Ұстаз – қашанда қадірі мол, тағылымы терең, қасиетті ұғым. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп ағартушы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі қашанда көңіл төрінен орын алары анық. Ауданымыздағы алғашқы ағартушыларының бірі, Ленин орденді ұстаз Әндіржан Жармұхамбетұлы Қасымовқа арналып, Жаңаталап ауылдық округіндегі Алтынсарин атындағы орта мектептің кіреберісіне естелік мемориалдық тақта орнату рәсімі өтті.
Шараға ауыл тұрғындары, мектеп мұғалімдері, ұлағатты ұстаздың Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қаласынан келген туыстары, ұрпақтары, ардагер журналист Төлеген Берішбаев қатысты. Алыстан келген қонақтарға қош келдіңін айтқан аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов құрмет иесі жайлы біраз мағлұматтар берді.
Әндіржан Қасымов 1897 жылғы қаңтар айында Нұржау ауылында дүниеге келді. 1905-1911 жылдары Ганюшкиндегі екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912-1915 жылдары Ордадағы төрт сыныптық училищенің екі жылдық мұғалімдік курсын бітірді. 1916 жылы ұстаздық жолын Ганюшкин ауылдық мектептің меңгерушісі болып бастады. Осы өңірдің ел қоныстанған біраз жерлерінен мектептер ашып, ауыл балаларына қара танытты. Солардың бірі Дархандағы, қазіргі Хыйуаз ауылындағы осы Алтынсарин атындағы мектеп болатын, алғашында «Білік» аталды, кейіннен Кагановичке ауысты. Осылайша ауыл балаларының сауатын арттырып, сапалы білім алуына үлкен үлес қосты. Сонымен бірге, Өлеңдіден және Ганюшкиннен шаруа жастары мектебін ашып, ел арасындағы сауатсыздықты жоюға да белсене араласты. Теңіз аудандық халық ағарту бөлімінде инспекторлық қызметті де атқарды. 1934-1937 жылдары Жылойда, 1937-1942 жылдары Гурьев қаласындағы Орджоникидзе, Жамбыл орта мектептерінде директор, мұғалімі болды. Бір жылдай облыстық тарихи-өлкетану музейіне меңгерушылік жасады. 1944 жылы туған жеріне қайта оралып, 1953 жылы дүние салғанға дейін Абай атындағы орта мектептің директоры болып, абыройлы еңбек етті. Әндіржан Жармұхамбетұлы 1942-1943 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейіне басшылық жасағаны болмаса саналы ғұмырының 38 жылын білім беру саласына арнаған адам. Әр жылдардағы еселі еңбегі лайықты бағаланып, 1935 жылы «Қазақстанға - 15 жыл» төсбелгісімен марапатталды. 1948 жылы Ленин ордені табысталып, «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағын алды.
Келесі кезекте Ә.Қасымовтың немере інісі, белгілі журналист-жазушы Саламат Хайдаровтың ұлы Қайырболат көкесінің көзін көрмесе де ұлағатты жолына, адамгершілік қасиеттеріне қанығып өскенін айтып, ескерткіш тақта орнатып, орталарына қайта оралтып жатқан ауыл азаматтарына, мектеп ұжымына үлкен ризашылығын білдірді. Сонан соң Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Алтын Қаменова екеуі білім ордасының кіреберісіне орнатылған мемориалдық тақтаны ашу рәсімін жасады.
Шара мектеп фоэсіне қойылған Ә.Қасымовқа арналған көрнекілікті тамашалаумен, мәжіліс залындағы «Ұстаз жаққан шамшырақ» атты кешпен жалғасты. Оның барысында құрмет иесінің ұлы, қоғам және мемлекет қайраткері Ирак Елекеев естеліктерімен бөлісті. – Әкеміз жайындағы журналист-жазушы Рахмет Иманғалиевтің еңбектерінде оның Ленин орденімен марапаталғандығы туралы жазылмаған, энциклопедиялық кітапта да ондай мағлұматты кездестірген емеспін. Тек шәкірті, ұзақ жыл мұғалімдік қызмет жасаған Насихат Әбдірахманов ағамыздың бір мақаласында ұстазының кезінде осындай жоғары наградасы болғанын жазды. Кейінірек кездескенімде ол кісі өз көзімен көргенін айтты. Анығына жету үшін архивке жүгінуге тура келді, бұл істе заңгер інім Терекбай Боранғалиевтің, Насихат ағайдың баласы Әлімбайдың көп көмегі тиді. Індете іздеп жүріп тапты, ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізді. Тауып қана қоймай, ел жадында қалдыру үшін мектепке есімін беру, ескерткіш тақта орнату сияқты ойларын айтты. Бүгін өлгенім тірілгендей үлкен әсерде отырмын, осы шаруаның басы-қасында болғандарға, қолдау білдірген жергілікті әкімшіліктерге, білім беру бөліміне, мектептің педагогикалық ұжымына айтар алғысым шексіз, - деген мейман мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне қарата әкесі армандаған ауыл балаларының да білім көгіне шығуға мүмкіндігі барын, ол үшін сапалы білім мен саналы тәрбие қажеттігін айтты. Терекбай Боранғалиев пен Әлімбай Әбдірахман ағартушы жайлы мағлұматтар іздестіруде табылған деректердің көшірмелерін мектептің мұражай бұрышына табыстады.
Мектеп жанындағы балалар драма үйірмесінің тәрбиеленушілері ұстаз Әндіржанның Алаш зиялысы Н.Манаевпен кездесіп, алғаш мұғалімдік жолға түсуін, ауылдастарын бір кісідей жұмылдырып үш бөлмелі мектеп үйін тұрғызып алған кезеңді шынайы бейнелей білді.
Бүлдірші әншілер шағын концерт қойды. Кешті Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Алтын Қаменова қорытындылап, мектепішілік шараларда ұлағатты ұстаз есімін ұмытпай ұлықтап отыруға сендірді.
Айбек НӘЖІМОВ