Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді

(0 Votes)

Су шаруашылығы аудан өнеркәсібінің негізгі бөлігі болып табылады. Ауданымыз бойынша су шаруашылығымен айналысатын ірілі-ұсақты 10 мекеме болса, қазіргі таңда 3 ірі кәсіпорын жұмыс жасауда.

Олар – «Құрманғазы Су Арнасы», «ҚазСушар», «Магистральдық су ағызғысы» ЖШС-не қарасты «Қиғаш» бас су сорғы стансасы. Бүгінгі күні республика бойынша өз өмірін маңызды салаға арнаған мыңдаған мамандар адал еңбек етуде. «Тіршілік көзі - қасиетті су» деп білген, ел тұтастығына берекелі еңбегімен тыныс берген, жер анадан ырыс терген су шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесіне орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тіршілік нәрін танығандар» атты салтанатты жиын өтті.

Алғашқы сөз алған аудан әкімі Абат Жанғалиев: - Құрметті су шаруашылығы қызметкерлері және сала ардагерлері! Баршаңызды кәсіби мерекемен қызу құттықтаймын! «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген халқымыз. Ауылшаруашылығына бейімделген ауданымызда қазіргі таңда бірнеше су каналдары мен арналары қазылуда. Ауданымыздың экономикасының дамуына сіңірген сала ардагерлерінің еңбегі өлшеусіз.

Ауылшаруашылығына ең керегі – су. Оның мақсатты пайдалануын реттеуде су шаруашылығы қызметкерлерінің үлесі зор. Сала ардагерлері мен қызметкерлерінің ауданымыздың су шаруашылығын өркендету жолындағы еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін,-дей келе, Қазақстан Су шаруашылығы Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының Алғыс хатымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен сала үздіктерін марапаттады.

Аудан мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Ерлан Хисметуллин сала майталмандарын Алғыс хатпен ұлығылады. Шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT