Қазіргі таңда әлеуметтік желі адамның дамуына, жеке кәсібін бастауына жол ашуда. Әсіресе жастар арасында өз жеке бизнесін қолға алып, идеяларын жүзеге асырып жүргендер жетерлік. Әлеуметтік желі арқылы өз хоббиін кәсіпке айналдырғандардың бірі ол - Аружан Серікқалиқызы. Шағын ғана ауылда тәттілер пісіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған Аружанмен бүгін сұхбаттастым.
- Аружан, өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз? Сіздің кондитерлік әлемге деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
- Менің жасым 18-де. Әбу Сәрсенбаев атындағы орта мектепті алдыңғы жылы тәмамдаған болатынмын. Қазірде Атырау қаласындағы “Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжі” яғни колледжде құқықтану мамандығында оқып жатырмын. Кондитерлікке шыны керек, карантиннің арқасында келдім десем де болады. Еліміздегі өршіген ауруға байланысты барлық оқу орындар уақытша жабылып, барлық кәсіптер тоқтаған кезде, онлайн өмірдің дәуірі басталғаны рас. Көптеген кәсіптердің тоқтап, шығынға ұшырағаны да өтірік емес. Дегенмен кәсіпте қаншама жыл жүрген таныстарымның барлығы өз тауарларын онлайн сатып, табысқа кенеліп жүргенде менде идея туындаған болатын. Яғни, неге осы кезеңді өз кәдеме жаратпасқа, неге мен де бизнесте өзімді сынап көрмеске деп ойландым. Өзімнің еш жалықпай жасайтын нәрсем ол тәттілер пісіру болғандықтан бірден инстаграм желісінен онлайн мастер-класстарды іздеп тауып, қатысып өз қабілетімді одан әрі дамыта түстім. Одан бөлек, Youtube платформасынан үнемі кулинариялық шоуларды үзбей қарайтынмын. Міне, солай менің бұл салаға деген махаббатым одан әрі арта түсті.
- Ең алғаш дайындаған тәттіңіз есіңізде ме?
- Әрине есімде. Ең алғаш мен “сүтті қыз” тортын пісіргенмін. Ол уақытта бұл торт өте хит торттардың бірі болатын. Әжеме бірінші боп дәмін татқызып, ақ батасын алып, кішкентай балаша қуанғаным әлі есімде.
-Қазіргі кезде қанша тәттілердің түрін жасай аласыз?
- 12-ден аса торт түрін пісіре аламын. Бұдан бөлек кез келген тәттіні, ұнап қалған торттарды жасап көруге қорықпаймын. Үнемі жаңа тәтті көріп қалсам, міндетті түрде пісіріп, отбасыма дәмін татқызып көремін.
- Тұтынушылар сізге көбінесе қандай торттарға тапсырыс береді?
- Әркімнің талғамы әртүрлі. Не дегенмен де тұтынушыларым “сникерс”, “сүтті қыз”, “қызыл бархат” секілді танымал торттарға тапсырыс береді. Сонымен қатар, соңғы кезде “бенто торт” көпшіліктің көңілінен шығып, сұранысқа ие болуда. Әсіресе, үлкендерден гөрі жасөспірім ұл-қыздардың туған күн кештерінде осы тортты туған күн иесіне сый етіп тартуы трендке айналды десем артық айтпаспын.
- Сіз жасаған торттардың тұтынушыларға ұнамай қалған кезі болды ма? Мұндай ситуациядан қалай шығасыз?
- Ондай жағдай барлық кондитердің басынан өтеді деп ойлаймын. Менің клиенттерімнің арасында да ұнатпай қалғандарының болғаны рас. Алайда, мен “клиент всегда прав” деген қағиданы ұстанамын. Ол не айтса да өз пікірін айтуға құқылы. Мен клиенттерімнің кері байланысы арқылы ғана өз қателіктерімді жөндеп, кем-кетік тұстарымды өзгерте аламын. Бірақ, мұндай жағдайлар өте сирек болады. Әрқашан да көбісі маған алғысын жаудырып, жүрекжарды тілектерін айтып жатады.
- Осы салада кімді үлгі тұтасыз?Инстаграм желісінде өзіңіз секілді кондитерлерді бақылайсыз ба?
- Менің өзім үнемі таңғалып, үлгі алатын жан ол-Әсел Жұматай. Қазақстандағы ең алғашқы “Balzere school” мектебінің негізін қалаған алғашқы кондитер. Қазақ тілді фуд-блоктар жүргізіп, инстаграмда танымалдылыққа ие болуы менің арманыма қанат бітірді. Үнемі мотивациям жоғалған сәтте Әсел Жұматай ханымның инста желісін шолып шығамын. Одан бөлек, Бадди Валастро, Дафф Голдман секілді есімі аңызға айналған тұлғалардың парақшасын тұрақты оқимын.
- Идеяларды қайдан аласыз?Сізді не шабыттандырады?
- Соңғы кезде өз ойларымды қадағалап байқағаным, идеялар маған смартфонды аз пайдаланған күндері келеді екен. Тіпті қарапайым ыдыс-аяқ жуып, өз киім сөрелерімді жинаған сәтте де үнемі миымда неше түрлі идеялар туындап, көз алдымда елестете бастаймын. Ал, одан бөлек, Pinterestтен торттардың түрлілігін көріп, шабыт аламын.
- Қысқаша кондитердің бір күні қалай өтетінін айтып бересіз бе?
- Әр күнім бір-біріне мүлде ұқсамайды. Таңертең ерте тұрып, сабаққа барамын. Сабақтан келе сала, бірден дүкенге соғып, тортқа қажетті ингридиенттерді аламын. Түскі ас ішіп болған соң, сәл тынығып аламын. Торттарды пісірудің өзі энергияны жеп қояды ғой. Сол үшін ұйықтап, энергияға толы боп жүремін. Тапсырысқа байланысты кемінде күніне төрт немесе бес торт пісіремін. Әрине оның бәрі көп уақыт алады. Дегенмен, мен өз ісімді сүйіп, барынша ләззат алуға тырысамын. Тапсырыстарымды дайындап біткен соң, көңілімді бөліп достарыммен қыдырып, көңіл көтеремін. Одан кейін, үйге келіп, оқу керек сабақтарымды оқып, телефонымды шолып шығамын. Ал кешкі ас қамын көбінесе апам ойластырады.
- Болашаққа құрған қандай жоспарыңыз бар?
- Болашаққа деген мақсаттарым, жоспарларым өте көп. Алайда оны жариялағанды құп көрмеймін. Өйткені, жоспармен бөліссең орындалмайды деген сөзге сенемін. Бірақ, болашақта Қазақстанда бұрын-соңды болмаған мастер-класс, тренинг ұйымдастырғым келеді. Тик-токта ас әзірлеген видеоларды сапалы түрде ұсынып, осы салада ойып тұрып орын алғым келеді. Өзіммен құрдас қыз-келіншектерді осы салаға баулып, олармен бірге үлкен жобалар бастауды жоспарлаймын!
- Аружан, әсерлі әңгімеңізге алғысымыз шексіз! Биіктерге самғай беріңіз!
Сұхбаттасқан – Мадина Жеделбаева.