Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен, «Фонда социальных программ и инноваций» қоғамдық қоры және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен Атырау облысы көшбасшыларына арналған “Stady Tour” жобасы аясында Түркияның Стамбул қаласына тәжірибе алмасу сапары басталды. Сапар барысында үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен танысу, жаңа идеялармен тәжірибе бөлісу көзделген.
Құрманғазы ауданы атынан осы тағылымды сапарға «Құрманғазы – Туған жер» қоғамдық қорының жетекшісі Абдуллаев Азамат Абайұлы қатысуда.
Стамбул қаласында өткен алғашқы екі күн ішінде түрлі бағытта жұмыс жасайтын қорлармен және ұйымдармен мазмұнды кездесулер өтті. Солардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік жоба аясында ашылған кофехана. Бұл жоба арқылы аутизм, Даун синдромы сынды диагнозы бар мектеп оқушыларына еңбекке баулу және кәсіби дағдыларды үйрету ісі жолға қойылған. Олар мектеп жасынан бастап жұмысқа бейімделіп, қоғамға бейімделуге мүмкіндік алуда. Бұл – ерекше балалар үшін аса қажет әрі пайдалы бастама.
Тағы бір маңызды кездесу – “Erişilebilir Şehir” қорының өкілдерімен өтті. Бұл қор мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау мақсатында түрлі мекемелермен келісімшарттар жасап, оларға бейімделген орта ұсынады. Жұмыс берушілер мен азаматтық қоғам арасында көпір болып, әлеуметтік әділеттілікке бағытталған нақты істер атқаруда.
Сонымен қатар, “Needs Map” атты корпоративтік қордың қызметімен танысты. Бұл ұйым 430-ға жуық қоғамдық қорлармен және шетелдік ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мұнда аналарды оқыту, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету сынды бағыттар қарастырылған. Стамбул қаласының әр ауданында арнайы көмек нүктелері жұмыс істейді. Қызықты бастамалардың бірі – ауыл мұғалімдерін STEM, робототехника және басқа да заманауи платформалар арқылы оқыту. Мұндай тәжірибе ауыл мектептеріне де енгізуге лайық.
Атырау облысынан барған делегация мүшелері ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Волонтерлік, әлеуметтік және корпоративтік салалардағы тәжірибе ауылдық елді мекендер үшін тың серпін берері сөзсіз. Көптеген ұйымдардың жұмысы цифрлық платформалар арқылы жүзеге асады – бұл да біз үшін маңызды тәжірибе.
Сапар әлі де жалғасуда. Жобаның басты мақсаты – шетелдік тәжірибені зерделей отырып, жергілікті жерлердегі қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыру.
Делегация құрамы осы сапарды ұйымдастырған Атырау облыстық ішкі саясат басқармасына, жобаны жүзеге асырған «Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қоры» қоғамдық қорына және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына алғысын білдіреді.
Айнагүл Күнұзаққызы