Шекара бойының өзекті мәселелері талқыланды

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы шекаралық аймаққа жататындықтан соған сай заңдылықтар сақталып отыр ма?

Ресеймен екі арадағы барыс-келісті қайтсек жеңілдете аламыз? Шекарадан әрмен өткен малды қандай жолмен кері қайтарамыз? Оның қоршауының қалған жері қашан бітеді? Балық тиеген кемелер неге тоқтатылады? Аудан әкімі Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі жанындағы Шекаралық мәселелер жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында осы және басқа да біраз мәселелер көтерілді. Кеңес отырысына шекара бойында жатқан округтердің әкімдері, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер, шекара қызметі, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

img_8118

Күн тәртібіне сай аудан аумағында шекара бойынша қалыптасқан жағдай және заңдылықтардың сақталуы жөнінде хабарлама жасаған 2016 әскери бөлімі бастығының орынбасары Ерхат Рафиков негізінен тұрғындар тарапынан өздеріне жолданған сұрақтарға жауап қайтарып: – Аудандық ақпарат құралдарына шекара қызметінің жұмыстары, рұқсат алуға байланысты мақалаларды жарияласақ қанша дегенмен халық оқиды, заң талаптарымен танысады. Қазір олар мемлекеттің шекараға қатысты заңдарын түсінбегендіктен көбіне бізге «Бұрын осы жерден өтіп жүретін едік, енді неге жібермейсіңдер? Бір күнде осындай заңды кім қабылдады? Неге Қиғаштың бойында емін-еркін жүре алмаймыз», деп реніштерін білдіруде. Бұл жерде бүкіл Қазақстан халқының мүддесін қорғап отырғанымызды жергілікті тұрғындар түсінуі керек. Осы жұмысты ақпараттандыруда аудандық газет бізге көмек көрсетсе дейміз. Өз тарапымыздан шекара басшыларын қатыстырып округтерде халықпен жиналыс өткізсек, жасыратыны жоқ, оған көбіне 10-15 мектеп мұғалімдері қатысады. Тікелей балық аулаумен айналысатын және оны ұйымдастыратын адамдар келмейді. Соның салдарынан мемлекеттік шекараның ережесі бұзылып, Ресей Федерациясының шекарашылары біздің азаматтарды ұстап кері қайтарып немесе айыппұл салуда. Алға қарай бірлесіп халықпен тығыз жұмысты ұйымдастырсақ мұндай келеңсіздіктер азайып, тиімді нәтижелер берер еді. Сонымен қатар бүгінгі таңда ауа райы суытқандықтан Көптоғай, Сүйіндік, Жалғызапан, Басқұншақ, Азғыр ауылдарында орналасқан біздің жеңілдетілген өткізу пункттерімізге жергілікті әкімдіктер арқылы жанар-жағармай бөлуді қарастыру дұрыс бағытта шешілсе деген ұсынымыз бар, - деді.

img_8136

Аудан әкімі Қайрат Талапұлының: – Жаңа сіз мұғалімдер деп айтып отырған адамдарыңыз да шекара бойының тұрғындары. Халыққа кеңірек түсінік беруді қаласаңыздар есеп беру жиынына қатысыңыздар. Сол жерде осы мәселе қозғалады. Сіз жаңа көрсетілетін қызметтердің ұзақтығы 3 күнді құрайтынын айттыңыз. Ол құпия нәрсеге жатпаса неге ХҚКО арқылы ұйымдастырмайсыздар? Қазір еліміз электронды қызмет көрсетуге көшіп жатыр. 2016 әскери бөлімі аудан орталығында да бар. Қызмет көрсететін орынды неге содан да ашпайсыздар? Ауыл шаруашылығымен айналысатын, аудан болғандықтан солай істеген жергілікті балықшылар үшін де тиімді емес пе? 6 табиғат пайдаланушыда қаншама халық жұмыс жасайды. Екі ортаға қатынаудың өзі 3500 теңге. Бір күн барғанда оның шаруасы біте ме, бітпей ме? Осыны сіздермен бірлесіп шешу керек деп есептеймін. Екіншіден балық инспекциясы балықшыларды қарайтынын бәрі біледі, халықтың түсінбейтіні шекарашылар Қазақстан жерінде жүрген тұрғындарды неге тексереді?- деген сұрағына, 2016 әскери бөлімі бастығының орынбасары Ерхат Рафиков: – Ондай арнайы қызмет көрсететін орынды шекара бөлімінен ашу үшін жоғары басшылардың рұқсаты қажет. Мұны біз сөйлесіп көреміз. Заң талаптарына сәйкес шекара бойында орналасқан көлдерге, өзендерге шыққанда міндетті түрде шекарашылар берген рұқсат талап етіледі. Елдің ішінде немесе оның орталығында орналасқан су қоймаларында біз ешқандай тексеру жүргізбейміз. Өздеріңіз білесіздер Каспий теңізінің жағасында 5 мемлекеттің шекарасы тоғысады. Жергілікті халықтың күндізгі уақытта, қараңғы түскенше су бойына шығып кешке қайтуына заңмен рұқсат етілген. Біз заңдылықты, елдің қауіпсіздігін сақтау мақсатымен ғана адамдарды тоқтатып, олардан қанша балық әкеле жатырғанын емес, шекара бойында жүруге берілген рұқсатын сұраймыз, - деп жауап қайтарды.

img_8137

«Каспий-Балық» ӨК-нің төрағасы Жұмажан Шакупов: – Біз кооперативтегі 500 адамға рұқсат қағазын аламыз. Сізден сұрайтынымыз соны қаңтар айынан кешіктірмей берсеңіздер екен. Өйткені полицияның бастығына барып қол қойдыртамыз, ҰҚК тексереді. Сосын қайта сіздерге апарамыз, тағы он шақты күн жатады. Одан бермен қарай жібересіздер. Сөйтіп жүргенде ай жарым уақыт өтеді. 2016 әскери бөлімі рұқсат қағазды 5-6 күн жазады. Сонда екі айға созылады. Ал, біз ақпан айының аяғында, мұз түсісімен жұмысқа кірісуіміз керек. Балық аулаумен айналысатын 6 коопертивтің атынан рұқсат қағазын беру жергілікті жерде шешілуін сұраймыз. Оны және таңғы 6-дан кешке 11-ге дейін ұзартқандарыңыз біз үшін тиімді. Екінші мәселе екі кемемен балық әкеле жатқан, 5-6 адамы бар керуенді тоқтатасыздар. Олар бұрылып жағаға жаққанша 2-3 сағат өтеді. Шекарашылар берген рұқсат қағазды тексергендеріңізге қарсылығым жоқ, капитандардың куәліктерін сұрайсыздар. Ол сіздердің құзырларыңызға кірмейді, транспорттық инспекцияның жұмысы. Өткенде кеме жүргізу куәлігінің мерзімі өтіп кеткен деп айыппұл салдыңыздар. Сол кісі ертеңіне жұмысқа шықпаса бүкіл шаруамыз тоқтайды, - деп ондай жағдайда келтірілген шығында талап етуге құқы барын ескертті.

img_8141

Аудан әкімі Қ.Нұртаев: – Қызмет көрсеткенде рұқсат беруге қатысты төрт мемлекеттік органның адамдары түгелдей отырсын. Сөйтіп әрлі-берлі жұмсап, ай жарымға созбай, бір-екі күнде бітіріп беруге болады ғой. Қажет болса стандарт бекіттірейік. Басқа қызметтер бойынша бізде регламенттер бар. Мысалы, сол қызметті бір күнде көрсетпесек біздер жемқорлыққа байланысты жауапқа тартыламыз. Бүгін келсе, ертеңге дейін рұқсатын беріп үлгеруге тиіспіз. Сіздерде де сондай тәртіп болса жұмыс жүйеленеді. Әйтпесе құжатты қаңтарда тапсырып, бірнеше ай жүреді, - деп мұндай өткір мәселені шекара комитетінің жоғары басшыларына шығу арқылы болса да шешу керектігіне тоқталды. Көптоғайдағы шекара қоршауынан мал бір емес екі рет өтіп кетіп, ресейлік әріптестеріне шығып кері қайтартқандарын еске салды.

img_8125

Ақпарат көздерінде материал жариялау турасында жауап қайтарған аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов: – Материалдарыңызды газетке беруде шектеу қойып отырған жоқпыз. Біздегі газет тігінділерін қарауыңызға болады. Оны беруге міндеттіміз себебі ол мемлекеттік тапсырыстың бір бұтағы саналады, - дей келе түсіндіру жұмыстары нәтижесін беру үшін шекарашылар халықпен көзбе-көз жүздесуі де керектігін алға тартты.

Көптоғай ауылдық округінің әкімі Батырбек Балтаев шекарадан әрмен өткен малдарды кері қайтару барысын сөз етіп: – Мал әрмен қарай өткенін хабарлағанда Ресей жағынан ауыл әкімшілігінің басшылары, мал мамандары, шекарашылар бәрі келді. Олардың рұқсатымен малдың жартысын шығардық. Қалған 15 сиыр аралдарға өтіп кеткен екен. 14 желтоқсан күні олар қайықпен келіп, әкетуімізді сұрады. Ал, осыған бізден бірде-бір шекарашы атсалысқан жоқ, - деген ренішін ортаға салды.

img_8124

Қатысушылар тарапынан туындаған басқа да сұрақтарға 2016 әскери бөлімі бастығының орынбасары Ерхат Рафиков, «Құрманғазы» шекара комендатурасының коменданты Юрий Гафаров жауаптар қайтарды.

Қ.Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521