Тұрмыстық қалдықтың пайдасы мен зияны

(2 Votes)

Мамандар 21 ғасырда адамзат атаулы ақпараттар тасқынына төтеп бере алмау себебінен психологиялық күйзеліске ұшырайтынын жиі айтады. Бірақ одан басқа да үлкен қауіптің бар екенін мойындауға тура келеді. Бұл – экологиялық апат.

Ел-елде, жер-жерде өндіріс ошақтары мен қарапайым адамдардан шыққан түрлі қоқыс ешқандай електен өтпестен ашық алаңқайларда сақталып келеді. Ал сыртындағы қалдықтар одан жүздеген есе көп.

3207fe430505630ceb86c32009c56e37

Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамына тағам, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, ағаш, мата және пластик, синтетикалық қалдықтар кіреді.

Полигондардағы тұрмыстық қатты қалдықтар күннің жылынуы немесе өрттің кесірінен еріп, физика-химиялық және биохимиялық үрдістердің жү-руіне ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, қоқыстарды сақтау барысында сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы химикаттар пайда болады. Ал бұның биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіретіні әмбеге аян. Қоршаған ортаға келетін биогендік әсердің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар алыс қашықтықтарға тарайды.

Сонымен қатар, мамандар сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топырақ және өсімдік қабатын, жер асты суларын улы заттармен жоғары деңгейде концентрациялайды. Сол себепті, қоршаған ортадағы қоқыстарды қадағалау, оның заңға сай белгіленген орындарға төгілуі мен тазалануын ұйымдастыру жұмыстары аса маңызды.

406902_original

Қазақстанның қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясаты «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамада айқындалған. Онда қалдықтарды бөлектеп жинауды енгізуге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы инвестиция тарта отырып, қайталама шикізаттан өнім алу бағыты көрсетілген. Сол арқылы қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамытуға күш жұмсалмақ. Тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай қалдық өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізілуі тиіс.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында нормативтік құқықтық база жетілдірілді. Атап айтқанда, Экологиялық кодекске түзетулер енгізілді.

2016 жылдан бастап полигондарда құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды; металл сынықтарын; пайдаланылған майлар мен сұйықтықтарды; батареяларды; электрондық қалдықтарды көмуге тыйым салынады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пластмассаны, макулатураны,

картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге шектеу қойылды. Осы нормаларды енгізу қалдықтарды өңдеу саласында шағын және орта бизнесті ынталандыруға және дамытуға мүмкіндік береді.

Мысалы, АҚШ, Жапония, Аустралия және Еуропаның басқа да елдері қалдықтарды кәдеге жарату топырақтың қауіпті заттармен ластануы, қала полигондарының артуы нәтижесінде нақты және байыпты мәселеге айналған соң, қоршаған ортаны қалыпқа келтіруге, зиянды заттардың шығарындыларын алдын алу, қалдықтарды қайталама өңдеу немесе сұрыптау бойынша қызметтің дамуына ірі қаржы бөле бастады.

Жапонияда қалдықтың 70%-ы жағылады. Швейцария, Дания, Люксембург тәрізді мемлекеттерде де халықтың тығыз орналасуы мен ЖІӨ жоғары деңгейіне байланысты қоқысты жағу тәжірибесі қолданылады.

Ал АҚШ, Канада, Испания, Норвегия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Португалия және Финляндияда қалдықтардың 60-90%-ы тікелей ҚТҚ (қатты тұрмыстық қалдықтар) полигондарына шығарылады. Испания, Португалия және Финляндия қаладан шыққан қоқыстың шамамен 10-20%-ын компостық өңдеу зауыттарына жібереді. АҚШ, Канада және Германияда 10% және одан көп бөлігінен құнды материал алу мақсатында аралық стансаларда сұрыптайды.

Сондай-ақ, Франция, Бельгия және Нидерландыда қалалардан шығарылған қалдықтың жартысынан көбі полигонға жіберіледі, ал 25-40%-ы өртеледі. Қалған бөлігі компастау немесе пайдалы материалдар алу үшін тазартылады.

Біздегі жағдайға келер болсақ, қатты тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі компоненттерге бөлместен, яғни сұрыпталмастан ашық қоқыстарға, қалалық көму полигондарына шығарылады және қоймаланады. Шындап келгенде, олардың 97%-ы ҚР табиғат қорғау және санитарлық заңнамасының талаптарына сәйкес емес. Көптеген қалада орналастыру мен жайғастыру жобасыз және қоршаған ортаға әсерін бағалаусыз жүзеге асырылды. Ел бойынша қатты тұрмыстық қалдықтардың 5%-ы ғана кәдеге жаратылады.

Осы ретте қатты тұрмыстық және сұйық қалдықтарды кәдеге жарату зауыты мұнай шламдарын кешенді өңдеу технологиясымен қамтамасыз етілетінін және оның оның қоршаған ортаның ластануына жол бермейтіндігін атап кеткен дұрыс. Мұндай зауыттар құрылыс саласының даму ерекшеліктерін есепке ала отырып, ірі тонналы қалдықтардан өнім алу технологиясын пайдалану мүмкіндігін береді.

Кей дерекке сүйенсек, қатты тұрмыстық және сұйық өнеркәсіп қалдықтарының химиялық қосылысының бір тоннасынан 20 м3 , тіпті одан да көп метан, пропан секілді әртүрлі газ алуға болатыны расталған.

Қорытындылай келе, өзіміз әр өнімді пайдаланған соң, оның қалдығына немқұрайды қарамау керектігін түсінуіміз керек. Сұрыпталған қоқыстың артында экономикалық өсім жатқанын және оның қоғамға келтірер пайдасының мол екенін әркім білуі тиіс. Ал шашылған қалдықтың қоршаған ортаға келтірер зияны – дүниежүзілік дертке айналған экологиялық апаттың алғашқы белгілері. Сол себепті, сұрыптау мәселесіне келгенде көзқарасымызды сана биігінде тоғыстыра алсақ игі...

"Атырау облысы Құрманғазы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі тапсырысы бойынша дайындалды

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT