Такси бағасы бұғаулана ма?

(0 Votes)

Аудан әкімінің орынбасары Н.Қалиевтің төрағалығымен  аудан әкімдігі жанындағы жол қауіпсіздігі комиссиясы өтті.

– Құрманғазы ауданы тас жолдарында жол-көлік оқиғасының деңгейін төмендету мақсатында патрульдік бекеттік жасақшылары көбейтілді. Заңсыз такси қызметімен айналысатындарға тосқауыл қою үшн жедел-профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Басқару жүйесі оң жақта орналасқан, шетелдік тіркеуден шықпаған 12 көлік анықталып, иелеріне заңдылыққа сәйкес айыппұлдар салынды. Бүгінде такси жүргізушілерінің 30 пайызында аталған қызметпен айналысуға рұқсат етілген құжаты жоқ. Яғни, олар күнкөріс қамын ойлаймын деп қарапайым жолаушылардың қауіпсіздігіне салғырттық танытуда. Анықталған такси жүргізушілеріне қатысты жинақталған іс-құжаттар аудандық сотта қаралып, айыпталушы мойындап тұрғанның өзінде іс қысқартылып, жазасыз қалуда, - деді аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Т.Исаев.

Аудандық кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Насипов ауданда такси қызметімен тіркелген 125 кәсіпкер барын, алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл қызмет түріне тіркелушілердің саны азайып кеткенін тілге тиек етіп, мұны Президенттің Жарлығына сәйкес тексерулерге мораторий енгізілуімен, яғни такси жүргізушілеріне басқарма тарапынан бұрынғыдай рейдтер ұйымдастырылмауымен байланыстырды. Комиссияда оның мүшелері демалыс, мереке күндері қалаға қатынайтын таксишілер бағаны шарықтатып жіберетінін, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген жолаушы діттеген жеріне жету үшін оның ойына келген бәсіне мұқтаждықтан келісетінін айтып, бұны реттеуге заңға сәйкес жергілікті билік пен құзырлы органдар дәрменсіз екендігіне қынжылыс білдірді. Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Н.Құбашев қала мен аудан орталығына маршурт шығару жөнінде айтқан ұсынысына, комиссия төрағасы Н.Қалиев заң талабына сай жолдың инфрақұрылымы жасалған кезде ғана оған рұқсат етілетінін алға тартты. Оның үстіне ешбір кәсіпкер қазіргі жолға су жаңа автобусын салып, оны бүлдіріп, шығынға батқысы келмейтінін жеткізді.

Жүретін уақыты мен билетінің бағасы нақтыланған Атырауға қатынайтын пойыз мәселесі де әлі күнге шешімін таппай отыр. Қоғамдық көлік шығаруға шұрық тесік жолымыз қолбайлау болуда. Осылайша, қалаға жол азабын тартып әрең жетіп жүрген құрманғазылықтарға әлі де такси жүргізушілері қойған бағаға амалсыздан көнулеріне тура келіп тұр.

А.Шакупова        

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521