Сыртқы жарнамаға салық төленеді

(0 Votes)

«Атамекен» ҰКП аудандық филиалы жанындағы аудандық өңірлік кеңес отырысын оның төрағасы Есболат Құбашев жүргізді. Күн тәртібіне сай алдымен Құрманғазы ауданы бойынша  кейбір шаруагерлердің жері жайлы деректер  жаңадан құрылған (ЕГКН) базасында  болмауы жөнінде аудандық өңірлік кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер  Батырбек Амировтің ақпараты тыңдалды. Көтеріліп отырған мәселе қызу талқыға түсті. 

Аталған база бұрын жер берілгендердің мәліметін қабылдап, ауданның қосалқы жер қорынан шаруашылығын жүргізу үшін жер алғандардың құжаттарынан бас тартқан. Нәтижесінде  12 адам субсидия алудан қағылып отыр. Көтерілген мәселеге орай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов, «Азаматтарға арналған үкімет» МККеАҚ аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы Ренат Есенғазиев, аудандық  жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуаныш Имашев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешев түсініктер берді. Бөлім басшыларының айтуынша Астана қаласындағы  жауапты  мамандар  тарапынан ауыл шаруашылығы жерлері жайлы деректерді  базаға  салғанда  интеграциялық қателік  орын алған. Базаға қосалқы  жер қоры туралы мәліметтерді енгізбеген  және ол тек жоғары жақтан шешіледі. 

Аудандық өңірлік кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер  Бержан Кенжебаев: – Алынған жерлер туралы деректер түгел кетпесе сөз жоқ, интернет жүйесінде  ақау болып тұр дер едік. 12 адамның мәліметі өтпей қалған. Ол азаматтар сотқа арыздануы тиіс. Ертең кеш болады, – деген ұсынысын айтты. 

Аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуаныш Имашев: – Бұрын қосалқы жер қорынан берілген жерлер мәселесі ғана шешілмеуде. Кезінде ескі базамен берген ғой. Оны өзгерту үшін жаңа жоба жасау керек. Ол шаруа қожалықтарына қымбатқа шығады. Қағаз құжаттарды алмайды. Қазір  жер сұрағандарға  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден деп беріліп отыр. База қабылдап, мәселе туындамауда, – деді. Аудандық өңірлік кеңестің мүшесі, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин туындап отырған мәселеге қатысты сұрақтар  қойды. Аталған кеңес мүшесі, аудандық прокуратураның прокуроры Аянбек Сүйінәлиев бұл мәселені комиссия құру  арқылы, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов жауапты бөлім басшыларын Астанаға жіберіп шешу жолдарын ұсынды.

Құрманғазы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қайрат Насипов салық кодексінің жаңа жобасындағы өзгерістер мен толықтыруларға қатысты қысқаша түсінік беріп өтті. Осы жерде жарнамаға қатысты сұрақтар  туындады. Аудандық өңірлік кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер Мерғали Ғабдушев өзіне сыртқы және ішкі жарнамалар бойынша 33 мың теңге салық келгенін, оны сол бойда төлеп тастағанын жеткізді. Ай сайын осылай төлеу қиынға түсетінін, көшеге көрік беріп тұрған жарнамаларды алып тастаса, ғимараттардың сәні қашатынын алға тартты.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы: – Бізде жарнама бойынша штаб құрылды. Мақсаты аудандық салық базасын кеңейту. Оған тек жарнама ғана емес, он жылдап төленбеген көлік салығын азайту да кіреді. Астына аты-жөні, көрсететін қызметі, телефоны жазылған барлық  ілулі тұрған нәрселер жарнамаға  жатады. Сондықтан оларға салық төленуі  қажет. Әлі күнге дейін округтерден жарнамаға қатысты бірде-бір салық  түспеген. Өзім округтерді аралап, жарнамаға не жататынын қарап шықтым. Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» заңында көлеміне қарай қандай салық төленетіні көрсетілген. Қазір кәсіпкерлер бастап төлеп жатыр. Дүкен аты жарнамаға жатпайды және ғимарат ішіне орналастырылған жарнамға салық талап етілмейді. Бүгінде дүкендерде де салықтан жалтару үшін QR қолданбай, телефонмен аудару арқылы төлем жасалуда. Бұл мәселені әлі қозғаймыз, – деді. 

Аудандық өңірлік кеңес мүшелері  аудандық прокуратураның прокуроры Аянбек Сүйінәлиев салық түсімін арттырамыз деп кәсіпкердің құқы бұзылмауына мән беруді, жеке кәсіпкер Батырбек Амиров, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин жарнама шығаратын арнайы орын бөлу қажет деген ұсыныстарын ортаға салды.

Құрманғазы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлназ Қожахметованың мәлімдеуінше  аудан көлемінде 23 ірі тойхана бар, олардың жартысынан астамы санитарлық-эпидемиологиялық  қорытынды алмай отыр, үйден  дайындалып келген тамақтарды қояды. Басқарма басшысының орынбасары Азамат Жандыбаев қосымша түсініктер берді. 

Аудандық өңірлік кеңестің  төрағасы Есболат Құбашев: – Кейбір тойханаларда  арнайы білімі бар аспаз жоқ, қожайыны ғана бар. Той жасаушыға есігін ашады да: «Тамақтарыңды өздерің дайындап әкеліңдер», дейді. Оны қалай дайындап жатқаны белгісіз. Жалпы кәсіпкерлерді жинап түсінік жұмыстарын жүргізбесе болмайды. Содан кейін шара қолдану қажет, – деді.

Кеңес мүшелері Ерлан Хисметуллин үйден торт, басқа да тағамдар дайындаушылар көбейіп кеткенін, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов қайтарымсыз грант алғандардың 50 пайызға жуығы бір жылдан соң жұмыс жасамай отырғанын айтты. Аудандық прокуратураның прокуроры Аянбек Сүйінәлиев комиссия құрып тойханаларға ескерту жасау керек, содан кейін нәтиже болмаса заңдылыққа сай тиісті шарасын қарастырайық  деген ұсынысын жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT