Тәубадамын, бергеніне шүкірмін

(1 Vote)

Айтыскер ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қошалақ ауылының тұрғыны, Азғыр бойындағы штаттан тыс тілшіміз Есмұхан Жанизиннің есімі оқырмандарымызға жақсы таныс.

Жазған хабарын, естелігін, тапсырмамыз бойынша дайындаған материалын алып, редакциямыздың есігін жиі ашатын азамат. Қаңтардың жиырмасыншы жұлдызында өмірінің жаңа белесі – асқарлы алпысқа қадам басты. Алпыс қаламгер үшін көп жас емес, шығармашылықтың өркен жайып, жемісін берер шағы. Шабытпен суарса болды, талай дүниелер өмір есігін серпіп ашып, оқырманға өтері анық. Есмұхан Долайұлына асар бигіңіз, шығар шыңыңыз таусылмасын дей отырып, ақынның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.

Редакция

                     АЛПЫС

Көз тігемін бұлдыраған алысқа,

Жетіп тұрып шалдың жасы алпысқа,

Алдыма бір, артыма алты қараймын,

Адастырма бабам салған жол нұсқа.

            Қыста тудым ат тұяғын тағалар,

            Аз емес-ті алтын тонды жағалар.

            Елуімде тілек айтқан толымды,

            Кетіп қалды Қалам, Харес ағалар.

Келіп тұрып, тал түсіме  алпысқа,

Байқап-барлап көз тоқтатам әр тұсқа.

Талма түсте түспейді ғой көлеңке,

Алдым жарық, артым сағым, қол қысқа.

 

                     НЕМЕРЕЛЕРІМ

Немерелер, балғын бөбек әлдиім,

Сүйкімдісің, сүйсіндірген сәбиім.

Аузы түкті ата болған шағымда,

Сендерсіңдер менің үнім, ән-күйім.

            Күміс үнің кісінеген құлындай,

            Сендер барда, төбем биік, жаным бай.

            Қыздырасың ыстықтатып атаңды,

            Туған жердің аптаптағы құмындай.

Құлдыраңдап құлыншақтай кел балам,

Иіс алсам, еркін, тыныш дем алам,

Құрттайларым көңілімде көлемді,

Секілдісің ашық аспан, кең далам.

            Тәубадамын, бергеніне шүкірмін,

            Пендемін ғой бойымда бар күпір мін.

            Немерелер жалғап берсе жырымды,

            Сөйлемдегі нүкте емес, үтірмін.

Кенен айтқан шалдық дәурен тақалды ә,

Кенде емеспін сөз анасы мақалға.

Есігімді алпыс келіп қаққанда,

Ерік бердім иектегі сақалға.

            Таразылап өткен өмір талқысын,

            Тас төбеден күн төккенде талтүсім,

            Дөңгелентіп артқа тастап елуді,

            Аяң желіп, жетіп келді алпысым.

Өткен шаққа, алдыңа бір қаратып,

Естелікті естіреді таратып,

Қандай жақсы алпыс жаста қурамай,

Дарақ болған тамырланған дара түп.

            Ыстық зат жоқ, қалам мен ақ парақтай,

            Бойыма  ілген олар қару-жарақтай.

            Алпыс жасқа риза боп тұрмын мен,

            Басымдағы қара шашты тарақтай.

Е.Жанизин, Қошалақ ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521