«Харекет» қайырымдылық қорын баспанаға аса мұқтаж, оған қол жеткізуге жағдайлары тарта бермейтін аз қамтылған отбасылардың бағына құрылған қор деп мақтанышпен айтуға болады. Мұндағы жаны жомарт, жүректері мейірімге толы еріктілер ақысыз-пұлсыз жұмыс жасап, ондай адамдарға қол ұшын созудан шет қалмайды.
Бүгінгідей үй бағасы аспандап тұрғанда бір жалақымен отырған адамға баспана алу оңайға түспейді. Сол себепті қорға сенім артып, көмек сұрайды. Бұрынғы бабаларымыз айналасындағы адамдарға қамқорлық жасап, асарлатып көмектескен. Олардың бүгінгі ұрпақтарыда қайырымдылықтан қашпай қорға ақшасын аударудан тартынбайды. «Көл тамшыдан құралады» емес пе? Аталған қор халықтан жиналған қаражат арқылы талай отбасын қуанышқа кенелтті. Міне, енді 1599-шы баспананы табыстап отыр. Мұндай бақыт Орлы ауылының тұрғыны, 4 баланың әкесі Күнтуар Дүйсенғалиевке бұйырды.
Баспананың тапсырылуына Орлы ауылдық округінің әкімі Жандос Бектеміров қатысып, іші құтты, ырыс-берекеге толы болсын деген ізгі тілегін, жаңа баспана алып жатқан көп балалы әке Күнтуар Дүйсенғалиев «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілеріне жақсылықтарың алдарыңнан шықсын деген шынайы ризашылығын білдірді. «Қуаныш бөліссең көбейеді», дегендей, ауданымыздың кәсіпкерлері де қолдаудан шет қалмай, олардың демеушілігімен дастархан жайылып, қоныс тойы тойланды.
Қанат ҒҰМАРОВ


