келесі жылыда қайталанатын болса, онда наурызда түйе боталамай тұрып оларды сатып жібермесе тағы шығынға қалады ғой, – деген алаңдаушылығын білдірді.
«Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин, аудан прокурорының орынбасары Аянбек Сүйінәлиев тарапынан ветстанса қызметіне сын айтылып, миллиондаған теңге жұмсалып салынған мал молалары неге толық пайдаланылмай отырғаны сұралды. Аудандық аумақтық инспекция басшысы Асылбек Ешекеев түйеге шаруа қожалық иелері өз беттерімен екпе егуі салдарынан 1 күнде 34 бас мал өлгенін, басқа шаруашылықтарда мұндай жағдай орын алмағанын алға тартты. Шортанбай ауылдық округі мал дәрігерінің айтуынша ауырған түйелерді оқшаулап, тиісті емін жасаған. Нәтижесінде олардың ішінен ауруы асқынған 4 түйеден басқасын аман сақтап қалған.
Түйе ауруы біраз талқыға түскеннен кейін Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Ермекқали түсіндіру жұмыстарын күшейту, осы басқарманың ветеринария бөлімінің басшысы Элеонора Есентаева малдардың жем-шөбінен сынама алу, аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев қалған малдан қан алып зерттеу керек деген ұсыныстарын ортаға салды. Атырау облыстық мәслихаттың депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Қадыржан Арыстан қазір зоотехник қызметі жоқ болғандықтан әрбір шаруа қожалығы мал азығының мөлшерін өздері жақсы білуі керектігін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов жиынды қорытындылап, Атыраудан келген мамандарға ризашылығын білдіріп, қатысушыларға бүгінгі айтылғандарды басқа азаматтарға жеткізе жүруді тапсырды.
Қанат ҒҰМАРОВ