Негізі 1955 жылы драма үйірмесі түрінде қаланып, 1959 жылы «Халықтық» атағын алған Дүйсенғали Ғұмаров атындағы «Теңіз» халық театрына биыл – 60 жыл.
Бұл өнер ордасы құрылғалы бері бірнеше пьесаны сахналап, осы қойылымдарда ойнаған ауыл жастарының таланты елге танылды. Репертуарын комедия, трагедия, драма және классикалық шығармалармен толықтырып отырған театр – облыстық, республикалық байқауларының, халық шығармашылығы бүкілодақтық фестивалінің лауреаты. Мерейтойға орай аудан әкімдігі және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Театр – мәңгі жасайтын мәуелі өнер» атты облыстық байқау өтті. Оған Индер ауданынан «Ақжайық», күй өңірінен Д.Ғұмаров, З.Исмагулов атындағы, «Алға», «Орлы» халық театрларының ұжымдары жиналды. Мәдениет үйінің алдына қызыл кілем төселіп, құрметті қонақтар оның бойымен жүріп өтті.
Жүргізуші Б.Бидоллаев олардың әрқайсысын жеке-жеке таныстырып отырды. Ал үстеріне қазақша киімдерін киген мәдениет үйінің қызметкерлері меймандарға ақтан ауыз тигізіп, сары бауырсақтан дәм таттырды.
Зал толы өнерсүйер қауым көркемдік бағыттағы ізденістерін тоқтатпай дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіріп, өткен мен бүгінгіні сабақтастырған Д.Ғұмаров атындағы «Теңіз» халық театрының терең тарихынан сыр шерткен қысқа метражды деректі фильмді тамашалады. Онда ұжымның жүріп өткен жолы айшықталып, өнер ошағында әртіс болып, түрлі рөлдерді шебер сомдаған ардагерлердің ұрпақтары тағылымды әңгімелерін өрбітті. Мерекенің салтанатты шарасын жүргізген Р.Тоқаев байқаудың салтанатты шарасын ашық деп жариялап, әділқазылар алқасының құрамымен таныстырды.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров жарты ғасырдан астам уақыт бойы көрермендерге сүбелі дүние ұсынып келе жатқан аталмыш ұжымның мерейлі мерекесімен құттықтап, байқау қатысушыларына аудан әкімінің алғыс хатын ұсынды. Аталмыш театрдың ардагері Әуез Ізжанов жүрекжарды лебізін білдіріп, кезінде өзі қойылымдарда басты рөлдерді сомдағанын айтып, өнер ошағының ыстығына күйіп, суығына төзе білген ардагерлерді еске алды.
Театрдың негізін қалаушы Дүйсенғали Ғұмаровтың ұлы Асқар Ғұмаров өнер мерекесін ұйымдастырушыларға зор ризашылығын білдіріп, театр ұжымдарына және «Теңіз» халық театрының құрылуы мен қалыптасуына еңбегі сіңген әртісі Ақбала Қаюпованың қызы Наслихаға естелік сыйлығын табыстады.
Байқаудың шымылдығы Д.Ғұмаров атындағы халық театрының «Жазығым не менің, анашым?» мюзиклымен ашылды.
А.Шакупова