Әскерге бару – азаматтық парызың

(0 Votes)

Кез-келген әскерге жарамды Қазақстан Республикасының 18-27 жас аралығындағы азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті.

Елімізде әскерге шақырылушылар жылына екі рет, қазан мен желтоқсан және сәуір мен маусым айларында іріктеліп отырады. Мыңдаған бозбала қатаң талаптардан сүрінбей өтуі шарт. Әскерге шақырылушылар елімізде жеткілікті болғандықтан жыл өткен сайын оларға қойылар талаптар да жоғарылады. Ең бастысы борышын өтейтін жігіттің денсаулығы мықты болуы тиіс. Оларды медициналық тексеріс нәтижесінде бірнеше топқа бөледі. Көктемгі әскерге шақыру мерзімі аяқталуына санаулы күндер қалды. Десек те, соңғы кезде Отан үшін отқа түсетіндердің саны азайып кетті. Басым бөлігі ол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оқтын-оқтын шығып тұратын әскер жайлы жайсыз қауесеттер ата-аналарды үркітіп қойған. Әрине, әскерге өз еркімен сұранатындардың да қарасы жетерлік. Бір әттеген-айы олардың көбі ел үшін емес, қара басының қамын ойлап аттанып жатқан секілді. Неге десеңіз қазіргі таңда әскери билеті жоқ азаматтар ҰҚК-не, ІІМ-не жұмысқа орналаса алмайды. Осы орайда әскери борышын түрліше өтеп, әскери билет алып жүргендерді көз көрді. Әскери қызметті бәрі бірдей жамандап, ұнатпайды емес. Бұл өмірдің де өзіндік ерекшелектері мен пайдасы бар екенін мақтан ететін азаматтар арамыздан табылады.

Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» деген керемет сөзі бар. Бүгінде Қарулы Күштер туралы әркім аузына түскенді айта береді. Мәселен біреулер: «Қазір «уралап» шабатын заман емес, атом бомбасының дамыған кезеңі. Бір түймені баса салса бәрін астаң-кестен етеді», - деп ділмәрсиді. Бұл ер азаматтардың емес, ездердің сөзі. Әскер сені тәртіпке, жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі. Ал, жаңағыдай әңгіме айтатындар шешесінің «Жалғыз баламды әскерге жібермеймін», - деген сөздерін естіп өскендер шығар. Мұндайлардың дені шешесінің кішкентайынан: «Сені әскерге жіберсем мені кім бағады», - деп еркелеткеніне үйренгендер болар. Әлі күнге әскерге барудан жалтарып, шақыртумен жүрген азаматтардың қатарында 1995 жылы туылған Н.Ж, 1997 жылы туылған теңіздік Б.С, және Хиуаз ауылынан 1999 жылы туған екі азамат Н.С, А.С-ны атауға болады.

«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады», - дейді дана халқымыз. «Балам өліп қалады» дейтін кереғар пікір бұл жерде орынсыз. Мысалы, салыстырмалы түрде алсақ, он сегізге толған ерлердің арасында әскерге бармағандардың өзі қазаға ұшырап жатқаны өздеріңізге мәлім. Жол апатынан немесе төбелестерде атылып қаза тапқандар қаншама? Өмір болғаннан кейін, өлім де қатар жүреді. Әскер де өмір, ол жақта да өлімнің болуы ықтимал жағдай. Бірақ соны сылтауратып әскери қызметтен қашпаған жөн. Себебі сен азаматсың, еліңді қорғау- міндетің.

А.ШАРИПОВ,

аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521