Азаматтық қоғамның бір тірегі мемлекеттік емес ұйымдар десем артық айтқандық болмас. Атқарушы билік пен халықтың ортақ мүдде орайында ықпалдасуында қоғамдағы азаматтық белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде, белгілі ұйымдар аясында бірлескен іс-қимылының маңызы жоғары.
Өйткені, бұл ортақ әрекеттер кезегінде елдегі азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде қоғамдық қатынастар саласындағы түбегейлі өзгерістер орын алып, азаматтық белсенділіктің өсуі басым сипат алды. Азаматтық қоғам институттарын үдемелі және дәйекті түрде қалыптастыру, адам мен мемлекеттің арасындағы серіктестік қатынастың орнығуы реформаларды алға бастырудың көзге айқын шалынатын индикаторына айналды. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен азаматтық бастамалар қолдау орталығы аудан жастарының әлеуметтендіру бағытында «Talaptan Kurmangazy» жобасы іске қосылды. Жобаның ұйымдастырушысы болып, «Құрманғазы-Туған жер» қоғамдық қоры танылды. Қор жетекшісі, ауданда осындай бағытта жұмыстар атқарып жүрген белсенді жас Азамат Абдуллаевты сұхбатқа тартып, жобаның мақсат-маңызы жайлы сұраған болатынбыз.
- «Talaptan Kurmangazy» жобасы ауданымыз үшін өте тиімді болғалы тұр, өйткені әр іс-шарасында ауылдың тұрмыс-тіршілігі, мәдени, рухани өмірі, жастар саясаты, спорт саласы барлығы қамтылады. Сондықтан ауыл жастарын осы жобаға белсенді қатысуға, бұл керемет мүмкіндіктерді жіберіп алмауға шақырамыз. Жоба тікелей облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен атқарылады, тек Құрманғазы ауданының жастарына ғана арналып отыр. Жоба бір жыл көлемінде көлемінде жүргізіліп, 35 жасқа дейінгі құрманғазылық азаматтар қатыса адады. Жоба бойынша аудандық жастар ресурстық орталығы басшысы Аян Жексенбай екеуіміз бірлескен іс-шаралар жоспарын жасақтап, бекітіп, екі жақты келсім меморандумға отырылды.
Іс-шараларды сөз етсем, ауданның кемінде үш елді мекенінде сол жердің жасатырына арналған «We talk» консультациялық алаңы ұйымдастырылады. Кеңес алаңы арқылы жастарға меммлекет тарапынан көрсетілетін кәсіпкерлік бағытындағы қолдаулар, жастар үшін әзірленген түрлі бағдарламалар, жастардың әлеуметтік мәселелері, тұрғын үймен қамтылу жайы түсіндіріледі. Бұл бойынша ауданның 19 ауылдық округінде скиперлер кездесу өткізеді. Сонымен бірге, әлеуметтік ортаға тартылмай, қалыс қалып келген жастардың әлеуметтік осал топтарынан шыққандар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыз жастар, бала күтімі бойынша демалыста жүрген жас аналарға арналып мамыр, маусым айларында «Құрманғазы Quiz» танымдық және «JAIDARMAN» көңілді тапқыштар ойындарын, аяқдоптан спорттық сайыстар ұйымдастыру ойымызда бар. Көрсетілген санаттағы жастарды көптеп қатыстыру, белсенділігін арттыру бағытында ынталандыру жағы қаралып, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Жастардың қаржылық, құқықтық, цифрлық сауаттылықтарын арттыру және жасанды интеллектіні пайдалану бойынша кездесу сериялары қолға алынады. Бұл да тек ауданның округтерінде тұратын ауыл жастарына тікелей арналады. Атырау қаласынан арнайы тәжірибесі мол мамандарды тартуға келсім сөз жүріп жатыр, себебі бұл тақырыптар өте күрделі, қоғам үшін аса қажет болып отыр қазірге кезде. Тағы бір маңызды шара, аудандағы мектеп оқушыларына арналып, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай кәсіптік бағдар беру кездесулері жоспарланды. Жасөпірімдермен басқосудың аясында да ауданмен бірге Атырау қаласынан бір топ әр түрлі саладағы жетістіктері мол еңбек озаттарын әкелуге жұмыстанып жатырмыз. Олар өздерінің кәсіби білім алған кезеңінен, еңбек жолдарынан үлгі боларлық жайттармен бөлісіп, жастарды ынталандырады деген ойдамын. Жобаның соңғы бөлігінде өз елді мекенін өркендетуге, туған жерін түлетуге атсалысқан белсенді үш жасқа 1000000 теңгелік шағын грант тағайындалып отыр. Конкурс әлеуметтік жобаға қатысқандар арасында өткізіледі.
Президентіміз Қ.Тоқаев азаматтық қоғамды дамыту қажеттігін, осы мақсатта үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру керектігін айтқан болатын. Осы бағыттағы әлеуметтік тапсырыс конкурстарына ұдайы қатысып, жобалар ұйымдастырып белсенділік танытып жүрген осы «Құрманғазы-Туған жер» қоғамдық қоры, сөйтіп жігерлі жас жетекшілік ететін ұйым ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып келеді. Олардың қатарында жастарға патриоттық тәрбие беру, қоғамдағы жемқорлықтың, нашақорлықтың алдын алу, ардагерлерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, қайырымдылық шараларын өткізу, волонтерлік қызметпен айналысу сияқты жақсы істерін айтуға болады. Аталған жоба да ауыл жастарына арналып, оларды бойкүйездіктен арылтып, жұмысқа тартуды көздейді. Қазақта «Талаптанған табысқа жетеді» деген жақсы тәмсіл бар. Ендеше, буырқанған өмірден қалыс қалмай, ортаға тартылып, өзіңізді сынап көріңіз, қадірлі жас буын!
Айбек НӘЖІМОВ