Қызға сырға салмас бұрын жігіт жағы бойжеткеннің ата-анасының рұқсатын алады.
Сырға салу – қызұзату, келін түсіру жоралғыларынан бұрын жасалатындәстүр. Айттырылған қыз қалыңдық атанып, сол сәттен бастап өзін жат жұрттық сезінеді. Сондықтан сырға салу рәсімі – келін түсіруге арналған жөн-жоралғылардың ең алғашқысы.
Жекжаттық қатынастарға бастайтын алғашқы ресми қадам ата-ананың алдын ала келісімімен немесе қыз бен жігіттің уәделесуі арқылы жүзеге асады. Осыдан кейін құдаласу рәсіміне жігіт жағының ең жақын адамдарынан төрт не бес туысы барады. Осы күнде ата-анасы да бұған қатыса алады. Екі жақ келісімге қол жеткізген жағдайда құдалық уақыты белгіленеді.
Халқымыз ежелден атастырылған қызының құла¬ғына кез келген сыр-ғаны тақпаған. Оны арнайы зергерлерге соқтырып дайындаған.Қазіргі таңда ұлттық өнеріміз заман ағымына сай жаңаша бағытта дамып, қалыңдықтардың құлағына тағылатын сырғалар сақинасымен бірге жасалынуда. Зергерлік дүкендерден олардың түр-түрін табуға болады. Тіпті, олардың гауһартастармен көмкеріп безендірілген әшекейлерін де кездестіресіз.
Сырға салуға екі жақ арнайы дайындалады. Қыз бала өзіне киер көйлек таңдап, әлек болады. Анасы үйдің тазалығын, жайлылығын, дастарқанын ойлап, уайымдап жүреді. Әкесі кеше ғана мойынына асылып жүрген қара қызының бой жетіп, басқа үйге кеткелі жүргеніне қапаланады. Құда түсу рәсімінде қыздың жеңгелері құдаларға қалыңдықты көрсетіп, көрімдік алады. Осы кезде жігіттің жеңгелері болашақ келіндерін ұлттық құндылықтарды жаңғырта отырып, заманауи үлгіде арнайы тіктірілген көрпешеге отырғызып, «құлағың жамандықты естімесін» деп ақ тілектерін білдіріп,қыздың құлағына сырғасын тағады. Шашына үкісін қадап өз әулеттеріне меншіктейді. Сый-сияпаттарын ұсынып, үй ішіне әкелген дәмдерінен ауыз тигіздіреді.Өзінің теңін тауып, бақытты болуды аңсаған ару алтын сырғаны құлағынан шешпей, жаңа өмірге психологиялық тұрғыда өзін дайындай жүреді. Қазірде сырға салуға алтын емес, гауһар секілді асыл тастарды таңдау сәнге айналды. Сондай-ақ сырғамен қоса қызға неке жүзігіндей сақина кигізіледі. Ұрпақ тәрбиелеп отырған әрбір отбасы қызының орнын тапқанын, ұлын аяқтандырғанды, жақсы жермен құдаласқанды армандайды. Кім-кімде «Адал сүтемген бала жолықса игі» деп тілек тілейді.
А.Шакупова
Сурет: Ашық дереккөз