Жігітке жеті өнер де аз

(1 Vote)

Өнер – Алланың пендесіне берген нығметі. Сол сыйды бойға сіңіріп, одан әрі дамытып, алып жүру – көптің қолынан келмейді.

Физикада «энергия – жоқтан пайда болмайды, болған зат өзгермейді» деген заңдылық болса, өнер де ғайыптан пайда болмайды. Жыраулық дәстүр, күйшілік өнер жалғасын таба бермек. Құрманғазы жерінде туып, алып тұлғаның  қасиетін бойға сіңірген келесі кейіпкеріміздің есімі де – Құрманғазы.Нақтыласақ, Қалиев Құрманғазы Жангелді ұлы.

-Күйшілік қабілетіңізді қай кезден бастап байқадыңыз? Домбыра ұстауыңызға кім себепші болды?

-Менің атам Наухан Қалиев деген кісі. Елімізге танымал композитор. Түрлі аспаптарда домбыра,баян, скрипкада ойнаған. Ауылда мәдениет үйі ашылған кезде 80 адамнан тұратын оркестр құрып, шәкірт тәрбиелеп, театрдың қалыптасуына, оның музыкалық жетегіне жауап берген. Сол кісіден дарыған деп ойлймын. Атам әкеме менің есімімді «Құрманғазы» қойыңдар деп аманаттап кеткен. Жалпы, 9 жастан бастап қолыма домбыра алдым. Ағам үндінің атақты «агайа» деген әнін баянда ойнап, айтып жүретін. Мен оны «слух» арқылы домбыраға салатынмын. Сөйтіп, ауылдағы «Дәулеткерей» саз мектебінде 5-ші сыныптан 9-шы сыныпқа дейін домбыра сыныбында оқыдым.Содан кейін өнерге баулыған – марқұм жездем Тұяқбай Мамбетғазиев. Жезтаңдай әнші, термеші, күйші.Кезінде домбырадан талай лауреат болған. Сол аға домбырамен күй шерткен кезде, мен ортада билейтінмін.

-Қай жанрда күй шертесіз? Қоржыныңызда авторлық күйлеріңіз бар ма?

-Жоғарыда айтып өткендей қосылып ән айтып, билеп орындаушылық қабілетімді дамытқан болсам, 7-ші сыныптан бастап авторлық күйімді шығарып бастадым. Ол кезде ешкімге тыңдатпай, оңашада  шертіп жүрдім. Содан 9-шы сыныпта өзіме де әлі күнге қатты ұнайтын «Нарын шабыты» деген күйімді дүниеге әкелдім. Жалпы, мектеп жасында жиырма шақты күй шығардым. Кейін кәсіби орындаушылыққа бет бұрғаннан кейін,, ол күйлерім ұнамай, тізімнен сызып тастағанмын. (күліп)  Қазіргі таңда 8 күйім бар. Алайда, есейе келе сол кездердегі күйлерім пәк жүрекпен шыққанын ойлап, қайта жандандыруды қолға алмақпын. Атамнан қалған  төрт күй бар. Солардың бәрін қосып, өңдеп, нотаға түсіріп, әуенін жаздым. Бес жылдық саз мектебінен соң, 2006- 2010 жылдар арасында Оралдағы Құрманғазы саз колледжінде оқыдым.2010-2014 жылдары Алматы қаласында Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда білім алдым. Сол кезде көптеген жанрларды үйрендім. Бірақ, батыстықтар төкпе күйдің шебері болса, мен де сол жанрдан асып кете алмадым.

-Күйшіліктен бөлек, қандай өнеріңіз бар?  Сізді отандық сериалдан да байқап қалдық?

- Көптеген танымал сериалдардың музыкасын жазғанмын, жазу үстіндемін. Көбіне музыкалық жолда таныстырғанды жақсы көремін. Актерлік бағытта өзімді сынап көрдім. Оқырмандарым, жақын достарымның айтуынша, ойыным көптің көңілінен шығыпты. Алайда, бұл сала мені шабыттандырмады. Сондықтан оны шыңдағым келмеді. Ақындық қабілетім де болған. Ауылдағы Стахан атам маған батасын берген. Мүшайраға, ақындар айтысына қатыстым. Ол кездегі қызықтарды Таңатар Дәрелов ағам жақсы біледі. Алайда,сөз өнерін  қолға алмадым. Арасында демо ретінде әнге сөз жазатыным бар. 

- «Magic of nomads» тобына қалай келдіңіз? Арнайы кастингтен өттіңіз бе?

- Арнайы кастинг болған жоқ. «Magic of nomads» тобына 2012 жылдың аяғында, студент шағымда келдім. Осы топқа келуіме бірден-бір себепкер адам – консерваториядағы мұғалімім Сәлімгерей Садықов. Ол кісі – сол топтың ех.солисті. Өзінің жұмыстарына байланысты мені қалдырып кетіп жүретін.  Алғашында бірге өнер көрсеттік. Кейін сол топтың тұрақты мүшесі ретінде қабылдандым. Олармен талай белесті бағындырып, түрлі жетістікке жеттік. Кәсіби музыканттармен танысып, музыкалық тұрғыдан шыңдалдым. Бұл топ қазір де бар. Жаңа альбом жазып, дайындық үстіндеміз.

-Қазіргі таңда немен айналысасыз?

- Қазіргі таңда өзіме қатты ұнайтын жұмысым – жеке студиям бар. Жеке кәсіпкер ретінде продюсерлік қызметті атқарамын. Әншілерге ән жазып, аранжировкасын, жасап, өңдеп, киноиндустрияда саундтрек жазамын. Атақты «Томирис» фильміне де трек жазу маған бұйырды.

-Өнер жолында қандай жетістікке жеттіңіз?

-Жетістіктерім мектеп кезінен басталды. Республикалық, облыстық деңгейдегі конкурстардан лауреат атанғанмын. Студент шақта да көп жетістікке жеттім. Халықаралық «Шабыт» фестивальінің 1 орын иегері атандым. «Magic of nomads»  тобымен жүріп, концерттерді Голландия, АҚШ, Вашингтон, Нью-Йорк қалаларында, БАӘ-нің Катар қаласында қойғанбыз. Ұлтымыздың төл  аспаптарын өзге елге насихаттадық. Бұл – топтың да, менің де жетістігім.

-Ауысдастарыңызға айтар жүрекжарды тілегіңіз?

-Өткен жылы ауылдық З.Исмагулов атындағы мәдениет үйінің фейсбук парақшасында онлайн концерт берген болатынмын. Сол кезде ауылдастарымның жылы лебізін  оқып, бір қуанып қалдым. Жерлестерімнің маған сенімі өзіме қанат бітірді. Карантин кезінде ізденуге көп уақыт болды. Концерт барысында туған жердің адамдарының ыстық ықыласын естігенде, одан әрі шабыттана түседі екенсің. Құрманғазы ауданы, Хиуаз ауылына Алатау бөктерінен сәлем жолдаймын. Еліміз аман болсын! Ауылымыз өркендей берсін! Өнерлі жастар көбейсін! Әжем: «Мына ауру қара теңіздің астына кетсін»,-дегендей,індеттен құтылып, тек жақсылықта көрісуді жазсын!

Өнеріңіз өрге жүзсін, Құрманғазы аға. Нар тұлғаның есімін алып, соның ізін жалғастырып, атадан балаға мирас боп қалар өнеріңіз шыңдала берсін.

Сүйікті оқырман! Сіздер танысқан, ел тарихында өз атын қалыптастырып жүрген ағаларымыз – Құрманғазы ауданы, Жаңаталап ауылдық округі, Хиуаз ауылының ұлдары. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің түлектері. Бала шақтан болашаққа бірге қадам басқан, арасынан қыл өтпес – достар. «Елім деген ер тұрғанда, ерім деген ел бар» демекші, ауылдастары да олармен мақтанады. Қадамдарыңызға нұр бітсін, туған жердің ұландары!

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521