Құрманғазыда асыл тұқымды түйелер қалай қыстатылуда?

(0 Votes)

Қазақ халқы еті мен сүті тағам, әрі емдік қасиеті бар, жүні киім, өзі шөлге де шыдамды түйе малын қадірлей білген. «Нар жолында жүк қалмас», деген мәтелден көрініп тұрғандай сенімді көлік болғандықтан бабаларымыз оны төрт түліктің төресі санаған.

Түйе жылы қоражайды қажет етпей жайылымда бағылады. Сондықтан шығар оны өсіру басқа ауыл шаруашылығы малдарына қарағанда тиімді. Деректерге сүйенсек жұмсалған қаржы 5-6 есеге дейін табыс әкелетіні ғылыми-өндірістік тәжірибелер арқылы дәлелденген. Адам ағзасына сіңімділігі 98 пайызды құрайтын шұбаттың шипалық қасиеті де ертеден белгілі. Шөлдің тірі кемесі ауданымыздағы шаруашылықтарда да жыл сайын көбейе түсуде. Сондай шаруашылықтың бірі, асыл тұқымды қазақтың айыр өркешті түйесін өсіретін «Құрманғазы» өндірістік кооперативі 1998 жылы құрылған. Сол кезде мұнда бар-жоғы 10 бас түйе болған екен. Оны да пайға берген. «Ұқсата білген ұтады», демей ме?! 2005 жылы асыл тұқымды түйе өсіретін шаруашылық мәртебесін алған өндіріс орыны ерен еңбектің, тынымсыз тірліктің арқасында бүгінде Ойсыл қара тұқымын 320 басқа жеткізген. Талпыныс пен ізденісті қос қанаты қылып, ғылымдармен бірлесе отырып, малдың асыл тұқымын өсіріп шығарған.

Кооператив төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сабыржан Сұлтановпен хабарласқанымызда:

– Асылдандыру жұмыстарын біз өзіміз жүргіземіз. 155 аналық інген, 6 асыл тұқымды бура бар. Түйе малы 2 жылда бір рет төлдейді. Біз соны жоспарлап екіге бөліп тастадық. Бір жылы 60, келесі жылы 70-80 бас мал боталайды. Бұл түйелердің басқаларынан ерекшелігі ірі, әрі салмақты. Буралар 1200, інгендер 700-800 келі тартады. Жаңа туған ботасының өзі 70-80 келі болады. Шөлге төзімді. Қатты қыс болмаса, далада жүреді. Сыртынан қарап отырамыз. 3 табын, 3 жерде бағылуда. Қарауымызда 6 түйеші жұмыс жасайды. Қаңтар мен ақпан түйелердің шағылысатын уақыты,– дейді.

Шаруашылық басшысының айтуынша жаңа боталаған інгендер қорада ұстап, күтіледі. Жемшөп жеткілікті. Сонымен қатар, інгендер мамыр айынан қыркүйекке дейін сауылады. Онымен кооперативтің сауыншылары айналысады. Асыл тұқымды бір түйеден 3 литрден аса сүт шығады. Түйе сүті аталған шаруашылықтың дүкендерінде сатылады. Көрпе, шұлық, кеудеше, қолғап, мойынқап және басқа жылы киімдерді тоқуға ыңғайлы түйе жүнінің де келісі 800-900 теңгемен сатылғанымен, өтуі жәй. Соған қарағанда ондай киімдердің суық жібермейтінін, жылы болатынын көп ағайын біле бермейтін сияқты.

– Қасқыр көбейіп кетті. Сол қиындық тудырып отыр. Қазір қыс мезгілі, олардың ауыл-аймақты торуылдап, тұрғындардың азын-аулық малына шабатын уақыты. Басшылық қызметте жүрген азаматтар осының бір шарасын алса екен,– дейді Сабыржан Қыдырсихұлы.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521