Теңізге шығар жер қазылмай балық жүрмейді

(0 Votes)

Жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов,Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің жаңа төрағасы Қайыр Рыскелдиновпен бірге қасына облыстық, аудандық филиалдарының басшыларын, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық бөлімі басшысының орынбасары Серік Сәрсекеновті, аудан әкімі Бибоз Шаяхметовті, «Каспий Балық» ӨК-нің төрағасы Жұмажан Шакуповті ертіп, төрт қайықпен Қиғаш бойына шықты.

Су бойы толы құс. Бірі тыныштықтарын бұзған жүрдек қайықтардың дауысынан үркіп суға сүңгіп, қамысқа кіріп бассауғаласа, басқалары оған мән бермей еркін жүзуде. Өзен суының кей жерінде түбі көрінеді. Мысалы, Тельячие-Кінаша каналы тым тайыздап кетіпті. Қайық ыңырана қозғалып әрең өтті. Жігіттер суға таяу тығып өлшеп қарап еді, тереңдігі 30-40 сантиметрдей екенін көрдік. Новинск тартымы да осындай. Қасымызға ерген жігіттердің айтуынша Қиғаш пен Шораның теңізге құяр жері де тайыз. Оған да бардық. Мұндай жағдай балық қозғалысына да, табиғатты пайдаланушыларға да қиындық тудырып отыр.

Балықшылардың мәселелерін жиналыс сайын көтеріп жүрген туған жердің жанашыр азаматы Жұмажан Шакупов бұл жайлы: - Өндірістік кооперативтер теңізден, Новинскіден балықты Кінаша каналы арқылы тасиды. Оның 5-6 шақырымы қазір тым тайыздап кетті. Болашақта жобаға енгізіп, сол жерді қаздырып беруге Үкіметтен көмек сұраймыз. Екінші мәселе жаңағы Тельячие каналы. Ол Кінашамен қосылады. Сол жерде 2-3 шақырымдай жер бар қазатын. Мына жерде «Қиғаш» аңшылар базасы, «Сәрсенбаев» шаруа қожалығы, «Интер Фиш Каспий», деген табиғат пайдаланушыларsы бар. Аталған каналдарды қазуға табиғат пайдаланушылар атынан көмек сұраймыз, - деді. Ертеңіне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов Шортанбай ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті.

Шара алдында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдиновтен сұхбат алудың сәті түсті. Комитет төрағасы бізбен әңгімесінде: – Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Құрманұлымен Атырау облысына іссапармен келіп жатырмын. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің қазылуының қалай өтіп жатырғанын көріп, Шортанбай балық зауытында болып, жұмыс барысымен таныстым. Мұнда жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар әкелінгеніне қуаныштымын. Өйткені ол жүздеген адамдарды жұмыспен қамтыған, Атырау облысында өнеркәсіптің дамуына үлес қосып отырған кәсіпорын болғандықтан Шортанбай балық зауытының басшыларына рахмет айтқым келеді. Қазір біздің комитет балық бағдарламасын дайындап жатыр. Инвест субсидия, азық субсидиясы басқа да балықшылар тарапынан түскен ұсыныстардың бәрін соған кіргізіп отырмыз. Әсіресе тоған шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлудеміз. Атырау облысы Қазақстан бойынша балық шаруашылығымен кеңінен айналысатын өңір. Бүгінде балық шаруашылығы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға осындағы азаматтар да өз үлестерін қосады деп ойлаймын, - деді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Құрманұлы заң шығарушы органның жұмысынан қысқаша мәліметтер беріп өтіп: - Соңғы 8-9 жыл шамасында осы балық шаруашылығы мәселесімен айналысып жүрмін. Сол себепті оны дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылуы қажет деген ойдамыз. Әрине негізгі балық шаруашылығына, балық қорғауға қатысты нормативтік құжаттар дайындалды, заңнамалық база бар. Бірақ, іске асыратын жұмыстар да жеткілікті. Үш жылға жуық уақыт жұмыстануымыздың нәтижесінде Балықшылар күні – кәсіби мереке ретіндеҮкімет қаулысымен бекітіліп, биыл кең көлемде аталып өтті. Ол Атырау, Қызылорда облыстарында және Құрманғазы ауданында өте жақсы өткенін мен естідім. Ресейде мамардың 25-іне дейін балық ауласа, бізде мамырдың бірінде тоқтатылатын. Мұны шешу үшін бірнеше рет осында іссапарға келіп, балық шаруашылығы кооперативтері басшыларымен, аудан әкімінің орынбасарларымен, ғылыми-зерттеу институты мамандарының қатысуымен Атырауда үлкен жиналыс өткіздік. Бұл біздің балықшылардың құқығын шектейтініне көз жеткіздік. Қазір аудан балықшылары да мамырдың 25-не дейін аулайды. Екінші мәселе лимиттің уақытында бөлінуі. Бір кездері ол сәуірде бөлінген уақыттар да болды. Балықшыларымыз бір-екі ай уақытын жоғалтты. «Лимитті аламыз ба, алмаймыз ба»,- деген үміт пен күдік басым болды. Сол себепті кооперативтер оған инвестиция салуға да құлықсыздық танытты. Лимитті алу мерзімін бірінші маусымнан бірінші шілдеге өзгерту қажет. Сонда балықшылар алаңсыз мұз түскен бойда аулауға шығады. Бір балыққа төлем Ресей Федерациясында теңгемен алсақ 80 тиын, бізде 38 теңге. Балық қорғау инспекциясының материалдық-техникалық базасы да сын көтермейді. Облысымызға Нұрлан Ноғаев мырза әкім болып келгеннен бері балық шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп, қамқорлық жасалды. Әлі де шешімін күткен үлкен мәселелердің бірі Жайық пен Қиғаш өзендерін қазу. Парламенттің сегіз депутаты бірігіп Жайық, Қиғаш өзендерін тереңдету жөнінде сұрау жазғанбыз. Нәтижесінде 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке Сенаттың төрт комитетінің қолдауымен екі өзенге қаржы бөлуді енгіздік. Бүгінде Қиғаш өзенін тазалау, қазу жұмыстары басталды. Өкінішке орай оны іске асыратын мекемені таңдауда мүмкіндігіміз шектеулі. Айналысып отырған «Павлодар өзен порты» АҚ. Біз кеше жұмыстың жүру барысын қарадық. Істеліп жатырған жұмыстың сапасына, нәтижесіне көңіліміз толмай тұр. Техника әлсіз, қуатсыз. Теңіз бойынан қазу жұмыстары басталмаған. Мекеменің оған кірісетін қазу құралдары, техникасы жоқ. Жайық өзенінде де осындай жағдай. Мен барған соң міндетті түрде бас прокуратураға депутаттық сұрау жіберемін. Қиғашты қазуға қаржыны үлкен күшпен алдық. Сондықтан оның жүру барысын қадағалаңыздар. Қараңыздар, жұмыс қалай жүріп жатыр? Ұнамаса тікелей маған шығыңыздар, - деді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов: - Премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен бізде «Балық бағдарламасы» дайындалу үстінде. Оның әзірленуіне балық шаруашылығымен айналысатын азаматтар қатысты. Кеше Қиғаш өзені бойын аралағанда қайықтар қайырлап әрең жүріп жатқанын көрдік. Балық қорғау инспекциясының басшысы қыста мұз ойлып, етіктеріне су кіретінен жеткізді. Қайықтары да ескіріпті. Биыл бір қайық, алға қарай мұз үстімен жүретін аэрошана бөлуді қарастырамыз. Қиғаш өзеніне бөлінген ақша өздеріңіздің араларыңыздан шыққан Сәрсенбай Құрманұлының жанашырлығының оң нәтижесі. Бәрімізге ортақ шаруада: «Анау әкім, депутаттар жүр, солар жасайды, біздің не шаруамыз бар», - деген немқұрайлылық болмауы тиіс. Бұл өздеріңіз үшін тиімді. Әйтпесе лимит жылдан-жылға азая түседі, -деді.

«Каспий-Балық» ӨК төрағасы Жұмажан Шакупов теңіздің түбі, Жаркөсе, Новинск каналдары қазылса, лимит көбейтілсе және шілде айында бөлінсе, биоресурсқа төлем азайтылса деген ұсыныстар айтты. Шортанбай ауылының тұрғыны Тілекбай Машанов Шортанбай балық зауытының жұмысын жолға қойған аудандық мәслихат депутаты Болат Абдолов сияқты азаматтарға қолдау көрсетуді сұрап, Қиғашта тұрған жер снярады мына қарқынымен теңізге дейін 15 жыл жүреді ғой деген алаңдаушылығын білдірді. Байырғы балықшы, Шортанбай ауылының тұрғыны Саясат Зұлхарнаев: - Кеңес Одағы тұсында ММС деген мекеме болды. Ондағы жер қазатын техника Қиғашта тұрғаннан бірнеше есе үлкен еді. Соның жетеуін қойғанда арна бойын, 150 шақырым жерді 6-7 жыл қазатын. Мына екі жер снярады оны қашан аяқтайтыны белгісіз, екі-үш жылда бітіреді дегенге күмәнім бар. Қазіргі қарқыны мардымсыз. «Павлодар өзен порты» алдағы уақытта жұмысын жақсартады деген ойдамыз. Теңіз тамағын қазу қажет, 15-20 жыл болды, бермен қарай балық өте алмайды, - деді. Қиғашты қазуға бөлінген қыруар қаржы желге ұшпас үшін Сәрсенбай Еңсегенов қатысып отырған округ әкімдеріне осындай ардагерлерден топ құруды, олардың ақыл-кеңестерін ескеруді тапсырды. Аудан әкімі Б.Шаяхметов жақсы түсінік бергені үшін С.Еңсегенов пен Қ.Рыскелдиновке құрманғазылықтар атынан ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT