300 шақырым алыста жатқан Азғыр ауылдық округіне де жаңа әкім тағайындалды.
Мұнда осы мақсатпен келген аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов:
– Округтің жаңа басшысы Жасұлан Жаңбырбайұлы Жаманқұлов өздеріңізге жақсы таныс азамат. Осы жерде туып-өскен. Білімі жоғары. 1993 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын да осында, 1993-1994 жылдары Балқұдық асыл тұқымды қой зауытының Қоңыртерек фермасында қатардағы жұмысшы, агроном-есепші болып бастады. 1994-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарында қызмет етті, - деп одан әрі атқарған жұмыстарына тоқталып өтіп – Бұл азамат жергілікті жердің тұрғыны болғандықтан округтің шешімін күткен мәселелерін біледі. Сіздермен қоян-қолтық жұмыс жасап, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартады деген сенім білдіреміз. Азғыр өңірінің мәселелері бізге жақсы таныс. Өз тарапымыздан қолымыздан келген көмекті көрсетеміз, -деді.
Қатысып отырған қоғамдық кеңес мүшелері жаңа әкімге бірауыздан қолдау білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Соңында Азғыр ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жаманқұлов сөйлеп, көрсетілген сенімнен шығатынын жеткізді.
Қ.ҒҰМАРОВ