"Иман жастары" еріктілер тобы, "Құрманғазы" қайырымдылық қоры және ауданда жол құрылысын салып жатқан "Сине Мидас Строй" мекемесінің "Камаз" жүк көлігін жүргізушілері баспана тауқыметін тартқан мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, жақсылық жасаудан жарысып келеді.
Желтоқсан айында үш бірдей отбасыны қуанышқа бөлеп, оларға пәтер кілтін табыстаса, жаңа жылдың алғашқы күндерінде тағы бір жандардың баспаналы болуына мұрындық болды.
Шортанбай ауылының тұрғындары ІІ топ мүгедегі Меңдібай аға мен Лиза апаның бұрынғы тұрып келген пәтерлерінде ешқандай жайлы жағдай қарастырылмаған. Бұл отбасы осы уақытқа дейін көгілдір отынның да қызығын көре алмаған. Үйге су да тартылмаған. Жүректеріне иман ұялаған қайырымды жастардың көмегімен енді оларға Рембаз ауылынан баспана берілді. Жаңа қоныстарына оң аяқтарымен қадам басқан қариялардың қуанышында шек жоқ. Мейірбан жастар бұл ізгілікті шараларын алдағы уақытта жалғастыра беретіндерін тілге тиек етіп, өз замандастарын шарапатты істерге атсалысуға шақырды.
А.Шакупова