Түп тереңдету жұмыстары жалғасын табуда

(1 Vote)

Атырау облысы шегінде Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту аясында құрылыс жұмысы №274 келісімшартқа сәйкес 2018 жылы бастау алды, биылғы жылы аяқталуы тиіс.

Жобаны іске асыруға қажетті қаражат (5421581,219 теңге) республикалық меншіктен және жергілікті бюджеттен бөлінген. Жұмысқа жауапты мердігер мекеме – «Павлодар өзен порты» ЖШС.

Негізгі түп тереңдету жұмысының мақсаты – балық қорын сақтау, балықтың табиғи өсіп-өнуіне жағдай жасау. Бұны облыс әкімі М.Досмұхамбетов 2019 жылдың қорытындысы мен 2020 жылға жоспар жөнінде тұрғындар алдында есеп беруінде нақтылап айтқан болатын. Демек су маржандарының да жолы ашылып, өңірдің басты байлығы балық кәсіпшілігінің де өркендеуі даусыз. Сондай-ақ бұл жұмыстар экожүйеге ешқандай зиян келтірмейді, керісінше, түбіндегі шөгінділер өсімдіктердің өсуіне ықпал етеді.

Қиғаш өзеніндегі жалпы балық жолының ұзындығы 150,700 шақырымды құрайды. Оның ішінде түбін тереңдету жұмыстарымен бірге алғандағы ұзындығы 126,869 км. Аудандық құрылыс басқармасының мәлімдеуінше, түп тереңдету жұмыстарына 3 жерснаряды (1-ДР-50, 2-«Watermaster») қамтылған. Қазіргі уақытта 70715 м (3074682 текше метр) жерді қазу міндеті орындалды. Бұл маңызды істі 3 тиегіш, 1 бульдозер және 4 эксковатор жүргізуде.

Сонымен қатар бүгінгі күнде аудан бойынша қосымша түп тереңдетуді қажет ететін 243,55 км жерге жобалау сметалық құжаттар жасақталуда. Тағы бір айтып өтетін жайт, тұрғылықты жерімізде өзендер мен каналдар көп болғандықтан өзімізде түп тереңдету жұмыстарымен жетік айналысатын бір мекеме қажет деген орынды ұсыныс өте жиі айтылады. Бұл шынымен де өзекті мәселе. Мысалы Құрманғазы инспекциясының бас маманы Қанат Лұқпановтың айтуынша, теңізге кіре берістегі жерде жатқан көпірдің бетон қалдықтары жел соқса судың астында қалып көрінбейді. Қазір теңіз желімен келген су оны баспайды. Осы жерді үнемі қазып тұрмаса жан-жағы опырылып құлап, қамыс қаптап, балықтың негізгі жолы бітеледі. Мұндай маңызды жерлерді күтіп ұстау қиындық туғызады.

Түп тереңдету жұмысы бағытын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов жіті қадағалап, түйткі жайттардың шешімін табу жолында еш аянып қалған емес. Ағымдағы жылдың наурыз айында Шора өзенін Каспий теңізіне дейін аралауы барысында облыс әкімінің ұсынысы, депутаттардың қолдауымен Жайық және Қиғаш арналарының түбін тереңдету жұмыстары басталып, мұнда біраз мәселелер туындағанын жеткізді. Материалдық-техникалық базасының жұтаңдығы, қазу қондырғыларының аз болуы істің тез арада басталуын біраз кідірткенін мәлімдеді.

Негізі экологиялық кодексте Жайық және Қиғаш өзендерінің бойынан құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды деген норма бар. Осыған орай өткен жылы 1 сәуір мен 15 шілде аралығында жұмыс жасалмады. Осы мәселені Бас прокуратура, басқа да министрліктердің өкілдері Сенатта талқылауының нәтижесінде, Жайықтың Каспийге құяр жерінде 50 шақырым шеңберінде қазуға болмайды, қалғанына рұқсат етілді. Міне, биыл бұл жұмыс жалғасын тапты. Сәрсенбай Құрманұлы мердігер мекемеге техникамен қамту мәселесіне жете көңіл бөлу керегін ескерткен еді. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар, қоғамдық ұйымдар мен кеңестер де бұл шаруаны бақылауда ұстап, сапасына мән беруден тыс қалмағанын жөн санады. Себебі, дәл осындай мөлшерде қаржы бөлу жақын арада болмауы мүмкін. Аудан әкімі Қайрат Нұртаев та арнайы комиссия құрып, өзен бойына тұрақты шолу жасап, балықшылардың да көкейдегі сауалдарына құлақ түруде.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521