Табиғатты аялау – адамзаттың парызы

(1 Vote)

Қазақ о бастан-ақ табиғатты жанындай сүйіп, қоршаған ортаға үлкен ілтипатпен қараған халық. Өйткені, ата-бабамыз туып-өскен жерін сұқтанған жауынан, түрлі бүліншіліктен көздің қарашығындай сақтап келді.  

Соның арқасында асты мен үсті байлыққа толы жеріміз келешек ұрпағына міні құрамай жетіп отырды. Алайда ғылыми-техникалық революцияның өмірімізге дендеп енуі, түрлі өнеркәсіп-зауыттардың іске қосылуы тұмса табиғатты елеулі өзгеріске ұшыратты. Өкінішке орай, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері мен шапшаң дамуы адамзаттың барған сайын ашкөздікпен табиғатты тонауына, биосферадағы жаратылыстың тепе-тендік заңдарын бұзуға алып келді. Нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бүлініп, жайылымдардың топырағы тілініп, қоршаған ортамыз көз алдымызда азып-тозды. Мұның соңы азынаған желге, ащы және улы жаңбырға, ормандардың мезгілсіз қурауына, ауа райының бұзылуына, қоршаған ортаның әр түрлі улы қосылыстармен ластануына әкеп соқтырды. Адамдардың денсаулығы нашарлап, ауру түрлері көбейді.

Осыған орай, кейінгі уақыттарда табиғатқа жанашырлық көзқарас қажеттігі  кезек күттірмес  мәселеге айналды. Экологиялық проблема тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінің барлығының дерлік мазасын қашырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту басты міндет екенін атап көрсетті. Президент осы мәселеге қатысты нақты шара қабылдауды Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырды. «Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс. Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы орман алқаптарын көбейту жолында «Семей орманы» сияқты орман тұқым бағы жобасын өзге аймақтарда жүзеге асыруға назар аударды. «Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін.

Елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес. Тоқтап қалмай, оны жалғастыру қажет. «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асырған абзал.

Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек. Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн», деді Президент.

Жалпы қоғам мен қоршаған ортаның арасындағы үйлесімнің жоғалуынан үлкен экологиялық проблемалар туындайтыны белгілі. Соның салдарынан күрделі экологиялық дағдарыс пайда болып, одан табиғат зардап шегуде. Бүгінде табиғатты қорғау мәселесі адамзатты аман алып қалу мәселесіне айналып отыр. Қоршаған ортаны аялау барша адамзаттың парызы десек, сол табиғат-ананың ертеңіне бүгіннен бастап алаңдаудың артықтығы жоқ. Қай нәрсенің де алдын алып, жүйелі жұмыстар атқарса, оның тиімділігі де мол болмақ.

Зерек САҒЫПАЗОВА,

мемлекеттік қызмет саласының ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT