Шора өзенінде тайыз жерлер бар

(1 Vote)

Аудандық мәслихаттың жанынан құрылған құрамында аудандық мәслихаттың депутаты Рифхат Сұлтанияев, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Есболат Құбашев, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Азатов бар арнайы комиссия мүшелері Шора өзенінің бойына қайықпен шығып, жер снаряды мен эксковаторлар қазған жерлердің тереңдіктерін өлшеді.

Құрманғазы ауылындағы Шора өзенінің дәл ортасы арнайы құралмен өлшегенде 2,5,-2,8 метр болды. «Павлодар өзен порты» ЖШС өкілі Бауыржан Нұрғалиевтің айтуынша жағада тұрып қазған эксковаторлардың өзінің ұзындығы 9 метр. Шөмішімен қоса алғанда 12-17 метрге дейінгі қашықтықты 2,8-3,10 метрге тереңдетеді екен. Құрылысшылар мөлтек ауданының былтыр қазылған құбыла жағының тереңдігі 1,7 метрді көрсетті. Себебі кері топырақ басқан. Аудандық мәслихаттың депутаты, комиссия төрағасы Рифхат Сұлтанияев бұрын агроколледжге қарасты болған лагердің тұсы неге қазылмағанын сұрады. Мердігер мекеме өкілінің мәлімдеуінше ол жер жобаға кірмеген. Осындай астында тұрба бар жерлер де қазылмаған. Құрылысшылар ауылындағы үлкен көпірдің де маңында тереңдік әрқилы. Арқа жағы 1 метр болса, құбыла жақ беті 2,5 метрді көрсетіп тұр. Бұл жерде жаңа көпір құрылысы жүріп жатыр, мүмкін содан да шығар. Орлы ауылының маңында, 2018 жылы қазылған жерде тереңдік 1-1,5 метрден аспайды. Хиуаз ауылынан асқанша осылай қайталанып отырды. Сол жерден кері бұрылдық.

img_5233

Жалпы жаға бойының кей жерлері опырылып құлаған. Бір жерде топырақ қашықтау тасталса, екіншісінде көктемде қазылса да өзен жағасынан алыстатылмапты. Осы жерде айта кетсек, түп-тереңдету жұмыстарына тапсырыс беруші «Атырау құрылыс басқармасы» ММ-сі. Техникалық бақылаушысы «Стройнадзор» ЖШС. Жобасын жасаған «Уралводпроект» ЖШС. Қазылуы тиіс балық жолының – арналардың жалпы ұзындығы 150,700 шақырым. Ал, түбін тереңдетумен қоса алғанда 126,869 шақырымды құрайды. Аталған жұмыстарға бірнеше жерснаряды (1-ДР-50, 2-«Watermaster»), 3 тиегіш (погрузчик), 1 бульдозер және 4 эксковатор жұмылдырылған. Жобаның бастапқы құны - 5 421 581,219 мың теңге.

Шора өзенінде түп-тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ өкілі Бауыржан Нұрғалиевті сөзге тартқанымызда: – Ганюшкин балық жүретін каналында бұл жұмыстарды біз 2018 жылы Көптоғай, Жыланды ауылдарынан бастаған болатынбыз. Теңіз тамағы да тереңдетілуде. Мынау тұрған Хиуаз ауылының жаға бойын қазуға 2020 жылы қаңтар айында техника келіп, ақпан-наурыз айларында осында жұмыс жасалды. Бұл маңда Шарон өзені тайыздап, кейбір жерлері тарылып, ені 7-12 метр болып қалған екен. Олар 2,5 метрге дейін тереңдетіліп, 21 метрге кеңейтілді.

img_5245

– Қазған жерден шыққан топырақ әлі жағада тұр? Неге бір жерде алысқа тасталып, екіншісінде өзен жағасында қалған? Ертең кері түсіп арнаны баспай ма? Жаңа 2018 жылы қазылды деген жерлеріңіз де қайта тайыздап қалыпты ғой?

– Жаға бойы эксковатормен қазылды. Бұл жұмысты үш эксковатор атқарды. Біреуі су астынан топырақты қазып алады, келесісі оны әрірек тастайды. Ал, үшінші эксковатор бөгетке салып жол жасады. Бұл жұмыстарға шөмішінің ұзындығы 18 метрлік төрт эксковатор және бір түйгіш трактор (бульдозер) жұмылдырылды. Аудан территориясында жол құрылыс жұмыстары жүруде. Тайыздап қалу себебі төбе бар жерлерден топырақ борайды. Топырақтың ұшу көлемі көп. Оның үстіне өр суы да біразға дейін қайтпады. Сол себепті 2018 жылы қазылған жерлердегі жарлар қайық жүрген сайын опырылып суға құлады.

– Жалпы түп-тереңдету жұмыстары бастапқыда 2020 жылы аяқталады деп жоспарланғанынан хабардармыз. Биыл біте ме? Қанша жер снаряды жұмылдырылып отыр?

– Жоспар бойынша биыл аяқтауымыз керек еді. Алайда, әлемде коронавирус індеті тарауына байланысты Ресейден келетін техникаларымыз мен адамдар бермен қарай шыға алмай қалды. Біршама қиындықтарға кездестік. Келесі жылы түгелдей тәмамдаймыз. Қазір түп-тереңдету жұмыстарымен 6 жер снаряды айналысуда.Оның 5-і Жаркөсе каналын 2 метрге тереңдетуде.

Түп-тереңдету жұмыстарының барысын көрген арнайы комиссияның төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Рифхат Сұлтанияевтан қандай қорытындыға келгенін сұрағанымызда: – Аудандық мәслихаттың өкімімен арнайы комиссия құрылды. Мұндай комиссия құру жөнінде бұған дейін мәслихаттың сессиясында көтерілген. Мақсаты – халықтың тарапынан айтылып жатқан сын-пікірлерді ескеріп, инфрақұрылым, түп-тереңдету бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, зерттеу. Жаңа қайықпен шығып Құрманғазы ауылынан бастап Хиуаз ауылына дейін барып қайттық. Жолай бірнеше рет тексеру жұмыстарын жүргіздік. Енді соның қорытындысымен аудандық мәслихаттың хатшысына анықтама жазамыз, аудан әкіміне беретін ұсыныстарымызды жоспарлайтын боламыз, - деді.

img_5241

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521