Сыбайлас жемқорлықпен күрес әр азаматтың міндеті

(0 Votes)

Жалпы сыбайлас жемқорлық қандай қоғам  мен заманда да кездеседі. Жемқорлық мемлекеттің  дамуын тежейтін тұсау болғандықтан әр ғасырда онымен күрес түрліше жүрді. Оған жол беріп алған елдердің тарих сахнасынан кеткені басқаларға  сабақ болды.

Мемлекеттің түбіне жететін қауіпті құбылыс екеніне көздері жетті. Сыбайластықтың жолын кеспесе билік пен халықтың арасына сына қағады. Мемлекеттік қызметте жемқорлыққа жол берілсе өркендеуіміз екіталай. Себебі сыбайлас жемқорлық жүргізіліп отырған экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасап, еліміздің беделіне халықаралық аренада нұқсан келтіре отырып, ұлттық қауіпсіздігіне жүйелі қатер төндіреді. Жемқордың Отаны болмайды, ол ақша үшін қандай қылмысқа да барудан тайынбайды. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бастап, қылмыстың бұл түрінің  алдын алу, оған жол бермеу мақсатында қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында қарсы әрекеттерді әр салада жүзеге асыруда. Алайда, жемқорлықпен күресті мемлекеттің ісіне балап, одан шет қалсақ бұл еліміздің, мына жүрген ұрпағымыздың келешегіне жанымыз ашымағаны.

Талай жемқорлар темір торға тоғытылып немесе келтірген зиянын толық қалпында орнына  салып жатса да, одан сабақ алмайтындар жоқ емес. Мемлекет сенім артып, жылы орынға қонжитып, тиісті жалақысын төлеп отырса да оны місе тұтпай, алдына біреу келсе алақанын ысқылап, бірдеңе дәмететіндер, онсыз ештеңе шешпейтіндер, лауазымды қызметін майлы жіліктің басына айналдырғысы келетіндер  орындарында қалмауы тиіс. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, осындайлардың кесірінен мемлекеттік қызметшілердің имиджіне кір келеді. Халықтың атқарушы билікке деген сенімі жоғалады. Әсіресе парақорлық дертімен бетпе-бет келетін қарапайым тұрғындар. Бірақ, пара бермесең бара бересің, деп жасырып қалып жатады. Сөйтіп, емделмеген ауру асқынатыны сияқты оның өршуіне атсалысады. Әрине, жемқор ерте ме, кеш пе тұтылады. Заң құрығынан құтылмайды. Алайда соған дейін зиян келтіріп үлгереді. Ұлы даламызды көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған бабаларымыздың ісіне адал болғымыз келсе біз жемқорлыққа жол бермеуге тиіспіз. Бұл елін, жерін сүйетін әрбір азаматтың ортақ міндеті. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қимылдасақ қана жемқорлықты тежей аламыз. Көп болып қарсы тұрайық. Еліміздің болашағына алаңдайтын әрбір патриот бұл күрестің алғы шебінде жүруі керек.

А.Нурмаганбетова,

Құрманғазы аудандық қазынашылық басқарма басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521