Тәуелсіздік тарландары (жалғасы)

(0 Votes)

Хиуаз ауылдың топырағына аунап өскен, қазіргі таңда әскери саланың дамуына ат салысып жүрген – Бурханов Өркен Өмірбекұлы. Ол Алматы қаласының Ұлттық Қауіпсіздік  Комитеті бөлімінің байланыс және радиотехникалық ротасының командирі.

-Жалпы ауылдастарыңыздың  есінде сіз домбыра шертіп, шахматта ойнап, тіл мен әдебиетті сүйіп оқитын, спортта да жетістікке жеткен ауыл баласы ретінде қалдыңыз. Әскери саланы таңдауаңызға не түрткі болды?

- Менің ағам әскерде Қытай мен Қазақстан шекарасында екі жыл қызмет атқарған еді. Сол ағам келген кезде соның әскери киіміне, жүріс-тұрысына қызықтым. Мен де сол сияқты  шекараны қорғап, не болмаса қауіп төнген жағдайда қолға қару алып, қасқая қарсы тұратын батырлардың бірі болуды армадайтынмын. Балалық арман, мақсат алға жетелеп, соның нәтижесінде бұл қызметті таңдаған едім.

-Әскерде болған жылдарыңыз бен еңбек жолыңызды айтып өтсеңіз?

-Алдымен Алматы қалалық радиоэлектроника  және байланыс әскери-инженерлік институтына оқуға тапсырдым.  Онда түрлі сынақтан өттім. Басты пән физика болды. Сол пәннен сынақ тапсырып, нәтижесінде 2008 жылдың 5 тамызында әскери курсанттардың қатарына қабылдандым. 2014 жылы Сарыағаш ауданынан алғашқы еңбек жолымды бастадым. Ұлттық қауіпсіздіктің 2020 әскери бөлімінің шекара бөліміне техника жөніндегі Байланыс бөлімінің командирі боп тағайындалдым. Кейін ротаның командирі болдым.  2018 жылдан бастап, қазіргі қызметімде еңбек етіп келемін.Біздің бөлімше тұрақты және үздіксіз  байланыспен қамтамасыз етеді.

-Әскери адам болудың қандай қиыншылықтары бар?

-Ол адамның нәпсісін жеңіп, тәртіпке бағынып, өзін жеңе білуі.  Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, әскери адам болған соң, тәртіп бірінші орында болуы керек. Себебі, Конституция және әскери Жарғы аясында қызмет ететіндіктен,соған лайық болу керек. Біз – өз мамандығымыздың айнасымыз. Алдымен, өзіңді тәрбиелесең, сан жетістікке жетерің сөзсіз. Ал қиындықтарына келер болсақ, көшу деп ойлаймын. Бұл жұмыс  – елдің әр жерінде қызмет етуді талап етеді. Соған байланысты көшіп-қонып, әртүрлі жерде қызмет етеміз. Оның үстіне жанұя мүшесі көп болса, жан-жаққа көшіп жүру қиын.

-Еліміздегі жасөспірімдер, жас жігіттер әскерге барудан қашады. Оның алдын-алудың  жолын іздейді. Оған не себеп деп ойлайсыз?

-Оның себебі – жастардың ғаламторға улануы. Ондағы ақпарат легі де ұсақталып кеткен. Арзан хайп пен пиарға жақын. Ал, әскери қызметке, Отанды сүюге, қорғауға байланыстар идеологиялық жұмыстардың қажетті деңгейде насихатталмайды. Ер адам «еркек» болғаннан кейін, атам заманнан бері қалыптасқан ұстанымы, сипаты болады. Соған мән берер болсақ, бабамыз атқа мініп, жауға шапқан. Толарсақтан саз кешіп, ауызықтан су ішкен, жаумен айқасып, осыншама жерімізді аман алып, бүгінде егемендікті сыйға тартты. Егер әскерге бармай,белгілі бір тәжірибеден өтпей, қолға қару ұстап, қалай қолдану керектігін, төтенше жағдайда қалай әрекет ету тәртібін білмесе, ол жігіт өзінің елін қорғай алмайды. Әрине, әр ата-ана өз баласын ойлайды. «Онда баламды ұрады, дедовщина» ,- деген себеппен жібергісі келмейді. Ал, қазіргі таңда, Қазақстан әскерлерінде «дедовщина» деген түсінік жоқ. Оны болдырмау, алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан шаралар өте көп.

-Ауылға жиі кеп тұрасыз ба? Жерлестеріңізге әдемі тілегіңізді айтсаңыз...

-Мен үшін ауылымның орны ерекше. Сонда туып, кіндік қаным тамған жер – мен үшін әрине, ыстық. Алатаудың етегінде жүрсем де,  ауылымның табиғатын сағынамын. Ауылымның адамдары да ерекше. Көршілердің өзімен туыстай аралас-құралас боп, емін-еркін жүреміз. Ауылыма жылына тек бір рет барамын. Мүмкіндігім де сол. Сол күнді асыға күтіп жүремін. Амандықта жүздесейік!

Таң атысы, күн батысы шекарада ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбазбен сұхбат осылай өрбіді. Туған жердің ыстық топырағын аңсап, сағынып жүрген Өркен ағамызға «Талабыңыз таудай болсын! Отан қорғау жолындағы жігеріңіз жасымасын» дегім келеді.

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521