Құрманғазы ауданында ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықты айқын көрсеткен әсерлі оқиға көпшіліктің ықыласына бөленді. Ауданға қарасты Ақкөл ауылында бастауыш сынып оқушылары өз ұстазын шанамен үйіне жеткізіп салды.
Осы сәт бейнежазбаға түсіріліп, әлеуметтік желіде кеңінен тарап, жұртшылық тарапынан жылы пікірлерге ие болды. Желі қолданушылары балалардың шынайы ықыласына тәнті болып, олардың тәрбиесіне жоғары баға берді.
Бұл игі іс Ақкөл жалпы орта мектебінің 3-сынып оқушыларына тиесілі. Ал шәкірттеріне өнегелі тәрбие беріп жүрген бастауыш сынып мұғалімі — Бибінұр Жақсылыққызы. Ұстаз білім беру саласында 12 жылдан бері табанды еңбек етіп келеді.
Аталған оқиға — ауыл мектебінде беріліп жатқан тәрбиенің, ұстаз еңбегінің нәтижесі екенінің айқын дәлелі. Осындай ізгі әрекеттер жас ұрпақтың бойына адамгершілік, құрмет пен мейірім сынды асыл қасиеттердің дарытылып жатқанын көрсетеді.
Әділет ҚАНАТҰЛЫ


