Қазақ ежелден мал баққан халық. Сондықтан оны күту, өсіріп, баптау жағынан тәжірибеміз мол. «Ат – ер қанаты», «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір», «Таңбасыз тай, енсіз қой болмайды», деген мақал-мәтелдер ұлтымыздың төрт түлікті қастерлегенінің бір көрінісі деп білеміз.
Құрманғазы ауданы табиғаты жағынан төрт түлікті өсіруге қолайлы өңір. Шүйгін шөбі тізеден келетін шабындықтар бар. Қар қалың түспесе қырлықта да мал қыста қораға тұрмайды деуге болады. Соңғы кезде аудан көлемінде төрт түлікті асылдандыруға зор мән беріліп отыр. Мемлекет тарапынан қолға алынып отырған бұл маңызды істің ауылдық жерлердегі халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосар үлесі қомақты. Оны жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығын дамыта аламыз. Төрт түлікті асылдандыруға Үкімет тарапынан беріліп отырған субсидиялар да оң әсерін тигізуде. Қазіргідей түрлі қиындықтар белең алған жағдайда мұндай қолдау ел ырысын еселегісі келген шаруа қожалықтары үшін тиімділігін уақыт көрсетіп келе жатыр.
Жалпы, асыл тұқымды мал басына субсидия төлеу Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 санды «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
7 айда 56 миллион төленді.
Әрине, субсидия мал басын асылдандырамын деп сұрасаңыз болды «Мә», деп қолға ұстата салатын тегін жатқан ақша емес. Оның өзінің тиісті шарттары бар. Олар қандай? Төрт түліктің түріне қарай төленетін субсидия мөлшері қанша?
– Жеке шаруа өзінің электронды санды қолтаңбасы арқылы «PLEM KZ» порталына кіріп субсидияға өтінім жібереді. Сатып алынған асыл тұқымды аталық және аналық ірі қара малының бір басына -150000, ал, тауарлы аналық малдың біреуіне -10000, асыл тұқымды шаруашылық аналық бастарына -15 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Ол үшін бір бас аталық малға 25 аналықтан болуы шарт. Қой малына байланысты төленетін субсидия жайлы айтсақ, асыл тұқымды 1 аталық қошқарға -15 мың, тауарлы аналық басқа -2500, асыл тұқымды аналықтың біреуіне – 4000 теңге. Алайда, субсидия төленуі үшін 1 аталық қошқарға 25 аналық қой болуы тиіс. Жылқы және түйе малының асыл тұқымды аталығын сатып алғаны үшін 1 басқа 100 мың теңге субсидия бар, аналығына төленбейді. Барлық сатып алынатын асыл тұқымды малдар асыл тұқымды мал өсіретін құжаттары бар шаруашылық субьектілерінен алынуы керек. Облыстық бюджеттің есебінен малын асылдандыру жұмысымен айналысып жатырға шаруашылықтарға ірі сабақты мал азығын (шөпке) дайындауға арналған субсидия да бар. Оны алу үшін мүйізді ірі қара 25-тен, қой малы 200-ден, жылқы мен түйе 50 бастан жоғары болуы қажет, - дейді аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешев бізбен әңгімесінде.
Аталған бөлімнің мәліметіне сүйенсек өткен жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділігін және өнім сапасын арттыру қағидаларына сәйкес 102 шаруа қожалығына сатып алған 140 бас асыл тұқымды бұқа мен қашарға -21 млн, тұқымдық түрлендіруге қатысып жатырған 6670 бас аналық мүйізді ірі қараға және асыл тұқымды 749 бас аналық сиырға -70 млн, 142 асыл тұқымды қошқарға -2 млн 130 мың, тұқымдық түрлендіруге қатысып жатырған 7091 тауарлы аналық қой мен 13259 асыл тұқымды аналыққа -70 млн. 783 мың теңге берілген. Сонымен қатар 40 шаруа қожалығы ірі сабақты мал азығына 129 млн. 354 мың теңге субсидия алған. Осының өзі-ақ шаруагерлерге көрсетіліп отырған қолдаудың оң көрінісі. Бұл былтырғы көрсеткіш. Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау қалай жүзеге асырылуда?
– Ағымдағы жылдың 7 айында 58 шаруа қожалығына сатып алынған 84 бас асыл тұқымды бұқаға -12 млн 600 мың теңге субсидия төленді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешев – Тұқымдық түрлендіруге қатысып жатырған 4152 бас мүйізді ірі қараға - 41 млн.520, сонымен қатар, сатып алынған 20 бас қошқарға -230 мың және 647 аналық қойға -1 млн. 663 мың теңгеден тиіп отыр. Сонда төленген субсидияның жалпы көлемі 56 млн. 013 мың теңгені құрайды. Ережеге сәйкес, субсидия төленген барлық мал басы келесі жылы өтінім тапсырғанға дейін толықтай сақталуы қажет.
Шығынның 25 пайызын қайтарады
Шаруашылықтарға көрсетіліп отырған қолдау жайлы сөз қозғаған екенбіз, ендеше, субсидияның мал басына қатысты емес, инвестициялық және егін шаруашылығына берілетін түрлеріне де тоқтала кетейік. Біздің сұхбаттасымыз, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешевтің айтуынша оның біріншісі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 тамыздағы №243 бұйрығымен бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» субсидия.
– Оның аясында Үкімет шаруагердің жайылымды суландыру үшін сатып алатын барлық құрал-жабдықтарына, құдықтар қазуға, су айдағыш және су көтергіш насостарға және тағы басқаларына кеткен шығындарының 50 пайызын субсидиялау арқылы кері қайтарады. Сол сияқты ауыл шаруашылығы техникаларының ат күштеріне байланысты қосымша механизмдеріне және агрегаттарына кеткен шығындардың да 25%-ы субсидияланатынын қаперге береміз. Алайда, инвестициялық субсидия заңына сәйкес, сатып алынған ауыл шаруашылығы техникалары мен құралдары қағиданың 47 тармағы бойынша субсидиялау сәтінен бастап 3 жыл ішінде иеліктен шығарылмауы тиіс. Осы мерзім ішінде оны ешкімге сата да, сыйға бере де алмайсыз. Аталған субсидияларды алу үшін шаруа қожалығы куәлігі, шаруашылық жері, мөрі, банкте шоты, электронды сандық қолтаңба (ЭЦП кілті ХҚКО арқылы алынады), сатып алған заттың чегі, келісімшарт, алыс-беріс актісі болуы талап етіледі, - дейді Руслан Шапихұлы.
Егіннен картоп және мал азықтық дақылдардың жоғары сортты, яғни, элита тұқымдарын алсаңыз, кеткен шығыныңыздың 25 пайызы субсидиялау арқылы өтеледі. Бұл көкөніс пен бау-бақша өнімдеріне тиесілі емес. Тыңайтқыштың түрлеріне қарай 25 пен 50 пайыз аралығында субсидиялар бар. Бірақ, тыңайтқыш алмас бұрын ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мамандарына жолығу қажет. Себебі, 1 гектарға пайдаланылатын тыңайтқыштың нормативіне байланысты төленеді. Үкімет егін шаруашылығына кеткен материалдарға, мысалы, тамшылатып суару ленталарына, пленкаларға, су айдағыш насосқа, егіндік жерді қоршауға кеткен құралдарға және басқа шығындарыңыз үшін 25 пайызбен субсидия ұсынады. Яғни, жұмсаған қаржыңыздың осындай бөлігін сізге қайтарады. Бұл да қолдау.
Кезекті еңбек демалысына шықса да, сөзімізді жерге тастамай ақпарат беріп жатырған аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешевке ризашылығымызды білдіргім келеді. «Ұқсата білген ұтады», дегендей, малын асылдандырамын, жер жыртып егін саламын дегендер туғызылып отырған осындай мүмкіндікті қалт жібермейді деген ойдамын. Іске сәт дейміз!
Қанат ҒҰМАРОВ