Бұл туралы аудан әкімі Марат Мурзиевтің Ағзыр өңірі бойына іссапары барысында Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Данияр Сабиров мәлім етті, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жұмыс аптасының соңғы күндері аудан басшысы Марат Бисенғалиұлы іссапармен Азғыр өңірін жағалай орналасқан округтерде болды. Алғашқы кезекте Сүйіндік ауылдық округі әкімінің тұрғындар алдындағы тоқсандық есебі тыңдалды.
Алдымен бұған дейінгі есептік кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалысына тоқталған округ әкімі ветеринариялық лабораторияны қайтадан ашу үшін облыс, аудан әкімдігі тарапынан жұмыстар жасалып, соның нәтижесінде, 2022 жылдың тамыз айында күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта жұмысы жанданғанын баяндады. Белгілі болғандай, мекемеде меңгеруші, лобарант, тазалықшы, күзетшіні қоса санағанда барлығы 11 адам қызмет етуде және лаборатория интернет жүйесіне, табиғи газге қосылған.
Сонымен қоса, «Талдыапан-Басқұншақ» шекара өткізу бекетіне күн панелін сатып алу үшін өткен жылдың ақпан айында бюджеттік өтінім жолданып, тиісті қаржы бөлініп, жеке кәсіпкер «Мұхтар» 2022 жылдың маусым айында шекара өткізу бекетіне күн панелін орнатқан. Бұдан бөлек, ауылда кәсіпкерлік жұмыстарын жандандыру бағытында округ әкімі аппаратының теңгеріміндегі ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бір бөлмесі дәріхана ашуға бөлінген.
Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер Гүлберген Сисенова дәріханасын ашып, бір адамды жұмыспен қамтып, дәрі-дәрмектері қолжетімді бағада сатып отыр. Округ әкімі Данияр Сабиров өз баяндамасында ауылдағы маңызды әлеуметтік нысандар жайында, жаңадан медициналық пункт құрылысын салу негізінде Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық ауылдарынан жер таңдалып, тиісті құжаттары жасақталып жатқанын да назарға салды.
Сонымен қатар, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің сұранысы негізінде Сүйіндік ауылынан жаңадан салынатын өрт сөндіру депосына ауыл шетінен жер учаскесі бөлінгені белгілі болды. Ауыз су мәселесіне қатысты округ әкімі көптен қозғалып келген Қоянды топтық су құбырының 6 ұңғымасына қосымша тағы 6 ұңғыманың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатқанын қаперге берді. Қазіргі уақытта 4 ұңғымадан су көзі 41-42 метр тереңдіктен шығарылып, әрі қарай қазу, қоршау жұмыстары жүруде және құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін жалғасады деп жоспарланған.
Есептік жиында тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлерде туындады. Мәселен, зейнеткер, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыгерей Сейтханов жағдайы қиын науқастарға көршілес жердегі Ресейдің Харабали қаласында шұғыл жәрдем, ота жасау тегін жүргізілсе деген тілегін жеткізсе, ауыл тұрғыны Рахметуллин Төлеген көгалдандыру, саябақ ашу мақсатында Сүйіндік ауылынан жер учаскесі берілсе, шаруа қожалық иесі Рамазан Қожанов қожалықты дамыту үшін жайылым жер алу, Батырбек бастауыш мектебінің меңгерушісі Думан Меңдешов дүкендерде азық-түлік бағасы қадағаланса деген ұсыныс-сауалдарын жолдады.
Ауылдың әлеуеті мен мүмкіндігін саралай отырып, тұрғындардың көкейтесті сауалдарына жауап берген аудан әкімі Марат Мурзиев көтерілген мәселелер ескерусіз қалмай, болашақта оң шешімін табатынын айтып, маңызды азық-түлік бағасын өсірмеу, жайылымдық жер, шаруагерлер мәселесіне қатысты округ әкіміне, орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар, аудан басшысы ауданның кешенді даму жоспарына сәйкес округ бойынша игілікті істер жоспарланып отырғанын айтты.
Айта кетейік, аталған округ құрамына Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық елді мекендері кіреді және мұндағы халық саны 2686 тұрғынды құрайды.