Аудан бойынша су айдындарында балықтардың қырылу қаупі төнген жағдайда көмек көрсету және жаппай қырылу фактілерінің алдын алу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары жасақталып, арнайы комиссия құрылды.
Балықтардың тұншығуына қауіпті болып есептелінетін 125 су айдындары анықталып, аудандық балық инспекциясымен бірігіп, шабақ құтқару жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде округтерге тапсырмалар беріліп, үнемі бақылауға алынды. Сондай–ақ, 2020 жылдың 1 мамыры күні Қиғаш-Ақкөл көлік жолы арқылы темір жол көпірінің астымен жайылымға су диаметрі 1000 мм болатын 3 шлюз арқылы өтетіні белгілі болды.
Осыған орай, ағымдағы жылдың 1 мамырында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Құрманғазы аумақтық инспекциясы бөлімінің және «Ш.Сүлейменов» ЖШС қызметкерлерінің көмегімен шамамен 130-140 мың дана қаракөз балығы құтқарылып, Қиғаш өзеніне жіберілді.
Ескеретін жайт, қауіпті аймақта жиналған балықтың көп болуы салдарынан оларды түгелімен құтқару қиынға соқты.Алайдаорын алған жағдайды аудан әкімдігі зерделеп, дереу тиісті іс-шаралар бекітіліп, тоқтаусыз жұмыстар жүргізілді.
Аудан әкімінің 04.05.2020 жылғы № 08-01-01/409 және 03.07.2020 жылғы № 08-01-01/561 санды хаттары бойынша әрбір ауылдық округке аумағындағы балықтардың жаппай қырылуына жол бермеу шараларын атқару туралы тапсырмалар берілді және Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Құрманғазы инспекция бөлімінің басшысына арнайы міндеттер жүктеді. Ауданда балықтардың тұншығуына қауіпті болып саналатын 125 су айдындары мен өзек, сайлардағы су деңгейлері назарда ұсталды.
Күні бүгінде табиғат пайдаланушылар 31 су айдынынан 187 шаршы метр жердің шөбін шауып, 1652 куб метр арық қазды, 181 гектар жердің аумағын игерді, осы аумақтан 154776 дана шабақ құтқарылды. Бұл жұмыстарға 171 арнайы құтқару құралдары қолданылып, 60 адам жұмылдырылды.
Еркеназ Қалижан