Бұған дейін аудан әкімі Марат Мурзиев Азғыр өңірінің тұрғындарымен кездескенде олар азық-түлік бағасының қымбаттығын, жер шалғайлығын, жолдың жамандығын, қатынас бағасы қиын екенін жеткізіп, жәрмеңке ұйымдастыруды сұраған.
Айтулары орынды, індет таралуына байланысты Ресеймен арадағы шекараның жабылуы қыр бойындағы үш округтің халқына оңай тиген жоқ. Бұрын дорбалап болса да ел шебінің арғы бетінен қажетін алатын. Енді үш жүз шақырымға жуық ауыр жолмен, үш-төрт сағат селкілдеп аудан орталығына сабылады. Себебі, шекара жабылғаннан кейін азық-түлік бағасы қымбаттап кетті. Кәсіпкерлерді де түсінеміз, шалғайға тауар тасу оларға да жеңіл тимейді. Шығысты кіріс жауып, тиынды тиын тауып отырмаса, шаруаң жүрмейді. Әрине, жәрмеңкелер бағаны төмендете қоймас, бірақ, кейбір жанұяларда бүйірі шыға бермейтін отбасылық бюджеттің жыртығын бүтіндеп, біраз қаражатты үнемдеуге көмектесері анық. Осыны жақсы түсінген аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы жәрмеңке ұйымдастыруды шешуге жұмыстанатынын жеткізген.
Асан ауылдық округінің әкімі Мақсат Мырзағалиев осы жұмысты алғашқы болып қолға алып, округтегі «Қараша» шаруа қожалығының басшысы Мансия Әбілхайыровамен бірлесіп Үштаған ауылында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды. Шаруагер қазіргі қиын жағдайда ауылдастарына қол ұшын созудан тартынбады. Сөйтіп, бұдан да ауыр замандарда жер ауып келгендермен бір үзім нанын бөлісіп жеген бабаларымыздың қаны бойында тулап жатқан ұрпағы екенін дәлелдеп, үлкен адамгершіліктің, елге қызмет етудің үлгісін көрсетті. «Жомартта жаттық жоқ», деп ауыл шаруашылығы күні мерекесіне орай Үштаған ауылының тұрғындарына 4 тонна картоп, сәбіз, жуа, көкөністерді тегін таратып беріп, халықтың алғысына бөленді.
Қожалық иесінің осындай қызметіне риза болып, жаны толқыған Үштаған ауылының тұрғыны, Құрманғазы орта мектебінің мұғалімі Уәлихан Сағынғалиев: – Бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және 13 қараша Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай Асан ауылдық округі және «Қараша» шаруа қожалығының бірлесіп ұйымдастыруымен жәрмеңке өтуде. Айта кетейік, оның барысында тұрғындарға қажетті азық-түлік тағамдарын тегін үлестірілуде. Өте риза болып, осы жерден керек нәрселерімізді алып жатырмыз. Осындай жәрмеңкелер алға қарай да жалғасын таба береді деп ойлаймын. Ауданымыздың және округтің әкімдері мен кәсіпкерге өркендерің өссін, елге жасаған жақсылықтарың алдарыңнан шықсын деген алғысымды айтқым келеді, - дейді. Азғыр бойында көкөніс пен картоп егіп отырғандар жоқ. Мұны шаруагер сатып әкеліп, тегін таратып отырғаны анық.
Жалпы, «Қараша» шаруа қожалығының басшысы Мансия Әбілхайырова ауылдастарына бұған дейін де көмектескен. Өзінің бір түйе малын сойып Асан ауылындағы аз қамтылған және көп балалы 12 отбасына тегін таратып берген болатын. Осындай кәсіпкерлеріміз көп болғай дейміз. Сонда біз алмаған қамал қалмайды, барлық қиындықтарды жеңеміз.