Қазір елімізде коронавирус індеті таралуына байланысты енгізілген төтенше жағдай жалғасын табуда.
Осыған орай жарияланған «Біз біргеміз!» республикалық акциясын қолдаған жаны жомарт, жүрегіне мейірім ұялаған жерлестеріміз аз қамтылған, көп балалы отбасыларына көмек қолын созуда. Бұл өз кезегінде олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына, қиындықтарды еңсеруіне қосылған үлес болып табылады. «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар» қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы Құрманғазы аудандық филиалының төрағасы Забих Дәулетов бастаған ардагерлер де сол қатардан табылды.
Бірнеше көлікпен шыққан тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан ардагерлер қайырымдылық шарасын Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны, көп балалы ана Салтанат Шарапиденованың отбасынан бастады.
– Бізге көрсетіп жатырған көмектеріңіз үшін отбасымның атынан рахметімді айтамын. Бүгінгідей уақытта өздеріңіздей азаматтардың болғаны халқымыз үшін мерей. Маған жасаған жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын. Еліміз аман болып, осынау сыннан тезірек өтіп, бұрынғы мамыржай тіршілігімізге қайта оралайық деп тілеймін. Балаларыңыздың қызығын көріп, аман отырыңыздар, - деді С.Шарапиденова.
Осындай көмек округтегі тағы екі үйге таратылды. Олар да ардагерлерге шын жүректен шыққан ризашылықтарын жеткізді. «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Забих Дәулетов:
– Әлемде, елімізде болып жатқан қиын жағдай бізден бірлігімізді бекемдей түсуімізді талап етіп отыр. Коронавирус індетін бірігіп қимылдасақ ғана жеңеміз. Бұған дейін қаншама қиындықтарды басынан өткізіп, «мың өліп, мың тірілген» халқымызға тағы бір рет елдігін, қайсар ұлт екенін дәлелдеуге тура келіп тұр. Осыған орай Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін қолдап, республикалық «Біз біргеміз» акциясына өз үлесімізді қосқанды жөн көрдік. Ауданымыз бойынша жеті отбасына тегін азық-түлік таратуды жоспарлаған болатынбыз. Қазір Құрманғазы ауылдық округі басынан үш үйге тараттық, қалғанын Хиуаз және Ақкөл ауылдық округтерінде жалғастырамыз. Акцияға атсалысып жатырған қарулас жолдастарым Райымбек, Тахир, Қанат, Арман, Кенжебай, Серікбай, үлкен көмек көрсеткен Ғалымжанға, қасымызға ілесіп көмекке зәру жандарға апарып жүрген Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы Бибігүл Төлегеноваға үлкен рахметімді айтамын. Барлығының отбастарына амандық, жемісті еңбек тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Аудан тұрғындарына айтарым сақтық шараларын орындайық, сонда бұл індеттен аман өтеміз. Біз сіздермен біргеміз, - деді бізбен әңгімесінде.
Қанат ҒҰМАРОВ