Тарихи атауының өзгермегенін қалаймыз

(6 Votes)

ХХ ғасыр басында Азғыр өңірінде Артығали деген бай, ауқатты адам тұрған.

Осы адамның бұл ауылдың сақталып қалуына сіңірген еңбегі көп. Ұлы Кіршік екеуі  халықтың осы жерден көшпей тұрақтауы үшін барлық жағдайды жасаған. Артығали Беріштің Тынысының Қалыбай бөлімінен. Кіршік деген ұлына Азғырда тұратын Закир деген бай татардың  қызын алып берген. Закир Азғырдың шығыс жағында 1 шақырым жерде отырған. Тұз өндіретін шахтасы болған. Закир өлерде барлық дүние-мүлкін күйеу баласы Кіршікке мұраға қалдырған.

Кіршік  жергілікті халықты шахтаға жұмысқа алып, күнкөрістерінің түзелуіне ықпал етіп, көп көмек көрсеткен. Тұзды өгіз арбамен Ресейдің Харабали қаласына тасып, ол жақтан шай, секер, ұн, мата әкеліп сатқан. Азғыр ауылында Кіршік сол кезде салған дүкен күні кешеге дейін жұмыс жасап тұрды. Ресейдің Харабали қаласынан салған үйі күні бүгінге дейін бар. Қазіргі уақытта аталған қаладағы Негаев көшесінде орналасқан балабақша.

Кіршіктен 2 қыз, 1 ұл қалған. Қызы Өсима көп жылдар Харабайлыдағы  мал сою пунктінде жұмыс жасап, зейнеткерлікке шығып, 2000 жылдың бергі жағында қайтыс болды. Ұлы Мақсот сол қалада тұрып, өмірден озды. Одан 2 ұл, 2 қыз өмірге келген. Олар қазір Харабайлы қаласында тұрады. Кеңес үкіметі орнаған соң Кіршіктің бар байлығы тәркіленген. Азғырдағы тұз өндірген шахтасы күні кешеге дейін екі үлкен терең шұңқыр болып сақталған еді. Бертін келе ауыл әкімдері көмдіріп тастады. Кіршік Харабайлы қаласынан 6-7 шақырым жерде, шығыс жақ бетіндегі биік төбеге жерленген. Бұл кісінің ағайындарынан бел немересі  Ботақара Қуаншалиұлы Азғырдың батыс бетінде Көсем деген жерінде өмір сүрген. Осы Ботақараның Әнес, Сақып, Сақаш, Мұханбет деген балалары болған.

Қазір Азғыр халқына ешбір еңбегі сіңбеген адамдар ауыл атын өзгертеміз деп жүр. «Азғыр» - деген қалмақ сөзі, оны «Аққала», деп өзгерткен дұрыс», дегенді газет бетінен оқып өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Тарихи атауының солай қалғанын қалаймыз. Басқа атау керек деп жатса, ауылымызға еңбегі сіңген Артығали, Кіршік және басқа адамдардың есімдері бар.  Мынаны оқыған соң ол адамдар ойланып, райынан қайтар. «Келісіп пішкен тон келте болмас», деген сөз бар, қандай атауды ұсынғанда да жергілікті халықтың талқысына салған дұрыс. Біздің де айтарымыз бар. Сыртымыздан тон пішудің қажеті жоқ.

Нұрболат Мұханбетов.

Азғыр ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521