Тәуелсіздік тарландары

(7 Votes)

Еліміз еңсесін көтеріп, жарқын өмірге қол жеткізіп, еліміз бейбітшілік алғанына да биыл – 30 жыл. Талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткен ата-бабамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы да – егемендік.

Тәуелсіздіктің құрдастары, Құрманғазы топырағының ұлдары, еңбекте талай шыңды бағындырса да, жүрегінен ауылының атын өшірмеген тарландарымыз туралы әңгімелемекпіз. Солардың бірі –Таубалды Мейрамбек Ерланұлы. Бүгінде «Хабар», «Алматы», «Мир 24», «Абай» телеарналарында өзінің бағдарламаларын ұсынып жүр. Халықаралық  қазақ тілі құрылтайшыларының мүшесі, тележурналистиканың сан қырын бағындырып  жүрген жерлесіміздің  еңбектегі жетістіктері туралы сұхбаттасқан болатынбыз.

 - Мейрамбек аға, бүгінде сізді қалың жұршылық сонау «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасы  арқылы таниды. Бойыңыздағы ерекше қарым-қабілетіңіз қасиетті Құрманғазы топырағынан дарыған десек, артық айтқандығым емес.Бір кездегі бозбала ойға жүйріктігімен арман қаланы өзіне қаратқаны көпке мәлім. Сіздің сөз өнеріндегі өзіндік қолтаңбаңыз бен телевизиядағы болмысыңыз арқылы оқырмандарға есіміңіз жақсы таныс. Жалпы, әдебиетке деген, тілге деген құштарлық, қызығушылығыңыз қай кезден, қалай байқала бастады?!

 - Әдебиет пен жазу-сызуға деген қызығушылығым қанмен дарыған. Атам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған кісі. Кейін алғаш қолыма қалам ұстатып, әріп үйреткен апайым София Хамзаева мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Алма Садиховалар себепкер. Сол мұғалімдердің еңбегі зор. Мектеп кезінде Алма апайымның фанаты болғанмын. Оның сөз саптауы, жазу өнері мен тіл байлығына қатты қызығатынмын. Кейін, оқу бітіріп ұстазымның қасына  кеп, мен де сол пәннен сабақ беремін деп армандайтынмын. Мектеп қабырғасында жүргенде  аудандық газетке мақала беретін болдым. Марқұм Уалитхан ағай арқылы Таңатар Дәреловпен танысып, туған ауылым туралы мақаламды ұсынған кезде, арқамнан қағып, қолдауын білдірген сол ағам еді. Кейін Таңатар ағаның  арқасында газетке деген қызығушылығым оянды. Сосын «Серпер» газетінде жұмыс жасағым келіп, ұстаздық арманым газет тілшісі болуға өзгерді.  Жалпы, еркіндікті ауылдағы З.Исмагулов атындағы мәдениет үйінен үйрендім. Сол жерде КТА ойындарын ойнап, қойылым сахналағанмын. Сұңғат Бралиев, Жанар Бралиева сахна мәденитетіне баулып,  Самат Саламатов, Анарбек Нухов сынды ағаларым өнерге деген құштарлығымды оятқан. Кейін жетінші сыныпты бітірген соң, Ұлттық гимназияға 419 оқушыдан іріктеліп,  19-шы болып мен түстім. Гимназия түлегі боп жүрген кезімде де, тіл-әдебиеттен түрлі сайыстарға қатысып, республикалық олимпиаданың қола жүлдегері атандым. Сөйтіп, тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде облыста өткізілген  «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасына қатысып, 500 оқушыдан 30 бала республикаға жолдама алдық. Сөйтіп, о жақта да бас жүлдені бағындырып, ғасыр көшбасшысы атанғанмын.  Сол кезден-ақ Қымбат Досжан, Дана Нұржігіт апайларыммен танысып, ұлттық арналарда еңбек еуді армандадым. Қатысқан олимпиадалар нәтижесінде ҚазҰУ-дың грантын жеңіп, студенті атандым. Сол кезден-ақ Қымбат Досжан бойымдағы қабілетімді байқап,  мені «Хабар» арнасына жұмысқа шақырды. Өзіңіз ойлаңызшы, ауыл баласы үлкен шаһарда жүр. Оған арманындағы ұсыныс түсіп тұр. Жұрт армандаған жұмыстан мен қашып жүрмін. Өйткені, көзімдегі -12 көзілдіріктен ұялатынмын. Сөйтіп, кітап оқи бердім. Германиядан көзге ота жасайтын құрылғы келіп, ол тәжірибеге өзімді ұсынып, емделдім. Операция сәтті өтті.  Көзім ап-анық көреді. Кейін ол ұятты да жеңіп, бүгін міне, алдарыңыздамын.

- БАҚ өкілдері арасында «мен теледидар қарамаймын, мен оны жасаймын»,-деген заманауи тіркес пайда болған. Бұл пікірге көзқарасыңыз қандай? Телевизия саласына деген қызығушылық неден пайда болды? Жалпы, ізденісті талап ететін мамандықта еңбек ету, оған идея ұсыну, тың дүние ойлап табу қиын емес пе? Шабыт қалай келеді? 

- Жалпы, мен экспериментті өте жақсы көремін. Кезіндегі «Шіркін, Лайф», «Фобия» деген жобалардың авторы Толқын Сейдоллақызы, қазір «5-ші студияның» басшысы, продюсер. Сол кісі мені «пісірді». Бағдарламаларымда көрген болсаңыз, КТК арнасындағы «Айтылмаған ақиқат» хабарымда қайыршымен тамақ іштім, бірге қоқыс жәшігіндегі нанды жедім, бақсы-балгермен де бірге жүріп, олардың жасаған амалдарын мен де жасадым. Өйткені адамның жанын түсініп, соның жолымен сен де жүрсең,  сезіне білсең – сол туындының адамға әсері мол. Көрерменді алдауға болмайды. Қашанда шынайылық қажет.  Мен бұл салада тек жүргізуші емеспін. Өзім жазып, өзім оқып, өз хабарымды өзім өңдеймін. Себебі, оның «қайнаған қазанын» білу керек.  Қазір құр жүргізіп  қою сәннен кетті. Кейін драма, кино,сериалдарға сценарий жаздым. Өз саламдағы үлкен жетістігім. Мәселен, хабар түсіру барысында да суфлерды оқып, ойымды шектегім келмейді. Мен оны пайдаланатындардан емеспін.

 -  «Адамды ит қауып алыпты» деген жаңалық емес, «Адам итті қауып алыпты» десең жаңалық,- депті Чарльз Андерсон. Осы орайда, аты елді елең ететін, бірақ, тәрбиелік мәні жоқ бағдарлармалар турасында не айтар едіңіз? Мұндай бағларламалар өскелең ұрпақты тәрбиелеуде адасушылыққа әкеліп соқпайды ма?

- Ондай хабарлар керек. Сан көп болса, сапа артады. Жалпы, телевизия, қоғам, әлеумет өзгерісте болуы қажет. Себебі, көрермен деңгейіне қарай, сондай жобалар болуы заңды. Бірақ, олар өміршең болмайды. Белгілі бір деңгейде қызылды-жасылды хабарлар қызықты болуы мүмкін. Бірақ, уақыт өте халық одан да жалыға бастайды. Классика қашанда – трендте. Алайда, белгілі бір шаблондарды бұзуымыз керек. Мысалы, эфирде өзіңді әдемі, ақылды етіп көрсету деген заңдылық – қазір қызықсыз. Өйткені, бұл сол арнаның рейтингіне тікелей әсер етеді. Заман ағымына ілесіп, сұранысқа қарай, жаңа форматтағы дүниелерді мазмұнын сақтай отырып, ұсынамыз. Әр арнаның өзіндік контент – жоспары бар. Сондықтан, ұрпақты тәрбиелеуден адаспау шарт. Олардың көріп-көрмеуі көрермен деңгейіндегі мәселе. Сондықтан, таңудауда талас болмаған жөн.

- Жақсының – аты, ғалымның – хаты өлмейтіні рас... Сол жолда Ахмет Байтұрсынов атындағы Тілдер Инстутында еңбек етіп жатқаныңызды білеміз. Қазақ әліпбиін латын алфавитіне көшіру жұмыстары кезінде белсене ат салысқаныңызды әлеуметтік желі арқылы көрдік. Атадан-балаға мирас боп қалатын дүниені жасау жолында үлкен жауапкершілік талап етіледі. Міндетіңіз қандай болды?

- 2017 жылдың 12 сәуірінде Елбасының «Рухани жаңғыру:Болашаққа бағдар» атты мақаласы жарияланды. 26 жасымда сол  институтқа ғалым хатшы ретінде жұмысқа тұрған кезім. Бұл жерде 150-ден астам маман бар. Мен, сол жердегі 3-ші адам болдым. Бір сөзбен, профессор, докторларға үйлестіру жағынан көмектестім. Ғылым саласында тәжірибесі жоқ мен үшін о жақта еңбек ету бастапқыда қиын болды. Мүмкіндігінше, БАҚ-пен байланыс арттыруға, жасалып жатқан жобаларды іске асыруға,ақпараттандыруға көбірек мән бердім. Президентпен, Министрлермен кездесуде,  латын әліпбиіне қатысты түрлі жиналыста ғалым хатшы болдым. Әлі де солай.  Қазіргі таңда халықаралық  қазақ тілі құрылтайшыларының мүшесімін. Бұл – табыс табатын емес жұмыс емес. Өзім үшін қоғамдық қызмет болып есептеледі.

 - Бүгінгі таңда қазақ журналистикасының кемшін тартып тұрған тұсы не? Деңгейі көңіл көншітеді ме?

- Қазақ жастары тележурналистиканы тек эфирде жарқырып жүргізумен өлшейді. Жастардың жүргізуші болуға асығатыны мені ойландырады. Бізде сапалы контент жасайтын кадр өте аз. Мектеп бітіруші түлектер режиссер, оператор, сценарист мамандықтарын меңгерсе деген тілегім бар.

-  «Туған жердің тасы да ыстық» дейді ғой. Алыстағы жерлестеріңізге айтар тілегіңіз?

- Отанды сүю – отбасыдан басталады. Ең алдымен, жерлестеріңді сүймесең, елім деп көкірек кергенің – далбаса. Мен өз туған  жерімді әрдайым мақтанышпен айтамын. Тіпті, тұсаукесер хабарымда да Атырау облысы, Дәшін ауылы туралы да әңгіме айтқанмын. Былайша айтқанда, адамнан ауыл кетпейді екен. Ата-анам қасымда болса да, ауылымды сағынамын. Аға буын ауылымыздың әр талантты жасын қолдағанымыз абзал. Алдыңғы жолы  Ермек Айсын атты бауырымның өнеріне тәнті болғанмын. Сондай жастардың жолын ашуға ат салыссақ екен деймін. Сөйтіп қана, ауылдың атын асқақтата аламыз. 

Мейрамбек Таубалдының жетістігі осындай. Қазақ журналистикасына елеулі үлесін қосып жүрген азамат – Тәуелсіздік құрдасы, 1991 жылдың 1 қаңтарында өмірге келген. Хиуаздың тумасы.

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521