Шекараның арғы беті толған көлік(ВИДЕО)

(0 Votes)

Байда ауылдық округінде орналасқан Котяев шекара бекетінің арғы беті толған ресейлік нөмірлі  жеңіл көліктер. Қиғаш өзені үстіндегі  екі арадағы көпірдің  Ресей жағынан бермен қарай шұбатылып тұр.

Жолаушыларының  дені өзге ұлт өкілдері. Көлігінің артқы жағын ашып қойып, қасындағы серігімен бірге сыра ішіп  тұрған орыс жігіттің аты Владимир екен. Қазақстандағы туыстарына қыдырып келе жатырған көрінеді. Бірақ, көліктің жүк салғышына  қампиған сөмкелер  мен керек-жарақтар нығыздала салғаны  сөзінің жалған екенін дәлелдеп тұрғандай.

Тағы бір көлік жүргізушісі  «Қандай мақсатпен келе жатқанымда шаруаларыңыз қанша? Басқа адамдардан сұраңыз» деп сөйлесуден  мүлдем бас тартты. Үшінші көліктің иесі саяхаттап келе жатқан боп шықты. Қалай десек те, ресейліктердің жүзінен абыржушылық, әлденеге алаңдаушылық байқалды. Алда не күтіп тұр деп ойлайтын шығар. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар», дегендей, жылы орындарынан қозғалатындай бір себеп бары анық. Қазақстанға өткелі тұрғандардың бірлі-жарымы болмаса қалғаны түгел жастар.

Шекарашылар бізбен әңгімесінде кешеден бері бермен қарай өтушілер көбейіп кеткенін жеткізді. Бізді жылы қарсылаған Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті Құрманғазы автокөлік бөлімінің басшысы  Руслан Жарылкасымов біздің сұрақтарымызға: – Қазақстанға өтушілер туыстарына немесе жұмыс іздеп, кейбірі саяхаттап келе жатырғанын айтады. Бұл жерден күніне 500 жүк көлігі, 300 жеңіл автокөлік, 1500-2000 адам әрлі-берлі  шығады. Әрбір адамды тексеруге - 3, автокөлікке -15, жүк көлігіне -20, автобусқа-25 минут жұмсалады. Бірақ, кешеден бері жеңіл автокөліктер саны бірнеше есеге көбейіп отыр. Шектеу қоюға келсек, біз Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара келісімдер мен шекара қызметінің заңдылықтарына сәйкес жұмыс жасап отырмыз. Құжаттары дұрыс болса, базаға салып тексергенде қылмыс жасаған, іздеуде жүрген адам  болмаса өткіземіз, - деп жауап қатты.

Атын атамай-ақ қоюымызды сұраған бір таксист: – Өтіп жатырғандар жастар. Ішінде ата-аналарымен жүргендері де бар. Осы жерде тұрған соң әңгіме соғамыз ғой. Сонда бұлар кешеден бастап Ресейде әскери міндеттілерді  әскерге шақыру басталғанын, оған барса Украинадағы соғысқа жіберетінін, содан бассауғалап қашып жатқандарын айтады. Кім қараптан-қарап жүріп оққа ұшқысы келеді. Ертең соғыс біткен соң Ресейге кері қайтамыз дейді, - деді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521